Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Маңғыстау соттары 9 айда атқарған жұмысын қорытындылады

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық сотында өткен кеңейтілген кеңес жұмысында 2019 жылғы 9 айда атқарылған соттардың жұмысы талқыланды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау соттары 9 айда атқарған жұмысын қорытындылады

Кеңес жұмысына Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев бастаған судьялар корпусы қатысты.

Іс-шара барысында өңірдегі сот төрелігін сапалы атқару, заңдылықты сақтау, соттардың жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары баяндама жасады.

Кеңесте сөз алған Ержан Даулиев ағымдағы жылдың қырқүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдағананын атап өтті.

-Президенттің алғашқы Жолдауынан сот жүйесі де тысқары қалмай, екінші тарауы азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды. Бұл тарауда еліміздегі құқық жүйесінде қордаланған өзекті мәселелерге мән берілген. Алдымен сот шешімдерінің сапасын арттыру, судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығаруына ден қойылған, деді облыстық соттың төрағасы.

Одан әрі Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрғасы Ержан Қарабаев есепті мерзімде қаралған қылмыстық істердің статистикасы туралы баяндап, өңірде алаяқтық, есірткі, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу, қарақшылық, билік өкiлiн қорлау, ұрлық секілді санаттағы  қылмыстық істердің көбейгенін айтты.

2019 жылдың 9 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 1657 тұлғаға қатысты 1455 қылмыстық іс аяқталып, 15 тұлға бойынша ақтау үкімі шығарылған  (2018 жылдың 9 айында – 17 тұлға ақталса, оның ішінде 5 тұлға жеке айыптау істері бойынша ақталған). 15 тұлғаға қатысты ақтау үкімдері Ақтау қалалық сотында -6, Жаңаөзен қалалық сотында –7, Мұнайлы аудандық сотында – 2 шығарылған.

 Облыс соттарында медиаторлармен 192 (аяқталған істердің 11,5%) қылмыстық іс қаралып, сотталушылар жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылған (2018ж. 9 айында – 159 іс, 10,5%) яғни 36 іске көбейген.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты 2019 жылдың 9 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 35 тұлғаға қатысты іс аяқталған (2018 жылы-19/33, 1-тұлғаға көбейген). Аудандық соттар бойынша 568 электрондық қылмыстық істер қаралған, жалпы аяқталған істердің 34,2 пайызын құрайды.

Ал, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев есепті мерзімде азаматтық істердің азайғанын, татуластыру рәсімдері бойынша қысқартылған істердің көбейгеніне тоқталды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы кезеңде барлығы 17328 іс қаралып аяқталған, былтыр аяқталған істердің саны 25 317 болатын, яғни барлық аяқталған істердің саны 7 989 данаға азайған.

1 693 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы қысқартылған. Олардың ішінде 264 іс бітімгершілікке келу арқылы аяқталған. Былтыр 943 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған, яғни бұл көрсеткіш 750 данаға өскен. Олардың ішінде 1423 іс медиацияның тәртібімен аяқталған. Партисипативтік келісімге келу арқылы 6 іс қаралған, былтыр 3 азаматтық іс партисипативтік тәртіпте қаралған болатын.

2019 жылдың 9 айында Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік және облыстың аудандық соттарында барлығы 10 589 әкімшілік іс қаралған. Былтыр соттарда 13 401 іс қаралған болатын, яғни қаралған істердің саны 2812 данаға азайған.

Құқық бұзушы ретінде жауапкершілікке 200 заңды тұлға тартылған, қалғандары жеке тұлғалар.          

Кеңес соңында сот төрағаларына нұсқаулықтар мен ескертулер беріліп, қатаң талаптар қойылды.