Технология • 25 Қазан, 2019

Алматының ІТ әлемі

302 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзаттың күнделікті тыныс-тіршілігіне заманауи жетістіктер дендеп еніп, әлем картасында уақыт сұранысына сәйкес келетін цифрланған жаңа тұрпатты қалалар бой түзеп келеді. Еуропа, мейлі Азия елдері болсын осыдан біраз жыл бұрын қол жетпеген жетістіктердің куәсі болып отыр.

Алматының ІТ әлемі

Қарқынды дамыған қалаларда экономикалық белсенділікті арттыру мен білім индустриясының дамуына инновациялық аймақтар ықпал етуде. Бүгінде әлемде ин­новациялық тұрпатты 100-ден астам қала бар десек, бұл бағытта Ал­матының келешегі әлі алда деп пайымдайды мамандар. Осы тұрғыдан алғанда алматылықтар креативті идеялар мен өзгерістерге дайын ба?

Жақында Алматыда Цифрлан­дыру басқармасы құрылып, қала әкімі Б.Сағынтаев тиісті мекемеге нақты тапсырма жүктеген болатын. Цифрлы сауаттылық деңгейі бойынша үздіктер қа­тарында тұрған Алматыда ІТ қызметтің үштен бірі орын­да­лады екен. Сондай-ақ Нұр-Сұл­танмен бірге Алматыда мәлі­мет­терді жедел жіберудің жаңа дең­­гейдегі 5G тесті жасалуда. Мем­лекеттік қызметтердің 80%-ы автоматтандырылған. Жаңа цифр­ландыру басқармасының мін­деті 2020 жылдың аяғына дейін мемлекеттік қызметтерді то­­лық автоматтандырып, ІТ сек­­тор қарқынын жеделдетуге жағ­дай жасау.

Цифрландыру басқармасының бас­шысы Баян Қоңырбаев арнайы бри­фингте IDC халықаралық зерттеу рейтингінде цифрланды­ру деңгейі бойынша әлем қала­лары арасында Алматы Орталық Азия бойынша 25-орында тұр­ға­нын мәлімдеген болатын. Бү­гінде Алматы Мәскеу сияқты ме­га­полиспен бәсекелесе алады. Дегенмен, өзіндік келбеті бас­қа­ша қалыптасқан шаһарды он­даған миллион халқы бар ме­гаполистермен техникалық жағынан салыстыруға келмейді. Бас­қарма басшысының айтуынша, сапалы жүзеге асқан жобалардың қатарында қаламыз білім беру сал­асындағы Bilimal­maty.kz жү­йе­сі тиімділігін көр­сетті. Бұл жү­йе мектептерге элек­трон­ды тір­­келіп, қадағалауға мүм­кіндік бе­реді. Сонымен бірге Aparking жүйесі аясында 2,7 млрд теңге ин­­вестицияланған. Аталған жү­йе негізінде 2016-2018 жыл­­да­ры автотұрақ ақысын төлеме­гендерге 552 млн теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар қазір қала көлемінде 100-ден астам тө­лем терминалы мен онлайн-төлем жасайтын мобильді қосым­ша жұмыс істейді. Қаладағы автомат­тандырудың тағы бір көрінісі – «Оңай» төлем жүйесі. Осы жү­йе нәтижесінде жолақы төлеу ашық жүргізіліп, қаланың автобус парктерінің табыс көрсеткіші 60 пайызға артқан. Бүгінгі таңда Ал­­матыда 181 қызметтің 145-і автоматтандырылған. Өткен жы­лы 30 млрд теңге инвестицияланды, биыл 21 млрд теңгені игеру жос­парлануда.

Цифрландырудың артықшы­лықта­рының бірі – барлық қыз­меттердің ашықтығын қамта­ма­сыз етеді. Халықаралық сарап­шы­­­лар­дың болжамы бойынша 2020 жылға қарай әлемдік эконо­миканың 25 пайызы цифрланады. Бүгінде Қазақстанның IT-ин­дустриядағы үлесі 4 пайызды құраса, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 пайызға жетуге тиіс. Украинаның бұл саладағы үлесі Қазақстанмен тең. Ал Беларусь елінде бұл көрсеткіш 5,5 па­йызды құраса, 2023 жылы 10 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Алдағы он жылда Қазақстан цифр­лы экономикасының ІЖӨ-дегі үлесі 20-30 пайызға жетеді деп болжанып отыр. 2011 жылы бұл көрсеткіш 0,9 пайызды құрағанын ескерсек, алынар меже алыс емес деп ба­ғамдайды мамандар.

Қазақстан Үкіметінің цифрлы технологияларды дамытуының негізі 2013 жылы қабылданған «Ақпаратты Қазақстан – 2020» бағ­дар­ламасында жатыр. Ал IT саланың дамуы кәсіби мамандар тәжірибесімен тығыз байланыс­ты. Бұл бағытта да Қазақстанда мамандар даярлау ісіне жіті көңіл бөліне бастады. Осы орайда дағ­дарысты 90-жылдардың өзін­де Украина мен Беларусь оқу бағдарламаларын жаңартып, ше­телден кем түспейтін маман да­ярлағанын айта кеткен жөн. Осылайша бұл елдерде бірте-бір­те шетелдік компанияларға бағдар­ламалар әзірлеу қызметтерін ұсы­­натын аутсорсинг компания­лар пайда болды. Бүгінде Шығыс Еуро­пада IT-аутсорсинг нарығына қатысушылардың ең ірісі – Украи­на. Мұндағы қырық мыңдай қыз­мет­кері бар 800 компанияның на­рықтағы жылдық қаржы айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қалалардың дамуы бүгінде инфрақұрылымдық мәселелерді шешуде жаңа шешімдерге зәру. Қауіпсіздік, жол кептелісі, экология, коммуникациялық қызмет, тағы басқалары жетілдіруді қа­жет етеді. Әлемдегі тығыз тра­фик­ті қалалар тізіміндегі Лос-Анд­желесте жол қозғалысын реттеу үшін арнайы датчиктер мен бей­небақылау камералары өте көп орнатылған. Жол жағдайының сипаты секундтық дәлдікпен анық­талады. Осы қадағалау қон­дырғысымен кептелістерді ба­қылап, бағдаршамдарды жүйе­леп отыратын тетіктер бар. Ал Амстердамда қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін Philips-пен бір­лесе энергия үнемдеу жарық диод­тары IoT қосылған. Philips-тің бағам­дауынша, қала осы арқылы жылына 13 млрд доллар үнемдейді екен.

IoT-ты қала өміріне белсенді енгізудің мысалдары көп.

Eden Strategy Institute рейтин­гінде Smart City Government технологияларын пайдаланатын 50 қала бар. Бұл тізімге ЕО, Солтүстік Аме­рика, Азия, Африка елдерінің шаһарлары енген. Ал McKinsey агенттігі қала өмірін жақсартуға бағытталған 50 қызметке зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде қоғамдық көлік жүйесі, тағам жет­кізу, коммуналдық шығынды ба­қылау жүйесі мейлінше сұраныс­қа ие екені анықталды.

Алматыда жүзеге асып жатқан «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында ақпараттық-коммуника­циялық технологиялар зерттеліп, оның жұмыс істеуі мен тиімділігіне талдау жүргізілді. Мақсат – өмір сапасын жақсарту, қауіпсіздікті кү­шейту, инфрақұрылым мен инвес­тициялық тартымдылықты дамыту, коммуналдық қызметтердің сапа­сын арттыру. Осы бағытта қа­ла­дағы энергия үнемдейтін диод­ты жарықтарды қондыру мен жол-көлік қауіпсіздігін ба­қы­лау мақ­сатындағы «Сергек» бақылау жүйе­лерінің тиімділігі назарда. Қазір Алматыда да бар­лық нысандардың деңгейін анықтау бойынша арнайы алаң құрылған. Оның барысында жол жөндеу қызметі, инфрақұрылым жүйелерін реттеу, мектеп, бала­бақша, емханалардың шоғырлануы да қадағаланады. Сондай-ақ осы бағыттағы жұмыс­тарды жетіл­ді­ріп, саланың дамуын­дағы тұр­­ғын­дардың үлесін арттыру мүм­­кіндігін қарастырумен қа­тар студенттерді цифрландыру үде­рісіне тарту мақсатында тех­ни­­калық университеттермен, сала­лық колледждермен байланыс жасалатын болады.

 

АЛМАТЫ