Қазақстан • 25 Қазан, 2019

Британия Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі

321 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған мемлекеттік және жеке сектор өкілдерінен құралған қазақстандық делегацияның Ұлыбританияға сапары барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және Қазақстан-Британ іскерлік қарым-қатынастарының болашағы басқосудың басты тақырыбына айналды.

Британия Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі

Лондонда Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесінің 3-ші пленарлық отырысы және «Kazakhstan Global Investment Forum-2019» инвес­тициялық форумы ұйым­дас­тырылды. Форумның ұйым­дастырушылары: «Financial Times» беделді халықаралық басы­лымы, «fDi» (Foreign Direct Investment) журналы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, сондай-ақ Қазақ­станның Ұлыбританиядағы елші­лігі. Форум жұмысына өңдеу, ауыл­шаруашылық, химия, тау-кен, қаржы секторларынан, сондай-ақ металлургия салаларынан, баламалы энергетика, логистика және цифрлы технология­лар компанияларынан 200-ден астам басшы қатысты.

Іс-шара Қазақстанның бизнес пен инвестициялар саласындағы мүмкіндіктеріне, сондай-ақ елдегі соңғы саяси және экономикалық өзгерістерге арналды.

«Орталық Азиядағы ең ірі эко­номика және бүкіл аймақ­тағы ІЖӨ-нің жартысынан көбі Қазақстанға тиесілі. Қа­зақ­станның аймақта ең мықты инвестициялық климат қалыптастыра алғанын шетелдік бизнесмендер де мойындайды. Тәуелсіздік алғалы бері ел экономикасына салынған 300 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция осының дәлелі»,  деді форумның ашылуында сөйлеген сөзінде  Р.Василенко.

Сыртқы істер министрінің орынбасары іскерлік климаттан басқа, елдегі биліктің бірқалыпты ауысуы және саяси тұрақтылық, жоғары білімді адами ресурстар, сондай-ақ елдің 500 миллион тұтынушыдан тұратын жылдам өсіп келе жатқан өңірлік нарыққа қол жеткізуі  шетелдік инвесторлар үшін тартымды екендігін атап өтті.

Форумда негізгі спикерлер қатарында «Самұрық-Қа­зы­на» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төр­ағасы Ах­метжан Есімов, «Ас­тана» халық­аралық қаржы ор­талы­ғының (АХҚО) басқару­шысы Қай­рат Келімбетов, Ұлы­брита­ния­ның инвестициялар бойынша мем­лекеттік министрі Грэм Стюарт, Ұлыбритания Премьер-минис­трінің Қазақстан бо­йынша сауда өкілі Баронесса Эмма Ни­колсон, Ұлыбритания парла­мен­тінің мүшесі және «Белдеу жә­не жол» бастамасы бойынша бү­кілпартиялық то­бының төрағасы Файзал Рашид, Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті сэр Сума Чакрабарти және басқалар болды.

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Г.Стюарт «Қазіргі уа­қыт­та Ұлыбритания Қазақ­стан­ның ең ірі тікелей инвес­тор­ларының бірі. Бұл компания­ларымыздың сіздің еліңіздің серпінді экономикасына деген сенімін көрсетеді. Жүздеген бри­тандық компанияның Қазақ­станда қызмет етуге лицен­зиясы бар, ал елдеріміз ара­сын­дағы сауданың жалпы көлемі өткен жылы 2,7 миллиард фунт стерлингті құрады. Ұлыбритания Еуропалық одақтан шығып, шын мәнінде еркін сау­да сала­сындағы жаһандық көш­бас­шы болуға ұмтылыс барысын­да, біз британдық фирма­лар­дың Қазақстанға алдағы он­жыл­дық­тарда өсіп, дамуға көмек­тесе оты­рып, одан да ма­ңызды рөл атқар­ғанын қалай­мыз», деп атап өтті.

Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» рейтингісіндегі көрсеткіштердің жақсаруы Қа­зақстандағы инвестициялық ахуалдың айнасы іспеттес. Қазақ­стан бизнес жүргізу бойынша ең тартымды 30 елдің қатарына еніп, 190 мемлекет арасында 28-орынға көтерілді.

«Еуразияның ортасында ІЖӨ соңғы екі жылда төрт па­йызға өскен және британдық ком­панияларға Еуразиялық эко­но­микалық одаққа, Қытай жә­не Өзбекстан нарықтарына шы­ғуға мүмкіндік беретін тұ­рақ­ты платформа болатын Қазақстан ор­наласқан. Еу­разиядағы шетелдік инвес­тициялардың ең үлкен бөлігі осы мемлекетке тиесілі. Бүгін «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының өкілдері және басқа да спи­керлер инвестициялық әлеует туралы айтып, мемле­кеттік ак­тивтерді жекеше­ленді­ру бағ­дар­­ламасының қазіргі мүмкін­діктері туралы  жан-жақты ақпарат береді», деп атап өтті Баронесса Э. Николсон.

Бірнеше сала бойынша Қазақ­станның ірі мемлекеттік актив­теріне иелік ететін «Са­мұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың рөлі күн тәртібінде тұрған ма­ңызды мәсе­леге айналды.

«Қор жаһандық экономи­калық үрдістерді ескере отырып, табысты әртараптандыруға ба­­ғыт­­талған жаңа стратегиясын бекітті. Ол келешегі зор сала­­ларға: мұнай-газ химия­сына, жаңартылатын энергия көз­­­деріне, жоғары техноло­гия­лар­ға, «Индустрия 4.0» сондай-ақ тәуелсіз қорлар және ірі инвес­тициялық компаниялармен ті­келей инвестициялардың бір­лес­­кен қорларын құруға бағыт­талады», деді А.Есімов.

Ол сондай-ақ Қор алдағы бес жылда жоғарыда аталған ба­ғыт­тарға 38 млрд АҚШ долларын құйып, оның 32 млрд АҚШ доллары шетелдік, оның ішінде британиялық компаниялардан тартылатын инвестиция көздеріне де тиесілі екендігін атап өтті.

Форумға қатысушылар бри­таниялық құқық принципімен жұмыс істейтін АХҚО-ның маңыздылығына да тоқтады. Ор­талық инвестиция тарту бойын­ша маңызды платформа және тиісті қаржы құралдарына ие әрі халықаралық деңгейде қызмет көрсетеді. Инвесторларға жайлы жағдай жасалған. Олардың қатарында барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін рет­теудің тәуелсіз механизмі, сот және халықаралық төрелік орта­лығы бар.

Қазақстанның қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы­на қатысы ерекше назарда болды. Жобаға басшылық етудің британиялық жүйесі, қазақ­стандық ресурстар және Қы­тай инвестициясы есебі­нен пәр­менділікті арттыру прин­ципі бойынша Ұлыбритания, Қазақ­стан және Қытай арасындағы үшжақты әріптестікті дамыту әлеуеті талқыланды. 

Қазақстанның Ұлыбри­тания-
­дағы елшісі Ерлан Ыдырысов пен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффорд форумды қорытындылай келе, осындай ірі, бағыты айқын экономикалық іс-шаралар инвестициялық-эко­но­микалық ынтымақтастықты те­рең­детуге және кеңейтуге екі ел­дің ниетті екендігін көрсетеді деді.

Форум барысында Р.Васи­ленко британиялық бизнестің «капитандарымен» және халық­аралық ұйымдардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Олардың қатарында ЕҚДБ, «GlaxoSmithKline», «Gap Insaat», «Investcorp», «Independent Power Corporation», «United Green», «Worley Parsons», «International Development Ireland» және басқа да компаниялар бар.

Баронесса Э. Николсон және А. Есімов тең төрағалық ететін Қазақстан-Британ Іскерлік кеңе­сінің 3-ші пленарлық отырысында екі ел компаниялары өзара әріптестікті дамытудың алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларының жекешелендіру бағдарламасын іске асырудың жай-күйі мен келешегі қарастырылды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын Лондон қор биржасында орналастырудың табысты тәжірибесі ерекше аталып өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Da Vinci Capital» ин­вес­тициялық компаниясы арасында 100 млн АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестициялар қорын құру туралы келісімге қол қойылды. Келісім аясында қор ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласында жұмыс істейтін қазақстандық ком­панияларға 40 млн АҚШ дол­ларынан кем болмайтын қар­жы құяды. Қаражат аталған компа­ния­­ларды дамытып, IPO-ға шыға­руға бағытталады.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» көлемі жағынан әлемде 4-орын алатын күн және жел электроэнергетикасына маманданған «EDP Renovaveis» компаниясымен бірге инвестиция құю туралы келісімге қол қойды. Құжат Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру қағидаттарын регламенттейді. «EDP Renovaveis» қуаттылығы 250 МВт болатын күн электр стансасын салу бойынша жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «Inter­national Development Ireland» арасында әріптестік орнату туралы екі меморандумға қол қойылды. Бұл 50 млрд тең­ге­ден кем емес сомаға ирлан­дия­лық инвестициялық жобаларды Қазақстанның арнайы экономи­калық және индус­триялық ай­мақ­тарына тартуға көмектесу, сон­дай-ақ экспорттық несиелерді ұсы­ну бойынша британиялық агент­тіктің қар­жыландыруы аясын­да (UK Export Finance) Қазақ­стан­ның Денсаулық сақтау минис­тр­лігі мен «Gap Insaat» компа­ниясы арасында Ақтау қала­сында 350 орындық аурухана салу жобасы.

Іс-шара аясында 5 000 еркін экономикалық аймақ ең үздігін белгілеуге арналған «Global Free Zones of the Year-2019» жүлдесі салтанатты түрде табыс етілді. Марапаттау рәсімін жыл са­йын беделді британиялық «fDi» журналы ұйымдастырылады. «TURKISTAN» арнайы эконо­микалық аймағы үш аталымда жеңімпаз атанды.