Руханият • 21 Қазан, 2019

Сәкен және «Еңбекші қазақ»

2286 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Еңбекші қазақ» газеті – Сәкен Сейфул­линнің өмірі мен шығармашы­лы­ғының айтулы бір кезеңі.

Сәкен және «Еңбекші қазақ»

«Еңбекші қазақ» газеті – Сәкен Сейфул­линнің өмірі мен шығармашы­лы­ғының айтулы бір кезеңі. Яғни, Сәкеннің өмірбаянына зер сал­саңыз да, шығармашылығы төңіре­гінде сөз қозғасаңыз да «Еңбекші қазақ» газе­тінсіз аяқ аттап баса алмайсыз. Се­бебі Сәкен – «Еңбекші қазақ» газетінің бел­сенді авторларының бірі болған. Бұл – бір.

Екіншіден, Сәкенді 1922 жылдың шіл­де айынан партия органы «Еңбекші қазақ» газетіне жауапты редактор қыз­метіне тағайындаған .

Үшіншіден, Сәкенге «Еңбекші қазақ» газетіндегі жауапты редакторлығының үстіне осы 1922 жылдың қараша айында Қазақстан үкіметінің яғни, Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметі қоса тапсырылған. Сол кездің тілімен айтсақ, Совнаркомның төрағасы. Ал бүгінгі түсінік-таныммен – Премьер- министр. Сәкен осы екі қызметті де үш жыл – 1925 жылға дейін қатар атқарған. Сәкеннің Совнаркомның төрағасы болып тұрғандағы әрбір ісінен ұлттық мүддені басты мақсат тұтқаны ғылыми тұрғыда зерттеліп, дәлелденіп, баспасөзде жа­рия­ланса да, теле-радиодан талай рет айтылды.

Үкімет креслосында отырған Сәкен, қол қойса да, мөр қойса да қазақ бала­сы­ның болашағына басымдық беріп отырған. Осындай игі бастамаларымен «Еңбекші қазақ» арқылы халықты құлақ­тандыруды, ой салуды саналы түрде алдына мақсат тұтқан.

Сәкен – «Еңбекші қазаққа» жауапты редактор болып келген бойда газет талабының үдесінен шыққан публицист. Ол үкімет басында өзі көтерген, өз қолымен шешкен мәселелерден оқыр­мандарын хабардар етіп, жастардың ілім-білімге көздерін ашып, қоғамға емін-еркін араласуына үгіт-насихат жұмыс­тарын да бірден бастап, үздіксіз жүргізіп отырған.

Сәкен – екі лауазымды қызметті қа­тар атқарған осы үш жылдың ішінде, бір ғана «Еңбекші қазақтың» өзінде үл­кенді-кішілі 200-дей мақала жазып жария­лаған. Тақырыптары әр алуан. Көтерген мәселелерінің әрқайсысы «атан түйеге жүк боларлықтай» ұлттық құн­дылықтар. Сәкеннің қазақтың жоғын іздеген публицистикалық мақаласы да, не істерін білмей дал болған жасқа, тығы­рықтан шығатын жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен мақаласы да, соқыр көретіндей, керең еститіндей төгіп-тө­гіп айтқан саяси-әлеуметтік өткір мақа­лалары да, бетің бар-жүзің бар демей «сөгіп» айтқан азаматтық сөздері де «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде айнадай жарқырап жатыр.

Сәкеннің «Еңбекші қазақ» газетін басқа­рып отырған кездегі өзі жазып,­ жария­лаған мақалалары санымен ғана емес, сапасымен де құнды. Тақырыптық ауқымы да өте кең, Сәкен жазған мақа­лалардың негізгі арқауы – қазақтың мұңы, қазақ­тың жоғын іздеген проблемалық мақалалар.

Олар: Ұлт мәселесі. Жастар мәселесі. Әдебиетке қатысты. Мәдениетке қатыс­ты. Оқу-ағарту мәселесі. Баспасөз. Газет-журнал оқу. Саясат. Қазақ тілі. Еңбекке үндеу. Егін салу. Мал бағу. Өнер­кәсіп. Әуе кемесі. Сәкен жазған мақа­лаларды тақырыптық жағынан жинақтап, топтап қана көрсетіп отырмыз. Ал оны іштей тарамдатып алып кететін болсақ,онда ол бір мақаланың емес, үлкен бір монографияның керегесін керіп-ақ жіберер еді. Сәкен тарапынан көтерілмеген мәселе, жазылмаған тақырып жоқ.

Сәкеннің «қазақ» деп соққан жүрегін, «қазақ» деп төккен терін көргіңіз келсе, 1923 жылдың 15 ақпанында «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақа­ласын оқыңыз.

Автор: «қазақты орыстар киргиз деп келеді, орыс патшасының төрелері, жасауыл­дары қазақты бір түрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде бір түрлі менмендік қияпатпен, қор­лаған мазақпен айтатын... Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты Пал­кан, киргиздан да жамансың» дейтін...Қазақ­ты қорқытқанда көзін алартып, тісін қай­рап; «у,у,у, Киргиз!» деп ызбарланып айтатын» дегенді Сәкеннің қазақтық қаны қайнап, ызаға булығып айтып отырғаны сезіледі.

«Басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Бұл біздің әлсіз­дігімізді көрсетеді», дегендегі Сәкеннің жанайқайын естімеу, сезінбеу мүмкін емес. Сөзі өтетін, даусы жететін­дер­дің ұлттық намысын қайрап, жан-жағы­на қарманып-ақ баққанын көргісі кел­мейтіндер ғана көрмес...

Сәкен өкіметке: «Қазақстанның орта­лық өкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ»деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. «Қазақты» қа­зақ дейік, тарихи қатені түзетейік»-деп, тығырықтан шығатын жолды да, шығаратын жобаның да жөн-жосығын көрсетіп отырғанына қарағанда, Сәкеннің жанын жегідей жеген ұлттық намыс , «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» – деген тәуекелге бел байлатқан сияқты.

Бір таңқаларлық жәй, Сәкен бас басылым «Еңбекші қазақ» газеті арқылы «ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚ ДЕЙІК»-деп, басын тауға да, тасқа да ұрып жатқанда қазақ зиялыларының төрт көзі түгел еді... Әрине Сәкенше неге ойламады екен демегенімізбен, қазақтың оқығандары, ақ жағалылары өз қолдарымен шекесінде «Киргиз» екенін ұмыттырмайтын штампысы баттитып тұрған талай бланкіні толтырып, талай бланкіге қол қойғанын Орынбор, Омбы архивтерінен Тұрсекең-Тұрсынбек Кәкішевтің қасында жүріп талай көргеніміз бар. Ал осы мақаланы жазу барысында, Сәкеннің саяси идеясын қолдамаса да, ұлттық проблема көтеріліп отырғанда, қазақ зиялыларының, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмағандығы өкінішті-ақ. Совнаркомның төрағасы көтерген проблемалық мақала үкіметтік бас басылым «Еңбекші қазақта» жарияланғаннан кейін де не авторды, не «Еңбекші қазақты» қуана қоштаған ешкімнің үн қатпауы, «жалғыздың үні, жаяудың шаңы» болып қалған. Сондықтан да, Сәкен көтерген ұлттық проблема қаншалықты өзекті болса да, нәтижесі қолма-қол орындалмай, 1925 жылдың жазынан бастап қана іске асты. Ұлтымыз «киргиз» деген атаудан заңды құтылып, ҚАЗАҚ болып шыға келдік.

Сондықтан да, бүгінгі күні әрбір қазақ баласы «мен – ҚАЗАҚПЫН» дегенді жасқанбай айта алатын болса, онда, нағыз ұлттық кодымыз – ҚАЗАҚ деген атымызды қайтаруда Сәкен Сейфуллин үлесінің баға жетпес құндылығын әрбір саналы адам жадында сақтау керек.

Сол кезде Сәкеннің газетке жауапты редакторлығы мақаланың жариялануы­на еш қиындық туғызбаған ғой дейік. Ал тақырыбын айқайлатып қойып, ұлт­­тық теңсіздікті нақты мысалдармен атын атап, түрін түстеп ашық жазуын қалай түсінеміз? Егер Сәкен, өз ба­сы­ның ғана қамын ойлайтын адам болса, онда осы мақаланы дәл осы кезде, екінің бірі қолы жете бермейтін Совнаркомдық креслода отырғанда жазар ма еді? Алды-артын есептеп, ақырын сөйлеп «анық» басатындардың осындай батыл қадамдарға баруы мүмкін бе? Не болмаса, Сәкен басы кететін бас мақаланы бұрқ еткізіп жедел жазуының қандай да бір себебі бар ма? Қалай болғанда да осы «киргиз» атауы Сәкеннің жанын көптен бері жегідей жеп жүргені даусыз. Қатарының бәрі «киргиз» атанып жүргенде, Сәкен неге аяқастынан ер-тұрманын бауырына алып тулап шыға келді?

Мұндай қаптаған тығырыққа тірейтін, күрмеуі тоқсан тарау күрделі сұраққа жауап таппай қиналғанда, есімізге ең бірінші аларымыз да, маңдай тіреріміз де, сәкентанудың зерттелуін Абайдан кейін екінші орынға көтеріп кеткен – Түрсынбек Кәкішевтің зерттеулері.

Сәкенді зерттегендер көп. Бірақ, Сәкен­нің өмірі мен шығармашылығының зерттелуінде Тұрсынбек Кәкішевтің сәкен­танудағы үлесі оқ бойы озық тұра­тыны басы ашық шындық. Архив­тердің қазыналы қойнауын қопара қара­ғандықтан Тұрсекең Сәкенді сөз етсе де, алаш арыстарын айтса да ауырдың үсті, жеңілдің астымен емес, аумағымен ақ­тарып айтады да, ап-анық фактіні қолыңыза ұстата қояды.

«Қазақты қазақ дейік, қатені түзе­тейіктің» мазмұнынан толық хабардар Тұрсекең, мақаланың жазылу тарихын да анықтап, тасқа басқандай жазып кеткен.

«Коммунистік пердені жамылған шовинистер шет аймақтарда, әсіресе Қазақстан мен Түркістанда әрбір ой-пікір­ден, аттаған қадамдардан ұлтшылдық ниет тауып, Мәскеуді пантюркизммен, панисламизммен әдейі қорқытып жатты» – деп оқырманға мән-жайды алдын ала түсіндіріп алған Тұрсекең, өзінің әдеттегі машығымен бұлтартпайтын фактісін: «Издавались антимарксисткие, националистические по духу брошюры С.Садвакасова. Глубоко ошибочным были отдельные опубликованные в печати произведения С.Сейфуллина. Ошибки в произведениях Сейфуллина имели серьезный политический характер и могли быть использованы во вред нам нашими врагами» дегендер Сәкеннің 1922 жылғы «Азия (Европаға)», Троцкийге арналған «Қара бүркіт» өлеңдеріне байланысты III партия конференциясында Мәскеу өкілі Е.Ярославскийдің аузымен айтылды. Оны өзіміздің белсенді апамыз А.Оразбаева ашық қолдады. «Киргизские коммунисты категорически протестуют против предъявляемых им обвинений в национализме» деп конфереция үстінде мәлімдеме жасады. Сәкен конференция өтісімен «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік», «кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізейік» деген айбынды да ұлтжанды науқандарға жел беріп, басшы болды»-деген қиюы қырық қатпар тарихты алды­мызға тартады.

Осыдан кейін Сәкеннің қазақ тіліне байланысты жазылған тоғыз мақа­ла­сының да бастауы қайдан, қашан, қалай басталғанынан хабар беріп тұрғандай. .

Сәкеннің қазақ тіліне қатысты «Еңбек­ші қазақта» жариялаған мақала­лары – өміршең. «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» деген мақаласы – Сәкеннің тіл «майданындағы» тоғыз мақаласының алғашқы үні. Мақалада «қазақша хатшылық курстарын ашып, қырға, болыстарға хатшы боларлық кісілер даярлау. ...Кеңсе жүргізу істеріне орысша хат білмейтін болса да, қазақша хат білетін қазақ жігіттерін танысты­ру қажет», дегенде, қазақ жеріне тіл­маш болып келіп, шала сауатын күн­көріс қамымен бала оқытуға пайдаланып жүрген, дүмше молдалардан құт­қарудың амалы болса, қазақ балаларын бір жағынан жаңаша сауаттандыру, екінші жағынан қоғамға араластырудың оңтайлы жолын қарастырып тапқан тәсілі болса керек.

Әсіресе Сәкеннің «Қазақ тілінде сөйлеуді төменнен емес, жоғарыдан, басқарушы органдардан талап ету керек» деген ойы, бүгін де құндылығын жойған жоқ.

«Еңбекші қазақта» 1923 жылы жария­лаған «Қазақ кедейіне фабрик керек» деген мақаласында «Қазақ кедейі қайтсе теңеледі? Кедейдің қайтсе көзі, санасы ашылады?», деген көкейіндегі сұрақ­тарды көпшіліктің ортасына сала отыр­ып, «Біраз жылдан бері қазақ кедейіне «үйтсең теңелесің, бүйтсең теңелесің» деп айқайлап келе жатырмыз. Онымыздан көңілдегідей толық іс шыға қойған жоқ»- деп, үкімет тарапынан кеткен қателікке өзі ғана кінәлідей күй кешуі, жабыққан жарлыны алдарқату емес, жанына жалау болсам-ау деген азаматтың шын ниеті. Сол шын ниеті: «Қазақ кедейінің теңелуіне қатесіз екі жол бар: біреуі оқу, екіншісі – Қазақстанда кедейлердің тап болып ұйымдасуы үшін әм кедейлер азып-тозып құрып кетпес үшін кәсіп дүкенін орнату, кәсіп дүкенін жүргізу»- деген пікірі. Бұл – бүгінгі күннің де әжетіне жарайтын, кедейдің күнкөрісі үшін қажеттілікті ғана емес, ұлттың ұлт болып сақталып қалуына септігі тиетін ұлттық мақсатта айтылған ой.

Бұл мақаланы бастан-аяқ оқыған адам, қазақтың қауымдасып ел болып кетуіне кесірін тигізетін көп кедергінің бірі – бюрократия екенін Сәкеннің: «Сансыз қаулы, сансыз сұлу қарар, сансыз әдемі сөздер керек пе?

Жоқ, көзге көрінерлік бір шын көмек, негізді іс керек пе?-деп оқырманның қаже­тін оқушысына сұраққа-жауап тәсі­лімен жеткізеді. Диалог стилін әбден мең­герген Сәкен, Қазақстанда фабрик ашу керектігін жан-жақты дәлелдеп, аша қал­ған жағдайда қай жер, қай қала тиімді деген ойды оқырманның ортасына тастай отырып, өз түсінігі арқылы нені ескеру керек екенінен оқырманын хабардар етіп қояды.

Сәкеннің ойынша, Қазақстандағы фабрик ашуға бірден-бір қолайлы қала Павлодар. Оны Сәкен «...ең алдымен жүн-жұрқа молдау қалың қазақтың ортасы әм темір жолдары, үлкен өзен паро­ходы, көп тас көмірі бар Павлодар қала­сында болу керек деп ойлайтынын «Еңбекші қазақтың» оқырмандарының ортасына салады. Оны: «Бұл туралы қандай болса да хабарларды, қандай болса да әркім өз ойларын, өз пікірлерін «Еңбекші қазақ» газетіне тез жіберіп отырсын», деп халықтың қажетіне жарайтын жауапты істі тек халықпен ғана ақылдасып шешу керектігін есінен бір шығармайды.

Қазақтың қамын жан-жақты ойластырып жүретін Сәкен: «Аэроплан – кейінгі келешек жас буынымыздың қанаты» екенін халыққа «Еңбекші қазақ» арқылы түсіндіріп «Ұшу бізге қажет», «Аэропланнан құр қалмайық» деген мақалаларын жариялады. Газеттің негізгі міндеттерінің бірі жалпы оқырманды ел жаңалықтарынан хабардар болу үшін ғана берілетін қысқаша хабарламаның орнына түсіндіруге мүмкіндігі бар мақаланы жазуды жөн санаған. Бұл көп жағдайда білімді-білікті қажет ететінін ескерсек, Сәкен бұл жағынан тіпті де қиналмағаны әр мақаласында көрінеді.

Қазақ баласын оқу-білімге үгіттеуден жалықпаған Сәкен, «Әр қазақтың жадында оқу болсын» деген мақаласында, «Қазақ халқына ең әуелі оқу керек, оқу керек,оқу керек!», деп сауаттандыруға жалпы қазақты бір үндесе, екіншіден, «Елдің атқа мінген бастықтары оқу ісіне қарамай кетсе, ел балалары оқусыз жүрсе, атқа мінген ел адамдарының мойнына қазақтың кейінгі келешек жас буынының мың лағнаты артылады. Көңілінде азырақ адамдықтың саңылауы бар әр қазақтың баласы енді бұдан былай жадынан оқу ісін тастамау керек», дегені келешегін ойламай бір күндік дүниенің рахатына мәз болған адамның сөзі ме?

Не болмаса, қазақтың көп жағдайда ойы жеткен жерге қолының жете бер­мейтінін жақсы білетін Сәкен, «Қазақ ел болсын деп шын ойлаған қырдың қазағы оқу ісіне жәрдем, көмек беріп отыруы тиіс. Ісіңмен, күшіңмен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң – кейінгі жас буынның қолы жағаңда»-деп қабырға қайыстырар сөз айтқанда, кімге, нені ескертіп, кімнің мақсатын көздеп отырғанын түсіну қиын емес. Себебі, Сәкен кімге айтса да, не айтса да көкейіндегі ойын кібіртіктемей ашық айтқан. Ашық айту – батылдықтың белгісі. Батылдық – ақиқаттың айнасы. Сондықтан, шыншыл адамға шындықты сыбырлап айтудан өткен сорлылық жоқ. Шындықты – сыбырлап айту, өтірік айтқанмен тең.

Сәкен әдебиет, мәдениет, өнеркәсіп сияқты қазаққа тікелей қатысты жағдай­лардың бәріне назар аударып қана қой­май, «Еңбекші қазақ» газеті арқылы оқыр­манды да хабардар етіп отырды. Ал өте өзекті тақырыптарды тереңдей талдап, оқушының ой-өрісін өсіруге, қатардан қалмай қоғаммен араласуға, әсіресе жастарды баулуға атсалысты.

Сонда, кеңес өкіметін өз қолымен ор­натқан Сәкен, «Еңбекші қазақ» газетінде кеңестік жүйенің абыройын асқақтататын мақалалар жазбаған ба, – деген ой болатын болса, жазды. Әрине, жазады. Оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, Сәкен- Совнаркомның төрағасы.

Екіншіден, «Еңбекші қазақ» газеті – партияның органы. Сәкен осы екі бірдей мемлекеттік қызметтің басшылығында отырғандықтан мемлекеттік және редак­циялық хабарламалар мен ретіне қарай үлкенді-кішілі мақалаларын жариялап отырған.

Сәкен «Еңбекші қазақтағы» редактор­лық пен Совнаркомдық қызметті қатар атқарған кезде шығармашылығын қаңтарып қоймаған. Қызметі өсіп, шығар­машылығы өркендеп тұрған кездің өзінде де «жағасы жайлауда жатқан» Сәкенді көрмейміз. Бүгінгі кейбір кісілердің «елесіндегі» қызыл жалауын жалаулатып сейіл құрып жүрген Сәкенді де іздеп таба алмайсыз.

Қайта ұлттық намысы қанын қай­натқан, қара басының емес, қазақ­тың қамын ойлап жанын қоярға жер тап­пағандықтан: «Газетке мақала жазған­да, коммунист партиясының әм совет үкіметінің істей алмай отырған істерін айтып және істеп отырған істерін де айтып, былай істесе дұрыс болар еді, бүйтсе қолайлы болар еді деген мақалалар жазу керек» – деп, ата-бабасы сөзден сарай салған қазақ баласы – емін-еркін ойлауға қабілетті болуға тиіс деген Сәкен ойын кім жөнсіз дей алады?

Не болмаса, Сәкеннің сөз бостандығы дамыған демократиялық елдердің мәдениетін сыналап болса да қазақ арасына кіргізуге ниеттеніп, оған қазақ­тың өзінің атсалысқаны дұрыс деп тапқанын кім сөкеттей алады?

«Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған Сәкеннің сүбелі мақалаларының бірі – «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды». 1923 жылы 2 ақпанда жарияланды. Мақала тақырыбы айтып тұрғандай Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне ең бірінші болып мақала жариялаған да – Сәкен. Салтанатты жиынды ұйымдастырған да – Сәкен, кіріспе сөзбен ашып, бастан-аяқ жүргізіп отырған да Сәкен.

Сол кезде Сәкеннің Ахаңа деген құр­метін орынсыз деп есептеген Әб­дірахман Әйтиев «Степная правда» газетінде «Фактические поправки» де­ген ескертпе мақаласын жазды. Әб­ді­­рахман Әйтиевтің мақаласына қар­сы Сәкен «Тағы да Ахмет туралы» (Әйтиевке жауап) деген мақаламен жауап берді. Сәкен ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдық тойы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихында қазақ қайраткерлеріне көрсетілген тұңғыш құрмет. Тұңғыш той.

Ал алаш азаматтары 1988-1989 жылдары ақталды. Егемендігімізді алғаннан кейін мемлекеттік деңгейде тойланған тұңғыш той Сәкеннің 100 жылдық мерейтойы. Бұл – 1994 жыл болатын.

Жезқазғанда өткен Сәкеннің тойы Сарыарқаның төсін дүбірлетіп жіберді. Президент Н.Ә.Назарбаев Алматыдағы Республика сарайына халықты жиып, үш арыстың мерейлі тойымен жиналған халықты құттықтап тұрып: «Сәкен Сей­фуллин халық жадында мәңгі сақталар жан, асылдардың асылы, аяулылардың аяулысы деп еске аламыз. Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас қайсар күрескер. Егер ол тірі болса, сөз жоқ өзіне тән өткірлікпен, от пен судан қорықпайтын батырлықпен тек халық мүддесі жағында ғана тұрар еді. Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен қазақ еліне Сәкеннің үздік үлгісі, өрелі өнегесі өте керек», дегенді Президент тарих таразысына салып барып айтқан болатын. Сәкеннің биылғы – 125 жылдық мерейтойы тұсында да осы пікірді қайталауға болады. Бұл – ғасырдан-ғасырға өтетін классикалық пікір.

Бүкіл бір ұлттың мәдениетінің айнасы – «Еңбекші қазақ» газеті өз миссиясын жоғары деңгейде атқарған басылым. Сондықтанда, қазақтың ұлттық баспасөз тарихында «Еңбекші қазақ» газетінің алар орны ерекше. Соның ішінде Сәкеннің Совнаркомның төрағасы бола тұра «Еңбекші қазақ» газетінің отымен кіріп, күлімен шығып күндіз-түні атқарған қызметін қай қазақ қайталай алды?.. Сол кезде Сәкен бар болғаны 28-ақ жаста. Егеменді Қазақ елінің әрбір отбасында қазақ тілін Сәкендей қолдайтын, қазақ ұлтын Сәкендей қорғайтын батыл, шыншыл, намысты ұрпақтың қатары көбейсін!

Күләш АХМЕТ,
филология ғылымдарының докторы