Жақында елордадағы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының ұйытқы болуымен «Елордалық әкелер кеңесі» конвенті өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамда әкенің рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға елге ерлігімен, көпке үлгілі ісімен танылып жүрген әкелер қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, бала тәрбиелеудегі оның рөлінің маңыздылығын арттыруға, бала үшін қауіпсіз ортаны құру және қолдау, отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайтуға бағытталған.
Қалалық әкелер конвентіне өскелең ұрпаққа үлгі болатын азаматтар көп жиналды. Олардың арасында ерекше күтімді талап ететін балаларды өсіріп жатқан, өз басын қауіпке тігіп жүріп адамдарды ажалдан арашалап қалған қаһарман әкелер қатысып, өз пікірлерін, бала тәрбиесіндегі өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарын интерактивті алаң түрінде аудитория көрермендерімен бөлісті.
Жиынның ресми ашылу салтанатында М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айымгүл Қуанышқызы бұл шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қаладағы әкелердің қоғамдық жұмыстарға араласуын, білім мекемелеріндегі іс-шараларға балаларымен бірге қатысуын қамтамасыз етіп қана қоймай, әкенің рөлін көрсете отырып, игі істерін насихаттау дейп атап өтті. Сондай-ақ ерекше ерлігімен, ұрпаққа өнеге болар игі істерімен көзге түскен әкелерді халыққа кеңінен насихаттау, сол кісілердің үлгі болар істерін көрсету де керек.
– Биыл бірінші рет М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында қалалық әкелер конвентін ұйымдастырдық. Өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Іс-шарамызға елордадағы 80-нен астам білім беру ұйымының оқушылары өз әкелерімен қатысып, керемет әсермен қайтты. Қаламызда ерлігімен көзге түскен ер-азаматтар өте көп. Алдағы уақытта осындай жандармен барлық мектептерде арнайы кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, біз тек бір ғана шарамен шектеліп қалмаймыз. Тұңғыш Президент күніне орай, әкелер мен балалардың вокалды ән жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді А.Қуанышқызы.
«Елордалық әкелер кеңесі» конвентін ұйымдастырушылар жиынға қатысатын кейіпкерлерді әр аталым бойынша төрт топқа бөлген. Сахнаға бірінші болып «Құтқарушы әке» аталымының иесі Қуат Сағатұлы көтерілді. Бұл кісі Нұр-Сұлтан қаласындағы №17 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері. Қуат Сағатұлы күн сайын өзгелердің өмірін құтқару үшін өз өмірін қатерге тігіп, жұмысқа аттанады. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз екі баланың әкесі және «ІІ дәрежелі Құтқарушы» атағына ие, көпке үлгі боларлық азаматтың бірі.
«Өрт сөндіруші болу бала кезден бергі арманым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Өзім туып-өскен Ақмола облысындағы Жақсы ауданына қарасты Қима деген ауылдың мектебінде алғашқы әскери дайындық сабағының мұғалімі болатынмын. 2004 жылы ауылда өрт сөндіру бекеті ашылып, сол жерге жұмысқа орналастым. Біздің ауылда өрт жиі болмаса да, бірнеше рет тұрғын үйлер, қоралар өртеніп кеткен-ді. Ал өрт сөндіруші маман тапшы болатын. Сол кезде ойланбастан мектептегі жұмысымды тастап, біржола өрт сөндіру саласына ауысып кеттім. Осылайша шама-шарқымызша елге қызмет етіп келемін.
Төтенше жағдай саласындағы қызмет – нағыз ер жүрек, батыл азаматтың мамандығы деп білемін. Тәрбиелеп отырған ұлдарым да маған еліктеп өсіп келеді. Әкеге қарап өскен ұл жаман болмайды дейді ғой. Болашақта балаларымды елге қызмет ететін, өз елінің патриоты болатындай етіп тәрбиелеу азаматтық парызым деп білемін. Істеген ісімізбен, көрсеткен өнегемізбен болашақ ұрпағымызға тәрбие бере алсақ, бала алдында әкелік парызымыз өтелгені шығар. Әр әке өз баласының – батыры болуы керек», дейді Қуат Сағатұлы.
Біздің екінші кейіпкеріміз өз қызына ең алдымен әке, екінші продюссер болып жүрген – Леонид Хан. «Продюссер әке» аталымына ие болған Леонид Хан қызының мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамай, перзентінің әнші болсам деген арманын орындауына мүмкіндік туғызып жүрген әкелердің бірі.
– Мен – ең әуелі қызымның әкесімін. Оның ән айту қабілетін байқаған соң қызымның арманын орындауға тырысып жүрмін. Қазіргі таңда бізді түрлі іс-шараларға, концерттерге құрметті қонақ ретінде шақырады. Алдағы қараша, желтоқсан айларында еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріне гастрольдік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ал 2020 жылы қызымның атындағы ерекше дарынды балаларға арналған фестиваль өткізбекпіз. Осы жұмыстарды жүйелі түрде істеу керек. Сөйтіп алдағы уақытта қызым мықты бір продюссерге тап болып, ән өнеріндегі айтулы әншіге айналатынына сенімдімін.
Меніңше, бала тәрбиесінде әрбір әкенің балаға деген ерекше махаббаты болуы керек. Оның білімді болып өсуіне барлық жағдай жасап, отансүйгіштікке тәрбиелеу әкенің басты міндеті. Сонымен қатар үлкендерді сыйлауға, өзінен кішілерге құрмет көрсетуге баулу керек. Сонда ғана бала бақытты әрі тәрбиелі болып өседі. Ал өзің құрметті әке деген атқа лайық боласың, – дейді Леонид Хан.
Әкелер конвентіне қатысып, тағылымды әңгімесімен бөліскен тағы бір кейіпкердің есімі Нұрболат Жәкетайұлы. Ол 2016 жылғы желтоқсан айында Астана-Бурабай тасжолында болған көлік апаты кезінде өз өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқарам деп ерлік үстінде қаза болған Жәкетай Құмарбектің ұлы. Жәкетай Құмарбекұлы 3 жыл бұрын «Астана-Бурабай» тасжолында болған қайғылы оқиғада опат болған еді. Ол көлік апаты болған жерден өтіп бара жатып, зардап шеккендерді құтқаруға тоқтаған. Сол бойы жан ұшырып, көмекке жүгіреді. Соғылған көлік ішінде қалғандарды дереу сыртқа шығаруға жанталасқан Жәкетай Құмарбек 2 адамды ажалдан арашалап қалды. Өкінішке қарай, қапылыста жігіт ағасының өзін автобус қағып кеткен. 2 адамды құтқарған азаматқа қайтыс болғаннан кейін «Батыл әке» және «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында тағайындалған «Батыл жүрек» марапаты берілді. Марқұмның ұлы Нұрболат Жәкетайұлы кешегі жиынға қатысып, әкесі туралы көрермендерге кеңінен айтып берді.
– Қазақта әкеңнен бота қалғанша бата қалсын деген сөз бар ғой. Әкенің балаға берген батасы 40 жыл азық болады дейді. Менің әкем өмірде қарапайым әрі шыншыл адам болды. Екі сөзінің бірінде бізге ешқашан өтірік айтпауды, кісі ақысын жемеуді, біреудің ала жібін аттамауды айтып отыратын. Өзі де осы қағидаларды сақтап өтті, – дейді ол.
«Елордалық әкелер кеңесіне» қатысқан тағы бір кейіпкер – Ұлттық ұланның взвод капитаны Шыңғыс Қайыржанов. «Отан қорғаушы әке» аталымына ие болған ол 15 адамды өлімнен құтқарып қалған азамат. Биыл көктемде елордадағы жатақханалардың бірінде өрт шыққан Шыңғыс қызыл жалынға оранған үйден 15 адамды алып шыққан.
Қашан да нағыз жауынгерге тән салқынқандылығын сақтайтын Шыңғыс Қайыржанов оқушы кезінде де осыған ұқсас ерлік жасаған екен.
– 10 сыныпта жүргенімде өрт шыққан үйде ұйықтап жатқан адамдарды құтқарған болатынмын. Әлі есімде, үйдің терезесінен будақтап түтін шығып жатты. Жұрттың бәрі қалың ұйқыда жатқан кез болатын. Бірден өртеніп жатқан үйдің адамдарын оятып, бәрі сыртқа шығып үлгерді. Жалпы, мен өзімнің осы жолғы әрекетімді ерлік деп айтпас едім. Біздің орнымызда кез келген адам солай істейді. Біреуге қауіп төнгенін көре тұрып, көмекке ұмтылмау мүмкін емес, – дейді Шыңғыс.
Өзінің айтуынша, Шыңғыс Қайыржанов әскерилер әулетінен шыққан.
– Әкем – зейнеттегі майор. Туған әпкем де офицер, майор шенін алған. Жұбайым да әскери салада, аға лейтенант. Әкемнің жолын жалғап әскери салаға келгеніме 14 жыл болды,– дейді взвод капитаны.
Біздің әкелеріміз әртүрлі, әрқайсысының өзіндік дара жолы болғанымен, олардың барлығы дерлік әке деген қасиетті де қадірлі атқа лайық жандар. Әр отбасында және әр баланың өмірінде әкенің ізі елеулі, орны дара. Өскелең ұрпаққа тәлімі мен тағылымы мол кездесуден осындай ой түйіп қайттық.