Руханият • 24 Қазан, 2019

Сенімен қоштаспаймын, «Егеменім...»

639 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Біраз жылдар еңбек етіп, жур­налистік қым-қуыт қарбалас тірліктің ыстық-суығын, қы­зығы мен шыжығын бастан бір кісідей өткерген, өткен жылдың қарашасында құрметтеп шы­ғарып салып, қимай қош­тас­қан қара шаңырағым, өмір­дегі бас газетім – «Егемен Қазақ­станымды» сағынамын. Әуелі газеттің түр-сипатын, ке­с­кін-келбетін, атауының нақышты жазылуын, өзге басылымдардан өзгешерек, өзіме ыстық өзіндік өрнегін, жаныма соншалықты жақын ондаған айдарларын, беттерінің сырт көркемдігімен қатар ішкі мазмұн-мағынасын...

Сенімен қоштаспаймын, «Егеменім...»

Осылай жан-дүниемде «Егемен» газетімнің әлемі күнделікті өзіммен бірге, тыныс-тіршілігіммен рухани ас­тасып өмір кешеді. Газеттің арда­гер­лерін, әріптес болған ағаларды, апа­ларды, замандастарымды, ізетті іні-қарындастарды сағынамын. Ал­матыдағы бөлімшесінде бауыр жа­за серпілген қанатты жылдарды, аста­налық бас редакциядағы салиқалы да шуақты шақты сағынамын. Сағынған адам мұңаяды. Бұл бір сәулелі, нұрлы мұң, жақсы дәурен жайындағы жарқын элегия-естелік болып төгіліп түссе екен деп тілеймін.

Уақыт қандай ұшқыр десеңізші! Күні кеше ғана біздің толқын, біз шы­ғарған газет парақтары да сарғаю­ға­ ай­­налғандай. Әр жылғы таңдаулы ма­қа­лалар топтастырылған «Етжеңді «Егемен» кітаптарын, сонау 1919 жыл­­ғы «Ұшқыннан» бастап қаншама тарихтың тәпсірлі баяны қамтылған «Жүз жылдық жылнама» томда­рын ақтарып ойға батамын. Иә, Ота­ны­мыздың бас газеті, халықпен, қаза­ғымен бірге жасасып келе жатқан «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық шежі­­релі тарихының ішінде біз де бармыз, мына мен де бармын, осынау жүз жылдық тегеурінді толағай тарихты жасауға біз де белсене қатысыппыз. Енді жаңағы мұңым мақтаныш болып кернейді кеудемді, элегиямның шұратында шаттық бұлағы сылдырайды. Бір ғасыр бойы ел газетінің беттерінде елдің тарихы, елдіктің тарихы қатталса, соған біздің де қатысымыз бар екен, сол тарихтың күнге ұмтылған күмбезін біз сомдасыппыз. Бұған қалай қуанбассың, қалай мерейленбессің?

Осынау 100 жылдық тарих тағы­лымы бізді шындықтың бетіне тура қарауға, нендей алмағайып болса да әділін айтуға үйретеді. Осы тұрғыдан келгенде «Егемен Қазақстан» газетінің тарихын ел тарихынан, қазақ елінің қилы заман, қасіретті кезеңдерінен бөліп қарастыруға, араларын ала жіппен ажыратып таразылауға әсте болмайды деп білеміз. Бәзбіреулердің қызыл сая­­саттың сойылын соқты, пәлен-тү­ген деп ел газетін қаралағылары келе­тіні қынжылдырады. Осылай дегенде газеттің өзі де, ондағы талай-талай ұлт­­жанды қаламгерлер де қазаққа қар­­сы содыр-сойқан, залым да зымыс­тан саясаттың құрбаны болғанын ес­кермейтін сияқтымыз. Ақиқат біреу ғана: «Егемен» барлық уақытта елмен бірге болды, газеттің әр кездегі Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов сынды алаш текті ардагер басшыларының жүрегі тек халқым деп, қазағым деп дүрсілдеп соқты, ел үшін еңіреген Едігенің мәрт күйін кешті.

Әрине «Еңбекшіқазақ» та, «Со­циал­ды Қазақстан» да, «Социалис­тік Қазақстан» да ресми тұрғыдан боль­шевиктер партиясының, Кеңес өкіметінің тілі болғанын, соның қаулы-қарарларын жариялағанын, талап-мін­деттерінің үдесінен табылғанын еш­кім жоққа шығармайды. Бірақ ол мәжбүрліктен, лажсыздықтан туын­даған амалсыздық ахуалы болатын. Дей тұрғанмен, бәрібір газет замана құйындары қалай ұйытқып соқ­са да, негізінен қазақтың мұңын мұң­да­ды, жоғын жоқтады, нәубет-тау­қы­меттеріне күйініп күңіренді, қиын­шылық-әттегенайларына өкініш біл­діріп опынды, жақсылығына қуан­ды, үмі­тіне жұбанды, ұлт рухын шың­дай беруден жазбады, дәйім ел ең­сесін көтерісуден танбады, Алаш мұ­ратын астарлап айтты. «Жүз жылдық жыл­намаға» жітірек үңілгенде біз осыны аңғарамыз.

Елдің бас басылымының нешеме буын журналист қаламгерлерін қалып­тастырған осынау қасиетті дәстүр Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балға­бек Қы­дырбекұлы сынды дегдар редактор­лардың тұсында одан әрі жалғасын тауып, ал аңсарлы азаттығымыздың елең-алаңында Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сияқты кемеңгер кори­фейлердің басшылығымен ба­йыпты да кемел арнасына түскен еді. Сол кездердегі аға басылымның үлгі-тағылымын, мақалаларының стиль-мәнерін бойға сіңіруге, машығын алу­ға тырысып талпынбаған журналист кемде-кем болатын. Әсіресе біз­дің буын осы тәлім-тәрбиені молынан қар­пып үлгерді. Осыдан бірер жыл бұ­рын «Егеменнің» бес қасқасы» ат­ты мақаламызды жаздық та, біздің ал­дымыздағы аға буынның ішінде Сарбас Ақтаев, Уахап Қыдырханов, Нұрмахан Оразбеков, Нұриден Муфтахов, Сабыр­жан Шүкірұлы, Мамадияр Жақыпов, Бекболат Әдетов сынды «СҚ»-ның саңлақ журналистерінің шеберлігінен, тіл шұрайынан, батылдығынан сырт­тай­ болса да үйренбедік десек, өті­­рік­ айтқан болар едік. Иә, сол жет­пі­­сінші-сексенінші жылдардағы «Социа­листік Қазақстан» біз үшін жур­на­листік шеберліктің эталоны, жур­на­листиканың үлкен мектебі болатын, бұл газетте елдің ең мықты журналист қа­ламгерлері еңбек ететін, соларды өзі­мізге ұстаз тұтатынбыз. Сол себептен де, генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайтыны сияқты, бас газетте жұмыс істеуге ұмтылмайтын, соны жан-жүрегімен қаламайтын журналист те болмаушы еді.

Бір қызығы, сол кездерде аға г­а­зет «СҚ»-да еңбек ету қол жетпес қиял­дай көрінетін де, қияли болма­ғандықтан, өз басым ондай орындалмас ойдың маңына жоламайтынмын. Бірақ оған ара-тұра автор ретінде қа­тысып тұрудың реті кей-кейде ке­ліп-ақ қалатын. Тіптен, бірде газет қыз­меткері, тамаша ақын Кеңшілік Мыр­забеков «Жексенбілік әңгіме» ай­дарымен «Ақ әженің ақ наны» ат­ты әңгімемді жариялатқанда қатты қуа­­нып, марқайғаным әлі есімде. «СҚ»-­ның Көкшетаудағы меншікті тіл­шісі Баян Нұрпейісов ағамыздың тапсырмасымен де сын тұрғысындағы мақалалар, басқа да материалдар жа­зып беріп, солар анда-санда аға газе­тіміздің беттерінде жарық көріп жататын. «СҚ»-да мақалаң шығу – мерей, мақтаныш. Ол күні өзіңді аса бақытты сезінесің. Сол алған шаттық зарядының өзі әлденеше күнге жетіп, жақсы көңіл күйде күпілдеп жүресің.

Он бес жыл шамасында аудандық, облыстық газеттердің көрігінде пісіп, 1989-да арман еткен Алматыға да кел­дім отбасыммен қотарыла көшіп. Бұл уақытта негізінен «Жұлдыз» журналында жүрдім, ақын-жазушылардың орта­сына түстім. Сол кезде Орталық Коми­тетте істейтін Сауытбек Абдрах­манов Мұхтар Мағауинге: «Қорғанбекті сонау Көкшетаудан тауып алған кө­зіңіз қандай меткий еді, Мұха!» деп айтыпты. Сондай «меткийлік» қасиет Сауытбек досым­ның өзінде де бар екенін ол кезде қайдан білейін. Бәрібір, «СҚ»-да ерекше адамдар істеуге тиісті деген қағида санамызға мөрленіп басылып қалған, ол жаққа аттап басуға жүрек дауаламайтын.

Дегенмен «Ауыл» газетінде Бек­болат Әдетов ағамыздың қасында тон­ның ішкі бауындай орынбасары болған кезде аға газет, ондағы шығармашыл орта жайындағы әңгімелерге көбірек қанықтым. Ғалым Тыныбаев аға нелер қызықтың майын тамызып айтқанда олар­дың «СҚ»-дағы дәурені көзімізге бір ертегідей елестейтін. «Полтора қа­зақ» атанған меншікті тілші Сейдахмет Мұхаметшин, «СҚ»-ның айтқышбегі Тәжібай Битаев ағаларды сыртынан жақ­сы көріп, көрмесек те көргендей болып көңілді көркейтіп отыратынбыз. Өстіп жүргенде Ерекең – Ержұман Смайыл ағамыз басшысы болып тұр­ған кезінде 50 жасқа толуыма орай жа­ңағы жарықтық Бекеңнің мен туралы «Шағаладай шарқ ұрған» атты жүрек лүпіліндей әдемі толғамы енді «Егемен Қазақ­станның» беттерінде шыққанын көргенде қуанғаннан өз көзіме өзім сенбегенім де рас-тын.

Ақыры, не керек, 2004 жылдан бас­тап оқта-текте болса да «Егемен Қазақстанға» жазғандарымды ұсынып тұр­дым. Солардың бірі – «Қазақта бір Дәркембай» атты эссе мақалам тәуірлер қатарынан табылып, «Етжеңді «Егемен Қазақстанның» таңдамалы кітабына кірді. Әттең, көзі тірісінде жазылып, өзіне оқытып та үлгерген осы ма­қаланың қазанамамен қоса жарияланып, қазағымның қайталанбас өнер иесі Дәркембай Шоқпарұлының соны баспа бетіндегі бедерлі күйінде көруге тағдыр жазбай, өмірден асығыс өтіп кеткені өкіндіреді-ақ. Осыған қайтіп мұңаймассыз...

Жаңа заманымыздың «Егеменіне» келмей тұрып та рахметім мол-тұғын. «Жыр жаһаны» айдарымен жарты бет­ке жалпағынан жайылып топтама өлең­дерім шыққанын көрсеңіз. Өлеңі осылай жарық көрген әрбір ақын бақытты дер едім. Басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановтың сондағы айтқан: «Қорғанбек, айтшы, бұдан бұ­рын өлеңдерің халыққа 100 мың ти­ражбен тарап көріп пе еді?!» деген ақжарқын әзіл аралас ақиқат сөздері мені шынымен-ақ қатты ойландырып тастаған болатын. Одан кейінгі оншақты жылдың үдесінде бас газетте үш бірдей поэманың, қаншама өлең-жырларымның басылғанын, сөйтіп енді оқырманға 100 мың емес, 200 мың тиражбен тарағанын да төтенше бақытым, осынау басылымға жан-жүрекпен берілген жақындығымның шарапаты деп білемін.

Осы айтқанның бәрін жинақтай келгенде, 2007 жылдың қыркүйегінде басшылықтың ұсынысын бірден қабыл алып, «Егеменге» келуім өзіме әлдебір заң­дылық, тағдырымның бұйрығы сияқты болып көрінеді. Алматы бө­лім­шесі әйбәт. Мамадияр ағамен бұ­рыннан сыйлас едім. Гүлзейнеп (Сәдірқызы) деген ер құрбымыздың есіміне сырттай қанықпын да. Айнаш (Есали) қарындасымды да, байқасам, бұрын­нан білетіндей екенмін. Ұжымға тастай батып, судай сіңдім десем де болады.

Алматы шаһарының зияткерлік әле­уеті ғажап қой. Небір академик, ғы­лым докторы, профессор, жазушы, өнер қайраткері – өзіміз ардақ тұтатын үл­кен тұлғалардың, зиялы қауымның «Егемен Қазақстан» газетіне деген қалтқысыз құрметін дәл осы шақта аңғарып сезіндім. Солардың көбі авторымыз, сұхбаттасымыз, кейіпкеріміз болды. Арамызда достық, сондай бір сыйластық рәуіш орнады. Солардың ішінде Әзілхан Нұршайықов, Сағадат Нұрмағанбетов, Талғат Бигелдинов, Сағындық Кенжебаев, Серік Қирабаев, Салық Зиманов, Аманжол Қошанов, Мақтай Сағдиев, Кенжеғали Сағадиев, Әбдімәлік Нысанбаев, Өмірзақ Айт­­баев, Сағындық Сатыбалдин, Мұ­рат Жұрынов, Әшірбек Сығай, Тұң­ғышбай Жаманқұлов сынды ардақты аға­ларды айрықша бөліп атар едік. Бұл кісілер бізді де танып білді, баға­лады. «Егеменнің» арқасында. Әсі­ресе Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин сияқты әдебиет классиктері хақындағы мақала-сұхбаттарды дайындауым өзім үшін аса ғанибет жағдай болғанын айтуым керек.

Иә, жүз жылдан бері бірнеше жүз­деген-жүздеген журналист қалам иелері өз тағдырларын осынау бас газет­пен байланыстырып келеді. Ада­ми бақытын, азаматтық аңсар-мүд­десін осы арадан тапты, сол арқылы хал­қына, еліне қызмет етті. Біз де сол көптің бірі болғанымызға шүкір. Жур­налистік қызмет жолымызда азды-көпті абырой-бедел иеленсек, ең алдымен, «Егеменнің» арқасы. Мың жасағыр «Егеменнің» арқасында ел астанасының тұрғыны атанғанымыз және бар. Құдай-ау, жыр тұмасы Тұ­мағам: «Менімен мынадай сұхбат жа­саған Қорғанбекті мерейтойымның тө­ріне отырғызамын!», классик жа­зу­шы Мұхтар Мағауин: «Мен туралы ең жақсы мақаланы сен жаздың, Қорғанбек!», Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов аға­мыз: «Өз ісінің нағыз профессиона­лы екенсің!» деген сипаттағы ы­с­тық ықы­­лас-ле­біз­дерін білдіріп көтер­ме­лесе – біз ен­шілеген, ешқандай бас­қа марапатқа айыр­бастамас осындай ағалық шынайы қол­дау-құрметтер де тек «Егеменнің» арқасында мүмкін бо­лғаны анық. Әлемнің талай жерін ара­лап, тама­шалап көріп, Париж, Нью-Йорк, Ыс­танбұл, Анкара, Бейжің сияқты шаһар­лардан толғамды мақа­лалар жолдап, дүние танысақ – ол да осы қара шаңырақтың арқасы. Иә, «Егеменге» деген алғысым шексіз.

Соңғы жылдарда «Егеменіміз» көз қуандырып, көңіл сүйсіндіріп жасарып, жаңарып, жаңғырып келеді. Дарынды бауырымыз Дархан Қыдырәлі бастаған жасампаз жас толқын дәстүрді сақтай отырып, газетті түрлендіре, көркейте тү­суде. Нақ осыған біз, әсіресе газет ар­дагерлері қуаныштымыз. Сенімді әрі берік қолдағы «Егемен» елдік сөзін ай­тып, халқымен, қазағымен бірге бел-белестерден асып, жасай берсін!..

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

НҰР-СҰЛТАН