20 Наурыз, 2010

БІР ТАМШЫ КӨЗДІҢ ЖАСЫНДАЙ

1398 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Бұл оймақтай ойлар албырт шақтың емес, абзал жастың жемісі. Ұзақ жазылды. Ұзағынан жарылқаса игі... Алла бұйыртса, әлі де жазыла бермек. Бір парасын елдің сүйікті газеті “Егеменге” ұсынуды жөн көрдім. Ұялы ұжымның зиялы оқырманының қажетіне жарап жатса, бұл тараптағы еккен тұқымым мен тіккен шыбығымның зая кетпегені...

Автор.

Иман Пайғамбарымыз Расулулла с.ғ.с. хадистерінің бірінде: “Кел, бізбен бірге отыр. Иман хақында сұхбаттасалық...” деген сөз бар Адамның әр басқан қадамына иман таразы. Қарғыстың жаманы “имансыз”. Жан – иман ұясы. Тән – оның есігі. Абыл мен Қабыл Адам­ата ұлдары болса, Адал мен Әділ – Иман пер­зенттері. Мұнымен қоса иманның иба мен ұят деген ұғымдары бар екенін де естен шығармаған абзал. Базар нарқы сияқты адам парқының да әрқалай болмағы имандылық өлшеміне саяды. Жақсылар неге сырласуға ділгір, сұхбаттасуға құмар? Жамандар неге өркөкірек, өзімшіл? Мал аласының сыртында болуы бесенеден белгілі, ал адам аласының іште жасырын жатуы қалай? Екеуі де тек ұрыққа, текке тиесілі болғаны ма? Сонда тәрбие тану, ғибрат алу қайда қалмақшы? Кез келген адам өзін-өзі иман таразысына салып өлшей ала ма? Көңілдің тезі, жүректің көзі дегенді қалай ұғынсақ керек? Иә, иман иесі осының бәріне жауап іздейді. Ең әуелі өзінен, одан қалса, өзгеден!.. Сұрақ белгісі Иманның толық болмағының үш шарты бар екен. Олар: айнымайтын, тура, берік сенімде болу; адамдармен жақсы қарым қатынасқа ұмтылу; адамның өзін өзі тәрбиелеуі, яғни, ғибадат пен кішіпейілдікке бейім болуы. Бірінші шарт ең алдымен адамның өзіне қажет. Екінші шарт өз сыйың мен өзгені сыйлай білу қасиетіңе қатысты. Үшінші шарт, әсіресе, үлкендерге тиесілі. Кез келген адам өзін өзі тәрбиелей ала ма? Қасиет қанда, қасірет қаныпезерлікте жатса қайтеміз? Алдыңғысы текке телініп, кейінгісі жетесіздікке жегіліп, қара жол қайрылмастай қақ айрылып кетсе, тәрбие тәлімі қайда қалмақшы? Ұят Ғибадат киелі жай, қасиет мекені. Тектілік төркінінде кішіпейілділік жатады. Момын (муъмин) ұғымын қаймана қазақ өз керегінше қарабайырландырып алғаны болмаса, мұсыл­мандық түсінігінде олар имандылық ишарасына ие. Ал имандылық дарағы, аз кем емес, алпыстан аса бұтақтан тұрады. Абайлаңыз, ол сіздің ағзаңыздағы алпыс екі тамырыңыз болып жүрмесін... Алла тағала мен оның пенделері алдында ұялу осы бұтақтардың тек біреуі ғана екенін ескерсек, Абай айтпақшы, кемел адам болу мәртебесі екінің бірінің қолынан келе ме? Алла тағаланың періштелеріне: “Жүрегінде зәрредей иманы бар адамды тозақтан азат ет!” деп әмір беруінде кеңпейілділік пен кешірімділіктің шынайы үлгісі жатқан жоқ па?! Жер басып жүрген пенде! Осыдан кейін енді сізге не керек? Тағылым Сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: “Ей, Расулулла, қайсы қасиеттер исламда ең үлгі һәм қадірлі саналады?” деп сұрағанда: “Аш арыққа тағам бергенің, танитын мен танымай­тынға сәлем бергенің”, деген жауап алады. Хадисте бұған қоса: “Өзің тоя жеп, көршің аш-жа­лаңаш отырса, Алла алдында да, адам алдын­д­а да күнәға батқаның”, деген сөз бар. Біздің қазақы ортада бұған керісінше “танымасты сыйламас” деген ұғым қалыптасқан. Бұл не, ұлттық ерекшелігіміз бе, әлде ислами ибаға исіне алмағанымыз ба? Жарайды, бұрынғыны бұрынғы делік, қазіргі қазақ қандай? Арамызда, Құдайын былай қойғанда, әкесін танымай бара жатқандар аз ба? Құлқын мешітке емес меш­кей­лікке, аш-арыққа емес ашкөздікке, дархан­дық­қа емес даңғойлыққа жеңдіргендердің әлгін­дегідей аталы сөзге, баталы байламға құлақ ас­пауы қалай? “Құдайдан қорықпағаннан қорық”, дегенді қазақ өзіне емей кімге айтқан? Әлде: “Айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ” па? Жиырма бірінші ғасырдың қазағы! Айтшы, сен осы кімсің? Хадис және халық “Түске дейін халықпен бол. Түстен кейін Хақпен бол”, дейді имам Бұхари хадисі. Ал қазекемде: “Халық – Хақтың жердегі аты”, деген сөз бар емес пе. Ендеше, Имаммен имандылық жағынан үндес екенбіз ау! Тек, әйтеуір, сөз жүзінде ғана болып жүрмегей... Әрі сәрі Түйеқұсқа: “Қанатың бар ғой, ұшсаңшы?” десе: “Мен түйемін”, дейтін көрінеді. “Е, ен­деше жақсы болды, арқаңа жүк артайық”, десе: “Мен құспын”, деп кергиді екен. Сол айт­қандай, бізде небір кержалқаулар бар ау... Тіпті, осы түйеқұсыңыз тұлабойымен қазақ деген халықтың менталитетін меңзей ме, қалай?.. Мың жылдық арман Константин Паустовский айтады: “Ана тілін ұмытқан адам Отанға аса қауіпті”, деп. Мен айтамын: “Сол аса қауіпті адамдардың қаншасы қазаққа тиесілі қара қазанның құлағын ұстап отыр?” деп. Данагөй мен дәмегөй Ешкімнің де ақымақ болғысы жоқ. Алайда ақыл айтқанның бәрі асып туған ақылман емес. Жұрттың көбі жасы­рып айтқанды қай­дам, асырып айтқа­ныңа кәдімгідей се­неді. Дұрысы, өзін сендіреді. Бір емес, екі емес, күніне әл­денеше мәрте мақтай берген соң сезімнен сергектік қашады, ұятты ұйқы басады. Осыдан келіп да­ны­шандықтан дәме­гөй­лер дана­­­­гөй­дің шекпенін киіп, шенін тағып ші­реніп шыға келеді. Әр дәме­гөйдің жанында он-ондап жағым­паз жан­дайшаптар жүре­ді. Біреуі­нің ныс­пы­сы: “Ләб­бай, тақ­сыр!”, екіншісінің азан шақырып қой­ған аты: “Құп бола­ды!”. Одан кей­інгілері: “Құлдық, Жан­тық, Тан­тық...” болып кете береді. Дәмегөйлер көбейген сайын анадан арда туған дара дананың күні қараң. Өзін адамға да, қоғамға да керексіз сезінетін жанның қасіретін Құдайым еш пендесіне енші етпей ақ қойсын. Жаратылыс Алла тағала иманды жаратқанда, иман: “Я, Пәруәрдігер, маған әл дәрмен, күш-қуат бере гөр?” дейді. Сонда Құдірет иесі оған нұрлы кескін, сұлу сипат, әрлі әдеппен қоса күш қуат сыйлайды. “Алла тағала күпірді жаратқанда, Ол да: “Я, Пәруәрдігер, маған да күш-қуат дарыта гөр?” деп жалбарынады. Жаратушы күпірдің пейіл-пиғылына лайық оған жарамсыз құлық пен жағымсыз бақастықты бұйыртады. Хадис шәріптегідей: “Пейілі тар, іші һарам адамға пейіште орын жоқ”, болуы осыдан. Ғақлия Сақылық пен ізгілік саралық пен дара­лықтың сәні мен сәулеті. Дүниенің дәулеті де, адамзаттың әулеті де оның жанына жақын, маңына жуық. Назым жолдарымен оны былай баяндауға болады: “Кезгеніммен барша дүние бақтарын, Сақылыққа сай сияпат таппадым”. Немесе: “Дұшпаныңның сақылықпен мысын бас, Ол да, бәлкім, саған уын ұсынбас”. Аманат Адамның он екі мүшесінің бәрі дерлік Алла тарапынан аманат арқаланған. КӨЗ аманаты шариғат рұқсат еткен нәрселерге ғана қарап, шариғат қош көрмеген нәрселерді назарға алмауды қалайды. ҚҰЛАҚ аманаты жағымсыз, өрескел, ғайбат сөздерді естіген күнде де қаперге алмауды ұсынады. ТІЛ аманаты әділі мен ақиқатын айтпақ, шын сөйлемек керек екенін алға тартып, өтірік, өсек, алыпқашты әңгімелерден аулақ болуды нысанаға алады. ҚОЛ аманаты дүниенің алдамшы байлығына, жалғанның жасанды жылтырағына алданбауды, өзгенің мүлкі мен затына сұқтанбауды, сұғанақтық жасамауды жақтайды. Ал АЯҚ аманаты дұрыс жолдан бұрыс кетіп, қия баспауды, керісінше, қайырлы, мейірлі іске көбірек қадам жасауды мақұл көреді. Мақсатты адам адал болып, жақсы ат қалдырамын десе, аманатқа қиянат қылмағаны абзал. Мұндай адам Алла нұрының аясында алғысқа бөленеді, шарапат-шафқатқа кенеледі. Ой Халықты құл деме. Ол Алланың есімі. Әйелді күң деме. Ол – әлемнің бесігі! Қозғаушы күш Сана мен рух біріккенде ғана адам бойында ар мен ождан оянып, ерлік пен өрлік өре түрегеледі! Төбет пен тәбет Қазақта: “Арам жеген төбеттей”, деген сөз тіркесі бар.Қазіргі жемқорлар мен жалмауыздар тұп-тура соның өзі. Сірә, төбедей етті жұмырына жұқ көрмей жұта берген соң солай аталып кеткен болар. Иә, ит азғыны төбет. Бала кезімізде күшала жеп өлген олардың талайын көргенбіз. Ине жұтып ирелеңдей бүгіліп, қиралаңдай қисайып, қинала жан тапсырғандары да аз болмаған. Соның бәрі тәбетін тыя алмаған төбеттің кесірі мен кесапаты. Тәбет, Төбет...Қызық екен... Тамақ және қабақ Қонаққа тамағыңнан бұрын қабағыңды бер. Ырысыңды ішіп-төкпейді, ыдысыңды сындырып кетпейді. “Қырықтың бірі Қызыр”. Босаға аттаған адамның аяғы жерде, көзі төрде. Қызырыңнан құзырыңды аяма. Үрей Үрей – үкі көзді Қорқыныштың екі аяқты елесі. Есі-дертін елес торыған жан есігіне қырық құлып салса да тыныш ұйықтай алмайды. Өлгенде ғана болмаса... Меңзеу Алты бірдей сахаба: Әбузар Ғаффари, Салман Фарси, Аккаша Абдолла, ибн Мақсұт, Әбу Дардах және Аклама Хазірет Мұхаммед пайғамбардың құзырына бас сұққанда, Ол кісі көңілсіз отыр екен. “Ей, Расулулла, дейді олар, көңіліңіз сынық сияқты, себебін айтпайсыз ба?”. Сонда Пайғамбарымыз: “Сахабаларымның біразы шариғатқа ниет қойғанымен, жамағаттың жағдайынан бейхабар. Көп­ші­ліктің намазына бұл нұқсан кел­тірмес пе екен деп уай­ымдап отырмын”, деген екен. Алла елшісіне тән осынау жұмсақ жүрек, ізгі ниет, көлпар көңіл, қамқор қасиет мұқым мұсылман қауымын былай қойғанда, ел билігіндегі азаматтардың ылғи да есінде жүрсе, ар ұяттарына нұқсан келмес еді ау дейсің... Біздің қазақ Қазақты сөзге ұйыту қиын, өйткені өзі де қарасөзден қамыр илейді. Қазақты жөнге салу қиын, өйткені өр кеудесіндегі “өзім білемі” не кері тартады, не кежір кещеленеді. Қазақ мақ­та­ғанды мақұл көреді, өйткені олар кешегі маң­ғаз басып, мақпал ішік жамылған, мақал мә­те­лін аузынан суша ағызған абыз аталардың ұрпақтары. Жан азығы Бас бар жерде ми болады. Ми ақылдың үйшігі. Жүрек бар жерде көз де (“жүректің көзі ашылса...”), сөз де, сезік те, түйсік те болады. Асқазан бар жерде бойға қуат, тәнге тәбет бар. Ал, бірақ, жан азығының жаратылысы бөлек қой!.. Бірі кем дүние Қазаққа айту оңай, сөйлеу парыз. “Іске мешел, сөзге шешен” деп оны әу бастан өзі айтып қойған. Айтудың оп оңай екендігі осыдан ақ көрініп тұрған жоқ па? Жаңа сөз тіркестері “Рахымсыз жыртқыштан, әділетсіз әкімнен, ұятсыз ұрғашыдан сақтан”, деген екен ежел­гілер. Енді біз оған: “Тойымсыз тоғышардан, тобасыз тоңмойыннан, жетесіз жемқордан, дүмбілез дүниеқоңыздан, қайырымсыз қал­та­лы­дан, бейопа байдан, бейдауа бишікештен сақ­тан...” деген сүйкімсіз сөздерді қосуға мәжбүрміз. Тіл “Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің болашағы зор. Дүниеге “диуан” дәуірін алып келген Шағатай, немесе Осман әдебиеті сияқты, қазақ тілі де өркениеттің алдыңғы көшіне шығады”. Мұны Зәки Уәлиди өз “Естеліктерінің” екінші кітабында айтып кетіпті. Ауызы дуалы, сөзі уәлі Уәлидидің айтқанына сенсек, үмітіміз әлі алда екен, сеніміміз қолда екен. Ата-бабамыздың қарғысы атпасын десек, қазақпын деген қалың жұрт тіл аманатына қылдай қиянат жасамайтын шығар ау! Ал аманатқа қиянат – жаманаттың ең қиямпұрысы! “Басқа пәле тілден” Баяғыда алты қырдың аржағынан, алты ауылдың аймағынан ат шалдырып, арнайы келіп сөз айтып, көз салып жүрген жігітке қыз былай деп шарт қойыпты. Бірінші шартым отыммен кіріп, күліммен шығасың; екінші шартым тіліңнен безесің, дініңнен шығасың; үшінші шартым осы айтқанымның бәрін бүгіннен бастайсың! “Әп” дегенше қыздың алма мойнын жігіттің алдаспаны қиып түсіпті. “Басқа пәле тілден” деген осы! Салыстыру Сонау ерте заманда-ақ Ибн Ғыптан дейтін ғұлама: “Түркілер ақжарқын, ашық келеді. Бірақ шеттерінен билікті, сонан соң қошеметті тәуір көреді. Бұл олардың қанына сіңген әдет”, деген екен. Одан бері де нешеме ықылым заман өтті...Бұған алып қосарыңыз бар ма? “Ауру қалса да, әдет қалмайды”, демекші... Үндестік Абайдың Отыз бірінші сөзіне қараңыз: “...Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қуанышынан артық болса, мұсылман емес! Қандай үйлесімді ұқсастық?! Мен аударып, ара­кідік нәсияттап жүрген имам Исмаил Бұхари хадистерінде де дәл осындай құрани сөздер бар! Қайран ай, қалталыларымыз бен алқалыла­рымыздың санасында осы бір сөздер сайрап тұрса, кәні!.. Біз енді ғана бас қойып жатқан бұлақтан Ол кісі қай кезде шөл қандырып үлгерген? “Ақынның ауызына сөзді Алла салады”, деген әңгіме шынымен ақ рас болғаны ғой... Жауап Жазаның түр түрі болады. Ұстаз шәкіртін бұрышқа тұрғызып қояды. Ұры қары, қарақшы, баскесерлер де өздерінің қылмысына лайық жазасын алып жатады. Жұдырықтай бөдене де себетке қамалып жарық дүние кеңістігіне шыға алмай жапа шегеді. Алла қанат берген титімдей құсты адам торға қамаса, бұл қиянат емей немене? Анығында, бөдененің сайрағаны жылағаны. Бағынан баз кешкен бұлбұл да тағынан тайған ханнан кем құса көрмейді. Адамның адам болып туып, адам боп өлуі де бір ерлік! Ал адамдықтан айнып, хайуандық сықпытқа түскендерге қандай жаза лайықты? Хайуанаттың да жыртқышы мен құртқышы, сүйкімдісі мен сиқырлысы болады емес пе? Егер ақын: “Қайтсең, адам, қаласың адам болып?” деп күллі адамзат қауымына сауал тастаса, бұл да еріккеннің сөзі емес шығар ау. Бір ғажабы, сонау түбекте жатқан пір Бекет әулие осы сауал төркінін елден бұрын аңғарып, оған елден бұрын мынадай жауап тапқан сияқты. “Шай­танға ерген пендені, Шариғатпен жазала...” Жоқ, кешірерсіз, бұл жауап емес, үкім, кесім! “Ақылдың азабы” Шекспир Клеопатраның аузына мынадай сөз салады: “Шыдай беру – ақымақтық, Шыдай алмау – азап”. Рас қой, адам болып туып, ақымақ болып өлу қай пендеге абырой әпере қойсын. Бірақ сол ақымақтардың ақылды болғысы келіп тұратыны несі екен? Көре тұрып бұған шыдау тағы азап. ...Шыдай алмау азап. Грибоедов айтқан “ақылдың азабы”, Мағжан айтқан “сұм өмір абақты ғой саналыға”, сірә, осындайдан туған болса керек... Ақын Ақын екі дүние елшісі. Ол кейде пенде қалпына түсіп, кейде періште қанатында ұшып жүреді. Алланың азат құсы да бір, ол да бір. Алланың азат құсы аспаннан жерге түсіп азапты ғұмыр кешіп жүрсе, қанатынан қайрылғаны, қадірінен айрылғаны. Күндердің күнінде бәрібір өзінің мейірімді мекеніне ұшып кетеді. Наласы да, тобасы да ішінде... Тағылым Өлеңі қалып, өзі кеткен ақында өлім болмайды. Абай әлемін, Мағжан мұңын, Мұқағали мұратын, Жұмекен жұмбағын, Төлеген төркінін, Жұматай жұмағын таныған жұрт ардақтауға, абзалдауға тұратын ұлт. Егер Қожа Ахмет Ясауиді Әмір Темір, Әлішер Науаиды Хұсейін Байқара, абыз Бұқарды хан Абылай ұлықтаса, мұны ұлылар ұлағаты деп ұққан жөн. Ешқайсысы да кішірейіп қалған жоқ, лебізін тыңдап, негізін танығандықтан тағынан түсіп сәлемін берген. Сөз құдіретіне қанығып, уызын емген. Қос қанат Рух қаһары батырдың, рух қайырымы ақынның бойына біткен. Біреуі жердің қорғаны, біреуі елдің ардағы. Екеуін елеусіз қалдырған ел телегейдегі ескексіз қайықтай қалт-құлт. Сақтандыру Көп қыздарымыздың сана сезімі қазір сынаптай сырғып жүр. Олар үшін: бүркіт те бір, бірегей де бір; шүршіт те бір, шүрегей де бір... Біз көңірсітіп жүрген неоинтернацио­на­лизм­нің бір сықпыты осы болып жүрмесін... Не қатты, не тәтті? Баяғыда бір ғұлама қасындағыларға: “Дү­ние­де не қатты, не тәтті?” деп сауал салыпты. Біреуі “жұт қатты, сүт тәтті” десе, екіншісі “қарғыс қатты, алғыс тәтті” деп сәуегейсіпті. “Жоқ, таба алмадыңдар, – депті сонда ғұлама, – тіс қатты, тіл тәтті. Ал енді осы екеуінің қайсысы өміршең?” “Әрине, қаттысы”, депті қасындағылар. Ғұлама басын шайқап: “Тағы да таба алмадыңдар, қатты болса тістерің қайда? Ал тілдерің әлі күнге сайрап тұр!” деген екен. Екі түрлі қазақ Сауаты шала, көңілі бала, бейілі дала бұрынғы қыр қазағы мен бүгінгі бірі зиялы, бірі қияли, бірі қалталы, бірі алқалы, бірі ойшыл, бірі тойшыл, бірі дарынды, бірі қарынды, бірі Батыраш, бірі Қотыраш, бірі даңғой, бірі сәнқой...қысқасы, сан түрлі, сан қырлы қазекемді салыстырып көрген жеріңіз бар ма? Айтары жоқ, бүгінгі қазақ бәріне бейім, бәріне дайын. Шамасы, ол қазақ бола-бола қажыған, қартайған, зеріккен, жалыққан. Өзіне – жаппай қасқыр, өзгеге – “ләпбай, тақсыр”. Біз айтар сөз “Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар”. Мұны кеше Абай айтқан. “Қалғып кеткен рухты қан оятар!” . Мұны бүгін біз айтуға тиіспіз!!! АҚЫН МҰРАЛАРЫ жаңа жәдігерлермен толықты. Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығарма­шы­лығын зерттеп, халыққа насихаттау мақсатында 1988 жылдың 20 ақпанында Ақмолада музей аш­ыл­ды. Бұл кезең алаш ардақтылары Шәкәрім Құ­дай­­бер­діұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатовтардың есімдері ақ­та­лып, “ақ түйенің қарны жарылған сәтке тұспа-тұс келді. Ақын мұрасын зерттеу ісі 1957 жылы есімі ақ­талған кезден бастап қолға алынып, шығармалары жарыққа шықты. Ол туралы естелік кітаптар, ма­­­қа­лалар, оған арналған өлеңдер аз емес. Өйткені, Сә­кеннің ел тарихынан алатын орны ерекше. Оның Совнарком төрағасы болып, революциялық алма-кезек төңкерістерден, азамат соғысынан, 1921-1922 жылдарғы аштықтан, жұттан қажыған халықтың мұң-мұқтажын арқалағанын да біз жақсы білеміз. Сондықтан да оның қайрат­кер­лігіне, қалам қа­ры­мына көп тоқталмай, әңгімені музей жөнінде жал­ғас­тыр­ға­нымыз жөн шығар десек, 2009-2011 жыл­дарға ар­нал­ған “Мәдени мұра ” мемлекеттік бағ­дарламасын іс­ке асыру ая­сын­да сәулет ескерткіші болып табыл­а­тын (ХІХ ға­сырдың аяғы) музей ғимаратына қайта жаң­ғыр­ту, күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Ж­а­ңар­ған музей ғимаратының экспозициясына өзгер­тулер мен толықтырулар енгізіліп, 2009 жылдың 15 қазанында ақынның 115 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Музей ұжымы ғылыми-зерттеу, Сәкен мұраларын жи­нақтау, насихаттау ісін одан әрі жандандырып, атқарып келеді. Өткен жылы С.Сейфуллиннің 1914 жылдан бастап жарыққа шыққан шығармаларын зерттеу мақсатында Мәскеуге іссапар ұйымдастырылған-ды. Ресейдің федералды мемлекеттік мекемесі “Кітап палатасының” басшыларымен кездесіп, Мәскеу түбіндегі Можайск қаласында орналасқан кітап қоры сақтаулы мұрағатындағы зерттеу ісі барысында С. Сейфулллиннің ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдары жарыққа шыққан кітаптарының түпнұсқалары және 1960-1980 жылдары басылған шығармалары, ақын туралы естеліктер мен кі­таптар мұқият сақталғанын көзбен көріп қайттық. С.Сейфуллиннің жинақтап, редакциялауымен жарыққа шыққан қазақ әдебиеті оқулығы, қазақ әдебиетінің тарихы жайлы кітаптар және Шәкәрім Құдайбердіұлының “Ләйлі-Мәжнүн” дастаны (1935 ж.), “Ыбырай Алтынсариннің өлеңдер жи­нағы” (1935 ж.), “Ақан серінің таңдамалы өлең­дері” (1935 ж.), “Батырлар жыры” (1933 ж.) т.б. шығармалары арнайы көрсеткіштерге түсіріліп, сөрелерде сақталғанына куә болдық. Біздің ерекше көңіл аударғанымыз – (бұрын кез­дестірмеген) 1936 жылы таралымы 15000 данамен ба­сылған “Қыз Жібек” поэмасы. Мұрағаттың биб­лио­графиялық көрсеткішінде “Киз –Жибек. Народная казахская поэма. (ХІҮ-ХҮ вв.), Алма-ата – Москва, 1936. Записан и издан известным казах­ским поэтом Сакеном Сейфуллинным” деп көрсетілген. С. Сейфуллиннің тарихи-мемуарлық “Тар жол, тайғақ кешу” романы 1927 жылы (араб әрпі), 1936 жылы екінші басылымы (латын әрпі) жарыққа шыққаны мәлім. Кейін 1960-80 жылдары да баспадан шықты. 1927 жылы Қызылордада Әбдірахман Бегішевтің аударуымен “...В вагонах смерти атамана Анненкова” деген атаумен орыс тілінде басылған. Бұл романның орыс, қырғыз тіліне аударылған толық нұсқаларын (1960-1968 жж.) жұрт музей экспозициясынан көріп жүр. Келесі зерттеу жұмысы Красногорск қаласын­дағы кино-фото мұрағатында жалғасты. Мұнда 1930 жылы түсірілген, алты бөлімнен тұратын “Турксиб” (дыбыссыз) құжатты фильмі сақталған. Фильм толығымен қаралды. Бұл да Түркістан-Сібір темір жолының салынуы жайлы біздің тарихымыздың бір бетінің құнды ескерткіші болса, “Турксиб открыт” атты (режиссер-операторы Роом) екі бөлімнен тұратын құжатты фильмде темір жолдың алғаш ашылу рәсіміне қатысқан Сәкен Сейфуллиннің бейнесі түсірілген көшірмеге қолымыз жетті. Сәкен мұрасы – орны бөлек рухани мұра. Сон­дықтан да өзіміздегі және алыс-жақын шетелдердегі архивтер мен кітапханаларда сақталған құнды құ­жат­тар мен деректерді одан әрі зерттеп, жиырма жыл­дық тарихы бар музей қорын толық­тырып, ха­лық­қа насихаттау жұмысы одан әрі жалғасын тауып келеді. 25 ақпан Сәкен Сейфуллиннің 1938 жылы жазықсыз қаза болған күні. Бұл күн музейде еске алу кеші жылма-жыл өткізіледі. Биыл осы шара ауқымында музей қоры жаңа экспонаттармен толықты. Атап айтар болсақ, ХІХ ғасырдың соңында Ақмоладағы “Шахов фотостудиясында” түсірілген қазақ халқының жарық жұлдызы Шо­қан Уәлихановтың тете қарындасы Бәдіғұлдың, оның балалары Сұлтан Абылайұлы, Мәстураның түпнұсқа суреттері табылды. Бұл суреттерді му­зейге алаштың ардақты ұлы Хайретдин Бол­ғанбаевтың баласы Мұрат Хайретдинұлы тап­сыр­ды. Осы тапсырылған суреттердің тарихына үңілсек. Мәстура – ХХ ғасырдың басында Ақмолада тұрған ау­­қатты, беделді адам Әкбар Халфиннің әйелі. Олар­дың қызы Рахима Халфина – С.Сейфуллиннің ал­ғаш­қы жары. Кейін тағдырдың бұйрығымен Р.Хал­фина Хайретдин Болғанбаевқа тұрмысқа шығады. Х. Болғанбаев­тың өмірі мен шығармашылығы, ұрпақтары жайлы деректер 2005 жылы жарыққа шыққан “Шығармалары, тағылымы” атты жи­нағына енген. Осы кітаптың жарыққа шығуына қызы Гүлнар Болғанбаева көп еңбек сіңірген. Күл-Бағила СҰЛТАНҚЫЗЫ, С.Сейфуллин музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.