«Мемлекет басшысы білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерді белгілеп берді. Қазір білім саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалуда. Одан бөлек, педагогтар мәртебесі туралы заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Артық жүктемелерді азайту, ұстаздардың жауапкершілігін арттыру бағыттары бар. Жалпы, мәселе көп. Ашып айтыңыздар. Біз осы мақсатта өңірлерді аралап жүрміз. Пікірлеріңізді ескереміз», деді Бердібек Сапарбаев.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтар мәртебесі туралы заң жобасын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамытуда Шымкент көш бастап келеді. Биыл бұл мақсатта 10 жекеменшік мектеп ашылған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ жиында ұстаздар тарапынан ұлттық тәрбиені күшейту, әлеуметтік жағдайды көтеру, мектептердегі орынсыз тексерулерді азайту мәселелері көтерілді.
Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының өңірлерде орындалуы жөніндегі есепті кездесуде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қаладағы әлеуметтік мәселелер бойынша тұрғындардың пікірін тыңдады.
Ашық диалог форматында өткен жиында атаулы әлеуметтік көмек төңірегіндегі кейбір келеңсіздіктер сөз болды. Сондай-ақ Жолдаудағы көзделген негізгі тапсырмалардың орындалуы бойынша халықпен пікірлесті.
«Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықты әлеуметтік қолдау мақсатында бюджеттен 250 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар халық арасында несие төлеуден кешігіп, айыппұлы өсіп кеткен шығындарды өтеу үшін 142 млрд теңге жұмсалды. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру үшін қоғам мен билік ортасындағы кері байланысты оңтайландыратын тиісті құжаттар әзірленуде. Халықтан келген бірде-бір сұрақтар жауапсыз қалмауы керек. Әр өңірде құрылған қоғамдық кеңестің жұмысында да кемшіліктер жетерлік, ашықтық жоқ. Сондықтан халық арасында жиі сауалдама өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік сауалдама бойынша көрсеткіші 30 пайыздан төмен болса, жедел түрде мәселесі қаралатын болады», деді Бердібек Мәшбекұлы.
Естеріңізге салар болсақ, Шымкент қаласында биылғы тоғыз айда атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) бөлінген 22,3 млрд теңгенің 14,6 млрд теңгесі, яғни 65,5 пайызы игерілген. Ал АӘК алуға өтініш бергендердің саны биыл 6,9 есеге артқан. Бұл көрсеткіш атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа моделін жасауға түрткі болып отыр.
Осы орайда мемлекет тарапынан шын мұқтаж жандарға көрсетілген көмекті орта жолдан қағып кеткісі келетіндер аз болмапты. Жергілікті әкімдік мүшелерінің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған мұқтаждар қатарында 7 596 отбасының табысын жасырғаны анықталды. Қазіргі уақытта 2 529 отбасына тағайындалған 1 530 млн теңге көлеміндегі төлемдер толық тоқтатылды.
Ел қазынасынан бөлінген қаржының жұмсалуын қадағалау мақсатында қала әкімдігі тарапынан жүргізілген зерттеулер мен тексерулер нәтижесінде 271 отбасына хабарландыру таратылып, оның 3-уі ғана өз еркімен 828,4 мың теңге қаржысын бюджетке қайтарған. Қазіргі таңда 5 116 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 4 255 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған қаржы 1 037,4 млн теңгеге кемітілді.
Бұл жөнінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы билік бірлесіп жұмыс істеуде. «Ең бастысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда масылдыққа жол бермеуіміз қажет», дейді сала басшылары.
Тұрғындар мен сала мамандарының пікірін тыңдаған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға көмектесетінін жеткізді. Әрі еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуге ниетті болса, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға көмектесетінін атап өтті.
ШЫМКЕНТ