Аймақтар • 23 Қазан, 2019

Таушық ауылы 80 жылдығын тойлады

1236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстауда қазақтың кемеңгер ұлы Әбіш Кекілбаев балалық кезеңін өткізген, тұнық аспанында бұлбұл көмей Роза Бағланова ән шырқаған, ұлы  сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің шабытын шалқытқан Таушық ауылына 80 жыл толды.

Таушық ауылы 80 жылдығын тойлады

Терең тарихы бар ауыл бүгінде ажарлы кейпімен, базарлы тұрмыс-тіршілігімен Маңғыстау облысындағы үлгілі, алдыңғы қатарлы ауылдардың біріне айналды. Облыста «Үлгілі ауыл» атанған Таушық ауылы күн санап көркейіп, гүлденіп келеді. Ауыл азаматтарының қолдауымен, жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін маңызды шаралар атқарылуда.

Таушық ауылының 80 жылдық мерейтойына Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов қатысып, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Таушықтың бірқатар тұрғындарына Алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілепов Жұмат, Мемлекет және қоғам қайраткері Л.Қиынов, Мемлекет және қоғам қайраткері З. Алшымбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Қ.Ережепов, жазушы Әбіш Кекілбайұлының апасы, еңбек ардагері         Кекілбаева Қаракөз бастаған азаматтар «Таушық ауылына 80 жыл» мерекелік төсбелгісімен, бірқатар азаматтар Түпқараған ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Екі күнге ұласқан мерейтой аясында Шахта орта мектебінде интеллектуалдық конференция өткізіліп, «Сөз бен саз» бағдарламасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Таушық ауылы» паспорты макеті мен фермер, марқұм Т.Жолдыбаев атына берілген көшенің ашылуы болып, түрлі спорттық жарыстар өткізілді.

Нәтижесінде 36 шақырымдық аламан бәйгеде 1-орынға тігілген «Нива» автокөлігін ақшымыраулық М.Ақжігітовтың «Ақсұңқары» иеленсе, 2-орынның жүлдесі мотоциклді Атыраудан келген М.Машановтың «Ортекесі» иеленді. Сондай-ақ, бейнеулік Ә.Таңатаровтың «Ақтасы» 3-орынға тігілген тоңазытқышты еншіледі. Ал, 4-ші, 5-ші орын жүлдегерлеріне тиісінше теледидар мен кір жуатын машина тарту етілді.

12 шақырымдық қашықтыққа белгіленген құнан бәйгеде 1-орын жеңімпазы жылойлық Мырзағалиевтер әулеті 100 мың теңгеге, мәре сызығын 2-ші болып кесіп өткен бейнеулік К.Ыбыраев 70 мың теңгеге және 3-орын иегері түпқарағандық Қ.Қойшыбаев 50 мың теңге жүлдеге қол жеткізді.

24 шақырымдық Ошақ бәйгеде 1-орынға тігілген мотоциклді Таушық ауылының тұрғыны Хамза иеленсе, 2-орынға тігілген тоңазытқышты жылойлық М.Машанов, 3-орын жүлдесі шаңсорғышты қызылтөбелік Мұханов иеленді.

8 шақырымдық тай бәйгеде 1-орын 70 мың теңге ақтаулық атбегі Асылбекке, 2-орын 50 мың теңге Сай-Өтес ауылынан келген Тәттібай мен  3-орын 30 мың теңге Шетпенің сейісі Ерланға бұйырды.

Қазақ күресінен 1-орын Н.Жарылғапов жүлдеге тігілген түйені жетектеп кетсе, 2-орын алған Ж.Таңатов 150 мың теңгені, 3-орын иегері Ғ.Шолтаев 100 мың теңгені иемденді. Ал, қол күресінде жүлдегерлер - С.Қалдыбаев 50 мың теңгені, А.Бектемісов 30 мың теңгені, К.Бекқали 20 мың теңгені жеңіп алды.

Қой көтеруде Ринат Зулхарнаев жүлдеге тігілген қойды жетектесе, кейінгі орындардағы Темірбек Мәжіліс 30 мың теңгені, Расул Зулхарнаев 20 мың теңгені қанжығаларына байлады.

Таушық тойы өткенге құрмет, бүгінгіге ізет, келешекке сабақ болар тағылымды той болды.