Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Ақтауда Ассамблея Абайға арнап кеш өткізді

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханамен бірлесіп ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай поэзиялық кеш өткізді. Іс-шараға этномәдени бірлестік өкілдері, Мұрын Сеңгірбекұлы атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері, әртүрлі этнос оқушылары және №6656 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Ақтауда Ассамблея Абайға арнап кеш өткізді

Іс-шара барысында кітапханашы Асия Нұтанқызы шараға қатысушыларды Абай шығармаларымен таныстырды. Абай өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытып жүрген  студенттер, жастар ақынның  өлеңдерін, шығармаларын оқыды.

Іс-шара барысында сонымен қатар этнос жастары өкілдері де ұлы ақын өлеңдерін, шығармаларын жатқа оқыды. Абайдың өзі «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп айтып кеткеніндей мұндай іс-шаралар Қазақстан халқын ынтымаққа, достыққа, бірлікке шақырады.

Кеш барысында Ақтау қаласында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген - №6656 әскери бөлімінің сарбазы Төлеутай Ансар ұлы ақынға өзінің жүрекжарды өлеңін оқыды:

 

Қағып тұрып майын ішкен қара сөздің,
Қаһарлы қиындықтың бәрін төздің.
Алаш дедің арғымаққа мінген бойда,
Бойымызға рух сыйлаған баба сөзің.

Дархан далам өзіңді іздеп азынайды,
Ұлтың неге рухсызданып қалжырайды,
Біреулердің жетегінде кетпеу үшін,
Намыстың арқасында тапжылмайды.

Білімді іздейтіндер сирек боп тұр,
Істегені рақымсыз бүлік боп тұр.
Артыңда қалған мына ұрпағыңа,
Абай ата ақылың керек боп тұр.

Қара сөзің тұнып тұрған тәрбиеге,
Үнің сынсып тұрғандай жан дүниемде.
Ақын баба сен салған дара жолың,
Өшкен жоқ, шарықтап тұр әлі күнге.

Алаш сені дана деген, дара деген,
Өлеңдерің оқығанға сана берген.
Абай ата, өзіңізге мың рахмет,
Халқыңа иман нұрын ала келген.

Айымызда туып келеді жаңа-жаңа,
Күн кешкен жоқ шөл басқан сахарада
Халқыңа намыс берген, рух сыйлаған,
Қазақты әйгілі еткен АБАЙ дара.

Ұлы Абайға арналған поэзиялық кеш соңында ақынның өлеңін, шығармаларын оқыған жастар Алғыс хаттармен марапатталып, ең жақсы оқығандарға өңірлік Ассамблеяның атынан сыйлықтар табысталды.