... Қарағай, шырша, самырсын, ақ қайың мен көк терек... Алдыңнан шығар көк тіреп. Табиғаттың төрт маусымында түгесілмейтін тылсымы мен қызығы, қандай ғажап орманның. Шетсіз де шексіз сағымды сары белдер мен құм көшкен адырлар өтіндегі қазақ қалқанындай ғой бұл – жайқала жазылған керім де көркем жасыл аймақ. Көктем мен жазда, күз бен қыста сыры мен сынын түсірмеген қасиетті қара мекен тәріздес.
Орманға барсаң ой тербейді, жұпар ауасы бой кернейді. Алаштың арыстары орманға неге ғашық болды екен? Сұңғыла суреткер Ғ.Мүсіреповтің Бурабай орман шаруашылығы техникумында сабақ бергені қалай? Қазақ ормантану ғылымы мен ісінің ізашарлары Ш.Уәлиханов пен Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов секілді ұлы тұлғалардың тағдырындағы өркешті белестердің нақ осы орманмен берекеленуін қалай түсінуге болады? Гәп неде? Әрине, қисынсыз, себеп-салдарсыз дәнеңе болмайды. Ал, академик Сәбит Байзақовтың ғылымдағы тұғырын дәл осы орман ортасынан ойып тұрып бағындыруының сырына үңіліп көрсек, әлгіндей көп сұрақтың жауабы жүлгелене түспекші...
Күн мейірімі орманды қысқы ұйқыдан түртіп оята бастапты. Бусана балбырап жатыр. Хош иісі мұрын жарады. Түрлі сайрауық құстардың көмей безеген саф үндері сезім қылын үзіп жіберердей. Өмірдің қызығын еселейді. Сәбиттің де көңіл күйі табиғат пернелерін дөп басып, іштей бебеулейді. Көктемде керілген ормандай оның да балалық бал дәурені көз алдына көсіле түседі... Бейнебір көктемнен нәрленген уыз шағы, уайымсыз күндері екен-ау!
... Сарықопа бойында туды. Алаш арыстары: тұңғыш романшы, ақын Міржақып Дулатов, заңгер Сейдәзім Қадырбаев, педагог Әлмағамбет Қасымов, мемлекет қайраткерлері Мұқатай Жұрмұхамедов пен Асқар Закарин тектес тектілердің кіндік қаны тамған осы құт мекенде дүниеге келгеніне Сәбит марқайып, масаттанады. Қоңыраулыға суға жүзсе, сол алыптармен жарыса құлаштағандай, әсерге бөленетін. Қызбел таудың қыратына құмарта көз қадағанда “Қызбел суреттері” балладасын арындап, ағындап жазып отырған Ғафу Қайырбеков елестейтін. Одан әрі Қыземшекке назар салғанда, Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббатындағы” Бүркіт пен Бәтес сүйіспеншілік бұлағына бас қойғызатын. Екеуі де өмірде болған – Сұлтанбек пен Бәтима атты өз аға-апасы еді... Құттыбай бұлағы жағасында Сырбай Мәуленовті күллі Торғай қол бұлғап Қостанайға, одан әрі Алматы жаққа қимастықпен шығарып салғанының куәсі болып еді. Сонда бала Сәбиттің кішкене жүрегі шым ете қалған...
Кімдер ерсілі-қарсылы өтпеген бұл Қызбелдің үстінен. Кімдер елдік қамын ту етіп желбіретпеген. Өтей бабасы жоңғар шапқыншылығында кескілесіп күресіп, ұрпақ қамы үшін ерлікпен мерт болды. Хайдар мен Қоңқас, Жүніс пен Әмірхан, Батырхан мен Сабыр т.б. ата-ағалары есіне түскенде жетпістегі Сәбиттің жанары мөлт-мөлт етеді. Сәби күнгі арман-мұратына дем берген, солқылдаған сәмбі талдай дара туысқандары екен ғой олар. Әрқайсысы өшпес өнеге, телегей теңіз тәлім-тәрбие тұмасындай қадірлі еді, бүгінде түсіне кіріп желеп-жебегендей жарылқап жүреді. Мұхиттай мұңлы, көлдей кең, елдей еміренгіш, даладай дархан сол бейнелерді сәт сайын сағынатынын қайтерсіз... Солар арқылы бүгінге келіпті-міс...
Сәбит Байзақұлы Байзақов 1940 жылдың 21 наурызында Қостанай облысы Жанкелдин ауданының 9- ауылында дүние есігін ашты. Ақсуат жеті жылдық және Қаратүбек орта мектептерінде білім алды. 1964 жылы Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтын тәмамдап, орман шаруашылығы мамандығын игеріп шықты. Сәбиттің әлі есінде, ұстаздары өзіне жаппай құда түскен сәт. Қалтасында қызыл диплом бар. Гүл біткенге таңдап, талғап қонған бал арасынша әр арманның жалынан ұстап, байыз таппаған кезі. Мида – білім, ойда – қызмет, тұрағы тиянақтала қоймаған алмағайып өлара шақ. Әркім әрқалай өз иіріміне тартқысы келеді. Жас маманның өрелі өрісі қызықтыратындай. Ол әйтеуір, көп толғаныстан соң бір тоқтамға келіп, өзі бітіріп шыққан институттың орман таксациясы (өлшемдері) және орманшылық қалыптастыру кафедрасында ассистенттік қызметке қалды. Сөйтіп кешегі сарыуыз шәкірт келешегінен көп үміттендірген ұстаздық ұлағатты ісіне кірісті, ғылым айдынына айбарланып құлаш ұрды. Оның келісті келбетінен, байыпты жүріс-тұрысынан, адамгершілік болмыс-бітімінен, ойлы жанарынан, парасатты ақыл-ойынан ертеңгі ерен ғалымның бейнесі көлбең етіп көрінетіндей еді.
Ол жоғары оқу орнында алғашқы күннен-ақ алшысынан тұрған асықша сәтті жолға үйіріліп түсті. Білім мен тәжірибе біте қайнасқанда ғана ұпайын түгендейтінін ұқты. Оқу әдістемелерін шыңдап, аудиторияда сөйлеу мәнерін игеріп, тәрбиелік жұмыстардың тәліміне терең бойлап, студенттердің сеніміне, ықыласына бөленді. Сабақ мазмұнын күн сайын толықтыра түсіп, тыңдаушыларына там-тұмдап болса да жаңа материалдар мен ақпараттар беруге машықтанды. Лекциясы тереңдеген сайын өзінің беделі мен абыройы ілгерілегенін сезіп, ширатыла түсетін.
Ұстаз шеберлігінің бір ұшы жүйелі ғылыми жұмыста жатқандығына ерте көз жеткізген ол оқыта жүріп үйренді, үйрете жүріп оқыды. Бұл қасиет оның кәсіби қағидасының өзегіне айналды. Сөйткен Сәбит өзінің ғылыми жетекшісі әрі кафедра меңгерушісі, көрнекті орманшы ғалым Т.Х. Тоқмұрзинмен бірлесе отырып, Кеңес одағы бойынша алғашқылардың бірі болып, орманның жер бетінде өсіп-өнетін биологиялық массасының көбеюі мен қалыптасу заңдылықтарын зерттеп, оның мөлшерін анықтайтын тиімді әдістер ойлап тапты және осыған қажет нормативтік-анықтамалық кестелер жасап, тың жаңалық ашты.
Көзмайын тауысып, күнді түнге қосқан толассыз ізденістің нәтижесінде бастапқы бағыты бойынша жинаған материалдары негізінде ол 1969 жылы “Қазақстанның қарағайлы ормандарында ағаштың қылқан жапырақты тармақтарының өнуі мен қорлануының кейбір заңдылықтары және оларды өнеркәсіптік пайдаланудың мүмкіндіктері” деген тақырыпта диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты дәрежесіне, ал үш жылдан соң доцент атағына ие болды. Сәкеңнің бұл еңбегін оның бірінші сарапшысы, Қырғыз КСР Ғылым академиясының Орман және жаңғақ өсіру ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор П.А. Ган: “Жинаған материалдарының мөлшері, оларды талдауының тереңдігі, диссертацияның мазмұны мен мәні, пайдаланған әдістемелері жағынан кандидаттық жұмыстарға қойылатын талаптардан анағұрлым артық”,– деп әділ бағалаған болатын. Бұл баға жас ғалымның білім әлеуетін дөп басып тануымен құнды еді.
Көктеммен сыланған орман ішіне дендеп енген сайын Сәбиттің мың бұлбұлдың үнімен әрленгендей көк-жасылды, сан құбылған ерекше түсті өткен өмірі, алғашқы отбасылық бақыт ұшқындары, Айбек, Сәкендей қос сәби сүйген базарлы шақтары есіне түсіп, орнығып, ойын меңдеп, қуанышы мен қайғысы алмаса көлбеңдегенде, сезімтал жүрегін сап-сап басып дегендей, өзін сарыуайымнан арашалап, сабырлылыққа шақыра түскендей еді. Беу, көктемдей құлпырған Сәбиттің сол қайталанбас жастық шағына кенеттен от түсіп күйдіріп, Балқия жеңгеміз бала үстінде демін үзіп алған еді. Сәби күтіп жүрген Сәбитті қайғы бұлты тұмшалап, тұншықтырды. Көңіл сызаты жазылмайтындай көрінген. Уақыт емші екен. Анасы Жібектен бастап аға-жеңгесі Сайлау мен Мақыш, қарындасы Рақыш тұла бойы сезімнен жаратылғандай елгезек те үргедек Сәбиттің демалысымен дем алды, жүріс әуенімен жүрді. Жандарын қайғы қайрағына бірге салысты... Сөйтіп Сәбиттің еңсесін тіктесті, өмірге ұмтылысын оятты, жігерлі қалпына түсірді. Миынан қайғыны сылып, ғылым қиясына болат кездіктей етіп қайрап салды...
* * *
Орман іші масатыдай құлпырған. Аспан астында жасыл желекті торғын шымылдық құрылған. Дүние жұмағы осы болар. Жапырақ біткен алақанын жайып, жаныңа үңіледі. Ғалым Сәбит те бұл кезде жаздай жайлы мінезімен жеке өмірін әрлеп, ғылымның қия жартасына өршелене өрмелеп, тұлғалық танымын азаматтығымен әспеттеген сыйлы да кәделі жанға айналып үлгерген-тін. Дәл қазір орман кезген ол үйіндегі зайыбы Светасы мен қос құлыншағы Әлия мен Ғалиясын жүрегімен әлдилеп қойды...
Жаның қалай жайланса, ойың да солай оркиіктей орғымақ. Сәбит қиялы өткеніне шарпылған... Асылында, бұрынғы ғылыми жұмыстарын індете қаузаудың барысында жинаған білімі мен тәжірибесі оған бұрынғыдан да күрделі және көптен шешімі табылмай келген – орман қорының кадастрлық-экономикалық бағасын анықтау проблемасының нақты шешімдерін жасауға көмектесті. Ол орман мен орманды жерлердің сандық, сапалық және ақшаға шаққандағы құндылығын табудың методологиялық жағынан біртектілігін дәлелдеді, оларды анықтаудың қағидаттарын белгілеп, методикалық жолдарын ұсынып, іске асырды. Соның нәтижесінде орман шаруашылығына, әсіресе оның нарық жағдайына өткен кезінде өте қажет орман қорларының кадастрлық-экономикалық құндылығын есептеуге арналған нормативтік-анықтамалық материалдар жүйесін құрды, оларды орман шаруашылығы жұмыстарының ұзақ жылдар бойғы қызметіне баға беру мақсатында пайдалануға болатынын дәлелдеп, осы саланың тиімділігінің жалпы мөлшерін анықтайтын әдістер жасап шықты.
Осы күрделі мәселені зерттеу үстінде ол орман таксаларының (бағаларының) мәні мен мағынасына терең де жан-жақты талдау жасап, оларды құру барысында жіберіліп жүрген негізгі кемшіліктерді анықтады. Өсіп тұрған ағашты сатуға қажетті баға жүйесін жасаудың орманды жерлердің өнімділігі мен орманның түсімділігіне, олардың басты таксациялық көрсеткіштеріне негізделген жаңа әдісін ұсынды.
Мұндай жаңалықтың тәжірибеде шапшаң орнығып кетуінің өзі ғалымның аса үздік табысы ретінде байсалды орталарда баса айтылып жүрді. Осы тектес қол жеткізген ғылыми нәтижелерін ол “Орман қорын кадастрлық-экономикалық бағалауды жетілдіру жолдары және оны орманды қайта жаңғырту процесін басқару ісінде қолдану” деген тақырыпқа жазылған диссертациясында жинақтап, оны 1987 жылы Ленинградтың С.М. Киров атындағы орман-техникалық академиясының ғылыми кеңесінде сәтті қорғап, экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
Бұл жұмысты қорғау Сәкеңе оңай тиген жоқ. Өйткені ол кез орталықтың 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын әдейі асқындырып, оны “қазақ ұлтшылдығының” нәтижесі деп танып, шиеленісті қолдан ушықтырып жіберген усойқы сәті еді. Міне, әлі елу жасқа толмаған талантты қазақ ғалымының абыройы аспандағалы тұрғанын, кейбір пасық ойлылар онша жарата қоймаған сыңайлы. Бұрын ойларын ашық айтпай жүргендер, енді осынау алмағайып сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Әсіресе сол уақыт талабы бойынша міндетті түрде ғылыми кеңестің мүшелері болуға тиісті партия және кәсіподақ өкілдері сағын сындырмақ боп өре түрегелді. Солардың бірі: “Мен осы диссертацияның 245 бетінен керемет поэма оқығандай әсерге бөленіп, қатты ұнаттым... қалған бөлігі көңілімнен шықпады. Сондықтан оған қарсы пікірдемін”,– деп өз ойын өзі әшкерелегенін сезбей, рабайсыз дөң-айбат жасады.
Зал ішін үнсіздік биледі. Кейбірінің өңмеңнен өткен көзінен “әп, бәлем, сүріндірдік пе?” деген пасық пиғыл сезіледі. Сәбит демін ішіне тартып, өңі қуарып, боп-боз боп кеткен жүзін қайда бұрарын білмей, діріл билеген бойын әрең-мәрең тежеп тұрған. Өзі ақталатын жер емес. Әйтпесе, мынаның еш қисынсыз пікірін шорт кесіп тастауға болар еді. Бір кезде көзінің қырымен байқап қалды, орман экономикасы ғылымының ірі теоретигі әрі корифейі, профессор Тимофей Сергеевич Лобовиков орнынан көтеріліп жатыр екен.
– Сіз, Байзақовтың бұл жұмысына қанша мін таққыңыз келсе де қалай мақтап жібергеніңізді сезбей тұрсыз-ау, – деп кекесін аралас күліп қойды да сөзін бекем жалғастырды ол. – Егер монографияның 245 бетін таңдай қаға оқығаныңыз рас болса, сіз тұшынбайтындай оның қай жері қалыпты, ә? – Зал іші көңілденіп, қозғалақтай бастады. – Соңғы елу шақты беті сол өзіңізді тамсандырған алдыңғы беттердегі теориялық тұжырымдар мен әдістемелік шешімдерді дәлелдеуге қатысты жасалған эксперименталдық есептеу материалдары ғана емес пе? Байзақовтың диссертациясын мен де оқып шықтым, соншалықты әсерленгенімді жасырмаймын. Міне, қазір оң пікірлерді тыңдап, тағы да оның терең пайымын зерделеп отыр едім, сіз келіп... орынсыз жерден пышақ ұрдыңыз. – Залдың әр жер-бұл жерінен қоштау сөздері естіліп қалды. Айтулы ғалымның мысы басып бара жатқандай еді. Көпшілік соған дән разы секілді.– Бұл жұмыстың сынайтын жері жоқтың қасы деп есептеймін. Мейлінше анық, пайдалы еңбек. Ізденушінің сұрақтарға берген жауаптары мен салмақты сөздерінен, ұстамды қалпы мен сабырлы мінезінен оны біздің арамызға қосылған ірі ғалым ғана емес, үлкен интеллект иесі екендігін танып, білуге болады. Сіз ғана соны сезбей тұрған. Өкінішті, өкінішті-ақ. Көзіңізді ашып қараңызшы, сонау қазақ сахарасының түкпірінде туып, терең экономикалық ой- пайымымен жалы күдірейген осынша ғалымдардың қолдауына ие болған осы азаматтың жұмысына да, өзіне де ілтипатпен қарағанымыз абзал. Диссертанттың өте күрделі мәселені біз секілді қайнаған ғылым ортасында емес, шалғайда жүріп таңдап алып, одан үлкен нәтижеге жеткеніне бәріміз қуануымыз керек. Тікесін айтайын, бұл жұмысқа қиянат жасау әбестік. Ғылыми жаңалықтың сапасы өте жоғары екенін, сондай-ақ алдымызда тұрған авторының да мүмкіндіктерінің молдығын мойындағанымыз жөн. Кішіпейіл ғалымның көкжиегі әлі талай қызықтырарына сенемін!– деп Лобовиков сөзін тәмамдағанда, зал іші жадырап кеткендей болды.
Профессор Т.С. Лобовиков негізсіз сөйлемейтін, ауызы дуалы кісі екен. Сәбит Байзақұлы шындығында үлкен сыннан мүдірмей өтіп, тынымсыз он сегіз жыл сарыла жүргізген ғылыми жұмысы бекітіле сала кәсіби өрлеу жолына түсті. 1988 жылы профессор атағын алып, іле өзі оқып бітірген орман шаруашылығы факультетіне декан болып сайланды. Ол бұл жұмысында да табандылық көрсетіп, Қазақ ауылшаруашылық институтының бас ғимаратының өзі басқаратын факультет орналасқан қанатын ҚР Орман шаруашылығы мемлекеттік комитетінің есебінен күрделі жөндеуден өткізді, орманшы ғалымдар мен жоғарғы оқу орындарының республикалық байланыстарын күшейтті, Алматыда олардың бүкілодақтық оқу- әдістемелік басқосуын (1990 ж.) өткізді. Осындай қажырлы еңбегі мен ғылыми ізденістерінің арқасында өзен жиегінде өсетін ұсақ талдардан өзге ірі бұтасы жоққа тән далалы аймақта туып өскен ол республиканың ғана емес, бүкіл Орталық Азия орманшыларының, жоғары орман білімі мен ғылымының көрнекті өкілдерінің біріне айналды.
Ол орман экономикасы бойынша осы өңірдегі алғашқы және әлі күнге дейінгі жалғыз ғылым докторы. Оның ғылыми еңбектері орман қорларын анықтау мен тануды, орман мөлшерлеуді әрі орманшылық қалыптастыруды және орман экономикасы ғылымдарын едәуір байытқан, бұрынғы одақ көлеміне белгілі П.В. Васильев, Т.С. Лобовиков, Л.И. Ильев және Ю.Ю. Туныця секілді орман экономикасы ғылымдарының ірі өкілдерінің негізгі идеялары мен болжамдарын дамытқан әрі олардың шешімдерін табуға қосылған үлкен үлес болды. Сөйтіп Сәбит Байзақұлының табысты ғылыми-педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметі еліміздің ғылыми жұртшылығы мен мекемелері жетекшілерінің назарына ілікті. Соның айғағындай ол, 1991 жылы Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының (ҚазАШҒА) мүше-корреспонденті және оның президиумының Бас ғалым хатшысы болып сайланып, үш жыл бойы қызмет істеді.
Жоғары жақтың таңдауы бекерден-бекер түспейтіні белгілі. Өз ісінің асқан білгіріне 1994-1996 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының шақыруы бойынша Бас ғалым – хатшының міндетін атқару жүктелді. Әрі сол кездерде Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының академигі (1994 ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті (1995 ж.) және академигі (1996 ж.) болып сайланды. 1996-2002 жылдары ол Қазақ ұлттық (2001 жылға дейін– мемлекеттік) аграрлық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болды. Одан соң (2003 ж.) Ұлттық ғылым академиясына қайта шақырылып, онда аграрлық бөлімнің академик-хатшысы қызметін академияның республикалық қоғамдық ұйымға айналдырылған кезіне (2003 жылғы қазан айы) дейін атқарды.
Оның аталған мекемелердегі қызметі олардың үлкен өзгерістерге түсіп, қайта құрылып жатқан кезіне сәйкес келді. Мысалы, ол кезде ҚазАШҒА ВАСХНИЛ- дың шығыс бөлімінің негізінде жаңа ғана ұйымдастырылған (1991 ж.) еді. Ал Сәкең қызметке шақырылғанда Қазақстан Республикасының ғылым академиясы ұлттық мәртебе (1994 ж.) алып жатқан. Сол секілді Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті (1996 ж.) де ол барардың алдында ғана екі жоғары оқу орнының (Қазақ ауылшаруашылық институты мен Алматы малдәрігерлік институты) негізінде жаңадан құрылып, бес жылдан соң, 2001 жылы ұлттық мәртебеге ие болған еді.
Міне, осындай күрделі жағдайда С. Байзақұлы екі академия мен аграрлық университеттің жұмыстарын екі рет жаңа деңгейде қайта қалыптастыруды олардың жетекшілерімен тізе қоса отырып, нәтижелі ұйымдастыруға атсалысты. Ол аталған мекемелердің жарғылары мен басқа салалық нормативтік құжаттарын дайындауға, ғылыми-зерттеу ұйымдарының құрамын қайта қарап жетілдіруге, республиканың аграрлық ғылымдары мен агроөнеркәсіп кешенін, іргелі ғылымдарын өтпелі кезеңге сәйкес дамытудың басым бағыттарын анықтауға белсене араласты. Мәселен, Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының ғылыми жұмыстарын “Дәрілік өсімдіктер” және “Агроэкология” деген екі жаңа бағдарламамен толықтырып, іске асырушылардың бірі болды. Қазақстан Республикасының “Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы” заңын, Орман кодексінің 1993 жылғы және 2004 жылғы нұсқаларын дайындауға белсене қатысты.
* * *
... С. Байзақұлы соңғы ширек ғасыр ішінде Қазақстанның екі бірдей ғылым академиясының мүшелігіне сайланып, олардың Бас ғалым-хатшысы қызметін атқарған еліміздегі қайталанбас дара тұлға. Оның кәсіби жетіліп, ізденгіштік, ілкімді қабілетінің молаюына тек ғылыми жетекшісі ғана емес, өміріне таңшолпандай жол сілтеген ҚР ҰҒА академигі Т.Х. Тоқмұрзиннің, бұрынғы Кеңес одағының көрнекті ғалым-экономистері, профессорлар Т.С.Лобовиков пен А.П.Петровтың, Н.И.Кожухов пен А.Г.Мошкалевтің, Ю.Ю.Туныцян мен К.Г.Гофманның, М.Я.Лемешев пен И.В.Туркевичтің есепсіз жәрдемі тиді. Ал ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің шыңдалып, өрісін кеңейтуге Қазақстан Республикасының екі бірдей ғылым академиясының президенттері болған академиктер Ғ.А.Қалиев пен К.Ә.Сағадиевтің тікелей ықпал еткенін мақтаныш тұтады. Олар кезінде ерекше сенім білдіріп, бірге қызмет істеуге шақырды, Бас ғалым-хатшының жауапты міндеттерін жүктеп, қолдау көрсетуімен тұлғалық томағасын сыпырды. Талай рет Үкімет пен Жоғарғы кеңес комиссияларының ғылым мен білімге арналған отырыстарында, ТМД елдерінің Ғылым академияларының халықаралық ассоциациясының (ҒАХА) Киевтегі, Минскідегі, басқа да қалалардағы мәжілістеріне жіберіп, жарыссөздерде ысылдырды. Соның арқасында С.Байзақұлы ҒАХА мен Украина Ұлттық ғылым академиясының президенті Б.Е. Патонмен, сол кездегі Беларусь Ғылым академиясының президенті Л.М.Сущенямен, Грузия Ғылым академиясының президенті А.Н.Тавхелидземен, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Т.Қ.Қойшиевпен, Ресей Ғылым академиясы вице-президенті Н.И.Лаверовпен танысып, ортақ мүдде жолында ой жарыстырып, пікірлесу мүмкіндігіне ие болған еді.
Әрине, Сәкең әсіресе Ұлттық ғылым академиясының академиктері С.К. Кеңесбаев пен С.З. Зимановтың, Г.Н.Щерба мен А.А. Абдуллиннің, М.Қ. Қозыбаев пен Ө.М. Сұлтанғазиннің, К.Ә. Сағадиевтің Үкімет отырыстарында, Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналыстары мен президиум мәжілістерінде академия тағдыры мен ғылым келешегіне байланысты тартыстарда айтқан терең ойлары мен ғибратты сөздерін үлкен тебіреніспен еске алады.
Жақсының аты жаңғырып, ғалымның хаты тәлім болуының мысалындай етіп ол 150 ғылыми еңбек, 3 монография, 2 оқулық және 2 оқу құралын жазды. Оның “Орман қорын экономикалық бағалау” (1981 ж.), “Қазақстанның ормандары мен орман шаруашылығы: жағдайы, дамуы, бағалау әдістері” (1996 ж.), “Қазақстан ормандары мен орман шаруашылығын тұрақты басқарудың келелі мәселелері” (2007 ж.) деген кітаптары республикада орман шаруашылығы саласының ғылыми-практикалық негіздерін күшейте түсуге қосылған ойлы да қоңды зерттеулер. Сондай-ақ, оның басқа ғалымдармен бірлесе отырып шығарған “Қазақстанда екпе орман өсіру” (2007 ж.) деген екі томдығы республика бойынша жоғары оқу орындарына арналған алғашқы құнды оқулық болып есептеледі.
Сәкең кейінгі еңбектерінде Қазақстан Республикасына дәйекті мемлекеттік орман саясаты қажеттілігі мен оны іске асырудың жолдарын дәлелдеп берді, орман шаруашылығы мен орманшылықты қалыптастырудың негізгі қағидаттары мен тәжірибесін, олардың мәні мен түрін еліміздің тәуелсіздігінен туындайтын жаңа талаптарға сай өзгерту мәселесін алға қойып, бағыттарын белгіледі, жалпы орман шаруашылығы мен оны пайдаланушы кәсіпорындарды нарық жағдайына икемдеудің ыңғайлы әдістерін көрсетті.
Моншақтай ойлары үзік-үзік боп үздіктіре түседі. “Ғалым болу бір басқа, адам болу бір басқа”,– деген қағиданы жадында жаңғыртып отыратын Сәбит, ғылым-білімімен адамзаттың игілігіне қызмет етіп, ғалымдығын көркем мінез һәм ізгілігімен үйлестіре алған жағдайда жалаң ақиқаттың ауыр жүгін арқалаудан құтылып, ұлық адам дәрежесіне жететінін пайымдайды. Өзінің ғана емес өзгенің де ғалымдық құндылықтарын елеп-екшей білудің тұжырымы осыған саяды. Темір тәрізді надандықты алтындай пайдалы да құнды қылатын тек көркем мінез бен ізгілік екенін сездіргісі келеді ауызекі сөздерінде де.
Мәңгілік рух деп өзеурейтіндер де кездеседі. Мәңгілігің бүгінгінің жемісі де. Ендеше ертеңіңді құрметтесең, бүгініңді қадір тұт, маңызын біл, сыйла. Сол мұрат жолында кеш қалдым демей, дәл қазір жаңа биіктерге ұмтылып, жоғары мәртебелі іс істе. Қол жеткізгеніңді қызғыштай қорғап, абырой, мәртебеңді іспен асырып, намысыңды қалғытпай, елдік мүдде тізгінін уыстан сусытып алмау үшін сауысқандай сақ болғаның жөн дейді Сәбит.
Ұлты үшін қандай қатерге де басын байлаған ғалым өз пайдасын ұмытып, халқының елеусіз деген бұйымтайын есінен шығармайтын болса, міне, нағыз ойшылдық деңгейіне көтерілетінін шәкірттеріне және ескертіп жүреді ол. Жүлгеленген ойы кемірілмей, кенересінен таси бастайды: кейбіреулер қарын тоқ, қайғы жоқ, бас аман, бауыр бүтін болса шынайы өмір осы деп ойлайды. Ақиқатқа тура қарайтындар үшін, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар үшін бұл өзін-өзі алдаудың қақпаны ғана. Тоқмейілсу. Тоқыраған ой, туралған арман, алдамшы қызық. Өмірдің мәнінен енді не қалды? Ештеңе. Сәбитке салсаңыз: өмірдің өзі уайым, ғылымның өзі қынжылыс. Уайымдамай, қынжылмай өмірді шат қылу, ғылымды қияға салу мүмкін емес.
... Күзгі жапырақтар сусылы сағыныш сазын сызылтатындай. Былтырғы күздің оқиғасы Байзақовтар отбасы үшін айрықша болды. Сәбиттің тұңғышы Айбек Байзақ атасының сүйегі жатқан Беларусь республикасы Витебск облысының Редьки деревниясына әдейі барып, боздақтар зиратындағы аруақтарға зиярат жасап, дұға бағыштатып, бір уыс топырағын Алматыға алып келді. Сөйтіп 66 жылдан соң әке топырағы Көктөбеде жерленген зайыбы Жібектің қабірінің қасына гильзаға салып жасырылды. Қос мұңлық рухы енді мәңгілікке табысқандай еді. Әке майданға аттанғанда, үйелмелі-сүйелмелі сәбилер Сайлау, Сәбит, Рақыш сауыншы анасының бауырында қалған еді. Бәрі де қазір өмірден өз жолын, бақытын тапқандар. Ұрпақ өсіріп, шадыман-шаттыққа бөленген. Еліне қалтқысыз қызмет етіп, есімдері елеулі болған, кісілігі мол ұлт мақтаныштары. Сәбит пен Света бүгіндері Мерей, Алтынай, Арманжан, Гауһар, Батырхан, Темірлан немерелері мен Айдана, Елдана және Әбдірахман-Күлтегін секілді жиендерінің сүйікті ата-әжесі, шайқалмайтын бәйтерегі.
Сәбит өз ұрпағына ғана емес, тұтастай ұлтқа үлгі боларлық үлкен істің басы-қасында жүріп, өшпес өнеге көрсеткен азамат екендігін 2008-2009 жылдары тағы бір парыз, қарызының өтеуімен дәлелдеп берген еді. ХVІІІ ғасыр басында жоңғарлармен шайқаста Арқаның адыр белінен қияндағы Атырау еліне өз жасағымен көмекке келіп, қас дұшпанға қақырата соққы берген, жаудың жүрек жұтқан батырымен жекпе-жекте оны жер жастандырып, өзі де ерлікпен мерт болған Өтей Ақымбетұлы бабасының зиратын тауып, оған мәңгілікке тыныстаған сол өңірге және туған жері Торғайдың Қызбеліне қос ескерткіш белгі қойдыртып, асын беруге белсене араласты.
... Сәбитке күзгі орман ойлы орман болып елестейді. Көмбесін түгесе алмайсың. Ең алдымен, өз елінің перзенті, өзінің туған жерінің мүддесіне жан-жүрегімен берілген азамат бейнесін көргісі келеді. Ойдан өргісі келеді. Бақса, оның эталоны кәдімгі Мұхтар Мағауин екен. Өз “Аласапыранындай” аласапыран тұлға. Алматыда қаншама жыл қатты араласып тұрды. Прагаға кетіп қалғасын жаны құлазығанын жасырмайды. Жат жерде туған “Жармақтан” өзге де күллі шығармасын шағып оқыған. Қазір ойласа, шетте жатып жазғанының бәрі отанын жан-тәнімен сүюдің, демек адамшылықтың асқан шыңына шыққандығының көрінісі екен... Мұхаңның “Мен” ғұмырнамалық хамсасы адамның өз сеніміне табыну құдіретін асқақ та шыншыл жырлаған дүние. Неге екені белгісіз, Гүлнәр Міржақыпқызының: “Сәбит бауырым-ау, ғылым – ақылдың шырағы, ал даналық – нұры”,– дегені есіне түсті. Сәбит дастарқанында отырып мейірленіп, сүйсініп айта салғаны апасының. “Сенде осының екеуі де бар”,– дегісі келді ме екен? Бәтір-ау, күзгі орманда дәл осы сөз сақ етіп басына шапқаны несі?!..
* * *
Тұғырлы тұлға атанған ол бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Орман биоценологиясының келелі мәселелері ғылыми орталығының жетекшісі әрі “Орманшылық, орман өсіру және көгалдандыру” кафедрасының профессоры болып еңбек етеді.
Оны толғандыратын мәселе шашетектен. Қазіргі орман қорына жанашырлықтың аздығы, оны кейбір бизнес өкілдерінің құлқын қамымен заңсыз кесіп отап, өртеп жоюға дейін баратыны қынжылтады. Әйтеуір көңілге демеуі – еліміздегі орман көлемін ұлғайта түсу жолында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы мен қолдауының арқасында атқарылып жатқан “Жасыл ел” бағдарламасы үміт шоғын үрлей түседі. Оның тәуелсіздігіміздің жемісі екеніне шаттана отырып, тұрақты түрде ұзақ мерзімге іске асырылса, Қазақстанның біраз жерлерін көгалды аймақтарға айналдыруға көп жәрдемі тиетініне кәміл сенеді.
С.Б.Байзақов орман шаруашылығы саласына жоғары білімді мамандар мен ғалым кадрлар даярлауға да айрықша үлес қосты. Одан тәлім алған шәкірттердің көбі ірі ғалым немесе өндіріс жетекшілері ретінде Қазақстан мен Қырғызстанда, Ресей Федерациясы мен Өзбекстанда, ТМД-ның басқа да елдерінде орман шаруашылығы кәсіпорындары мен ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында абыройлы қызметтер атқаруда.
Осыдан екі жыл бұрын ол республикамыздағы жоғары орман біліміне 60 жыл толуына байланысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, орман шаруашылығы мамандарының басқосуын өткізуге ұйытқы болды. Онда мазмұнды баяндама жасап, Қазақстанда орманшылықтың жоғары білімінің даму процестерін қамтитын “Қазақстандағы жоғары орман біліміне – 60 жыл” (2008 ж.) деген тағылымды кітапша жазып, таратты.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесінің, бірнеше ғылыми журналдарының редакторлар алқасының мүшесі, Кіндік Азияға ортақ орман шаруашылығы ғылымдарының үш бірдей мамандықтары бойынша республикамызда ондаған жылдар жүйелі жұмыс істеп тұрған жалғыз диссертациялық кеңестің ұйымдастырушысы әрі оның төрағасы. Ол 2 ғылым докторы мен 8 ғылым кандидатын даярлады, ондаған жастардың ғылыми ізденістер жүргізуіне риясыз ақыл-кеңес, әдістемелік жәрдем берді. Қазіргі кезде докторлық диссертация жазып жүрген 3 ғалымға, ғылыми зерттеулермен айналысатын 5 аспирант пен ізденушіге жетекшілік етеді.
Ғылыми-редакциялық тәжірибесі әбден молыққан ол ғылыми академиялар мен аграрлық университеттің жыл сайынғы ғылыми-зерттеу және әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарының қорытынды есептерін жинақтауды қолға алып, жеке кітап ретінде шығарып отыруды іске асырды. Олардың жалпы саны қазір он бестен асып түсті. Қазақ ұлттық аграрлық университеті қазақ-орыс тілдерінде шығарып тұратын “Ізденістер, нәтижелер – Исследования, результаты” атты ғылыми журналды айналымға қосты. Осы университеттің 70 жылдығына арналған, мазмұны мен түрі көптің ойынан шыққан “Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті –70” (1999 ж.) деген көлемі 50 баспа табақ тарихи анықтамалық кітапты дайындап бастыруға күш- жігер жұмсап, іскерлік пен қабілеттілік танытты.
Сәкеңді мамандығына тығыз байланысы бар орман шаруашылығы мен өндірістерінің қазақ даласында пайда болуының тарихы да қызықтырады. Ол осы төңіректе жинақтаған бай материалдары мен жазып жүрген елеулі еңбектерінің аясын кеңейте түсуде. Сондай-ақ, өзі көп жыл еңбек еткен академиялық аграрлық ғылымның Қазақстандағы даму белестері де оның назарынан әсте тыс қалмайды. Үзілмейтін үдерісті ізденістерімен осы бағытта да біраз мәліметтер жинап, ой елегінен өткізіп, тың пайымдаулар түйіндеуде.
Қолы қалт еткенде қалам алып, өз замандастары мен республикаға белгілі тұлғалар туралы да ой толғауды азаматтық парызы санайды ол. Мысалы, ол республикалық газеттерде академик Р.Е. Елешевтің ғылыми-педагогтік өсу жолдары өрнектелген, академик К.Ә. Сағадиевтің, ҚР халық әртісі Ә.Б. Боранбаевтың өмірі мен шығармашылығы шебер суреттелген очерктер жазды.
... Айтулы ғалымды еліміздің орман шаруашылығының бүгінгі жай-күйі, ертеңгі тағдыры әркез ойлантады. Өзі де осы саланың өркендеуіне нақты үлес қосып жүрсе де, көңіл тыншытпайтын көкейкесті мәселелер әлі де шашетектен. Соның қордаланып қалмауы үшін білімі мен тәжірибесін аямай жұмсап жүрген жайы бар. Сәбиттің пайымдауынша, елімізде мемлекеттік орман саясаты бір жолға қойылғанымен, әлі де орманға қатысты проблемалардың етек-жеңін түпкілікті жинақы ұстай алмай келеміз. Жасыратыны жоқ, экономикасы мен мәдениеті өркендеген, білім мен ғылымы жоғары деңгейлі елдердегі орман мен орман өндірісінің жағдайы онша дамымаған мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда жақсы екендігі дәлелденген ақиқат. Ал Қазақстанның күшті елу мемлекеттің белесіне көтерілуге бағытталған қарышты қадамы баршамызға аян. Өсу, ілгерілеу үстіндеміз. Әйтсе де орман жөні бір басқа, бұл саланың табыстарын жіктегенде күмілжіп қалатынымыз жасырын емес.
Көбіне өз орманымызды орыс орманымен салыстырып, дәтке қуат дейтін осал тұсымыз барын академик С. Байзақов өрескелдікке балайды. Орман жөнінен Ресейге қарап бой түзеу осалдық белгісі екен. Оның жерінің 50 пайызын орман көмкерген, сол себепті жуыр маңда олар жасыл алқапсыз қаламыз деп сескенбейді. Ал біздің жағдайымыз тіптен басқаша екен. Орманның үлес салмағы онша мардымды емес. Сол себепті бір тал шыбық өсірсек те олжаға баланады. Әсіресе, соңғы жиырма жыл ішіндегі салада орын алған қолайсыздау үдерістер орманның тұрақтылығы мен орман шаруашылығының негізгі бағытын барынша әлсіретіп жіберген еді. Осы кезеңде орман шаруашылығы жөніндегі республикалық өкілетті органның мәртебесі бастапқы министрліктен, алдымен мемлекеттік деңгейге, кейін кәдімгі комитетке дейін төмендетілді. Қазір онда небары 36 адам жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз, ұланғайыр еліміз үшін өте мардымсыз. Және де осы саланы әр ведомствоға аудара қақпақылдаудың кесірінен оның көптеген маңызды міндеттерінің жоғалуына әкеліп соққаны тағы бар. Сол себепті істі жүйелі әрі табысты жүргізу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы жөніндегі комитетінің мәртебесін келешекте кемінде агенттік дәрежесіне көтеру міндетін ыждаһаттауды ескертеді академик.
Бүкіл мағыналы ғұмырын еліміздің орман аймағының ұлғайып, дамуына қалтқысыз арнаған аса көрнекті ғалым, біртуар тұлға С. Байзақов мемлекеттік орман саясатының маңызын жүйелі түрде ой елегінен өткізе келіп, құнды қорытынды жасағанын дәйектеп, мәлімдеп жүр. Академик ұсыныстарын тұжырымдап айтсақ, мынадай басым бағыттар айқындала түседі: орман өндірістері мен қатынастарын реттеудің құқықтық және әкімшілік шараларын дамыту; орман басқару жүйесін жетілдіру; орманның және орман мен орман өндірістері жөніндегі ақпараттық база есебінің жүйесін жақсарту; орман өндірістерін дамыту ұзақ мерзімді бағдарламасының негіздерін анықтау; орман өндірістерін дамытудың нормативті-техникалық және қаржы-экономикалық тетіктерін жетілдіру; орман өндірістерін кадрлық, ғылыми және инновациялық-индустриалдық қамтамасыз етуді жақсарту; халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Міне, осындай көкейкесті тұжырыммен байытылған еліміздің мемлекеттік орман саясаты келешекте орман шаруашылығын, орман өсірудің, республикадағы көгалдандыру мен орман пайдалануды дамытудың әрі осыған қатысты барлық шешімдерді жүйелеудің негізгі бағыттарын анықтайтын аса маңызды құжат болып есептелінбек. Академиктің бұл көздегені жүзеге асып жатса, еліміздің орман шаруашылығы қарышты дамуымен қуантатынына сенім зор.
Былтыр “Қазақстандағы орман дақылдары” атты ұжымдық еңбегі үшін (Б.Мұқанов, А.Медведев, С.Ысқақовпен бірлесіп жазған – Қ.Ә.) С.Байзақовтың академик А.Бараев атындағы І дәрежелі халықаралық медальдің иегері атануы да үздіксіз ізденісін паш етсе керек. Бұл еңбекте елімізде орман өсірудің жүз жылдан астам тәжірибесі мен таяу және шет ел ғалымдарының озық жетістіктері жинақталған. Еңбектің уақытында еленгені дұрыс-ау. Қай іске де жанын салатын, жауапкершілігі адамгершілігімен астасқан, адалдығы мен сыпайылығы егіз өріліп, асқан мәдениеттілігін айғақтайтын Сәкең Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Тыңға 50 жыл”, “Ерен еңбегі үшін” медальдарымен марапатталған.
... Сәкең Щучьенің бал қарағайлы қойнауына сұғындыра салынған мансардты мекеніне оралды. Айнала аппақ қар... Орман ғана жап-жасыл... ойлары сан-саққа тартады. Алда әлі із түсе қоймаған айдай аппақ әлем жатқанын ғибратты ғалым Сәбит жан-жүрегімен сезеді... Жылдың мәңгілік ауыспалы мезгілдерінде де жаны орманды аңсап тұратын Сәбит Байзақұлы төрт тағандаған ойларының етек-жеңін жиып алар емес. Қазақ орманы... Қазақ ойы... Қазақ ғалымы... Ақжолтай болғай!
Қайсар ӘЛІМ.