Спорт • 25 Қазан, 2019

Мейкатон марафоны өтеді

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа прототиптерді ойлап табу мейкатон TOM: Nur-Sultan» жобасы 25-28 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Шарапатты шараның мәні мен маңызы туралы баспасөз мәслихатында «Қазақстандағы Тель-Авив университетінің достар қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Сания Арапова, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Чингиз Маратұлы, «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» РҚБ атқарушы директорының орынбасары Александр Хоркин кеңінен айтты.

Мейкатон марафоны өтеді

 

Жиын барысында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Чингиз Маратұлы аталған жоба елордада тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.

«Мейкатон жобасы респуб­ликада бірнеше рет ұйымдас­тырылғанымен Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет өт­келі отыр. Сонымен қатар «Аста­на жастары» жастар ресурс­тық орталығы Нұр-Сұл­тан қа­лалық әкімдігінің қолдауы­мен, «Қазақстандағы Тель-Авив уни­верситетінің достар қа­уымд­ас­тығымен» келісімшартқа отыр­ған болатын», деді ол.

TOM: Nur-Sultan мейкатон марафоны бүгін бастау алады, онда 3,5 күн бойына мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірлерін жеңілдетуге арналған прототиптер жасалады. Мейкатон жобасы Назарбаев Университетінің Инновациялық кластерінің «Fab Lab» зертханасының алаңында өтеді. Бұл университет Нұр-Сұлтан қаласындағы алдыңғы қатар­лы университеттердің бірі болып табылады және инно­вациялық кең ауқымды іс-шара форматын өткізуге техникалық және материалдық базасы, жобаны өткізуге мүмкіндік береді.

«Мейкатон – жас өнертап­қыштар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың бас қосатын алаңы деуге болады. Және сол өнер­тап­қыштардың жасаған құрыл­ғылары мен жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың қалыпты өмір сүруіне ықпал етеді. Біз бұл жобаны Қазақстанда іске асыруды 2017 жылы зертхана жүзінде қолға алған болатынбыз. Аталған жобаның әкімдіктер тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымыз. Павлодар қа­ласынан бастау алған мара­фон Қарағанды, Алматы, Ақ­тау, Шымкент қалаларында жалғасқан болатын. Мәселен, былтыр өткен мейкатондарда мейкерлер сурдо-ақпаратты да­уыстап жеткізетін «Ақылды қолғап», мүгедектердің аяққа тұрып кетуіне арналған экзо­қаңқа, нашар еститіндерге тұр­мыстық жағдайларды бағдарлау үшін білезік және тағы басқалай пайдалы құрылғылар ұсынған. Тіпті қос жанарынан айырылған зағип жандарға арнайы таяқ та ойлап тауып, құрастырылыпты. Бұл құрылғы оларға көшеде ой-шұңқыр немесе жолдағы түрлі кедергілерді жарты метр қалғанда дыбыстық белгі беріп, ескертеді екен. Биыл ауқымды жобаны өткізу үшін Назарбаев университет инновациялық кластерінің «Fab Lab» цифрлы прототиптеу залы үш күнге зертханаға айналып, мейкерлер өз идеяларын жүзеге асырады. Өйткені аталған зал түр­лі технологиялық зерттеме­лер жүргізуге арналған зама­науи құрал-жабдықтармен қам­тылған» деді «Қазақстандағы Тель-Авив университетінің дос­тар қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Сания Арапова.

Үздік идеяларын ұсынған 7 ко­манда бірінші кезеңнен өт­ті және екінші кезеңде өздері ұсынған идеялар бойынша жұ­мыс істеуге мүмкіндік алды. Олардың ішінде GEAR UP – «Ме­­ханикалық коляскаларды модернизациялау. Электронды қон­дырмалар мен бесінші дөң­гелектерді қосу», CHAIN – «ChainStep – балдақ және мұзға қарсы аяқ киім», NUKBTU – «TyndApp – зағиптарға арналған қо­сымша. Қоғамдық көлікпен синхрондау (astrabus/citybus), Брайл негізіндегі дыбыстық жүйені үйрету», KEEP GOING – «Мүгедектер арбаларына арнал­ған электр қондырғысы», HEALTHOCRACY – «Мүге­дек спортшылардың аяқта­рын бұл­шық еттерін жылы­туға ар­нал­ған эллипс жаттықтыру­шысы», DEUX EX MACHINE – «Қолжетімді қалпына келтіру жат­тығуы велосипеді. «Сал ауру­ы бар аяқ-қолдардың бұлшық етін және буындарын дамыту үшін велосипедті педализация­лау қағи­датына негізделген қалпына келтіру аппараты», ЖӘРДЕМ – «Қосымша мультифун­кционалды опциялармен электр коляскасын жақсарту» жобасы бар.

Екі кезеңде де командаларға нидноуэрлерден және прототип­терді арнайы жасап жатқан мүм­кіндігі шектеулі жандар тара­­пынан кеңестер берілген. Нидноуэр-кеңесшілерді іріктеуде «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық қауымдастығының атқа­рушы директоры Алма Қуан­­дыққызы және «Қазақстан мү­гедектер конфедерациясы» рес­публикалық қоғамдық қауымдастығының атқарушы дирек­торының орынбасары Александр Хоркин мырзамен бірлесе жұмыс атқарылған.

Аталған шараны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Назарбаев Универси­теттің Инновациялық класте­рінің Fab Lab зертханасы және Қазақстандағы Тель-Авив университетінің достары қа­уым­д­астығы ұйымдастырып отыр. «Мейкатон TOM: Nur-Sultan» жобасы Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.