Аймақтар • 25 Қазан, 2019

Қарағанды облысында 173 адам қайта оқыту курстарынан өтті

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Саран қаласында 173 адам бүгінгі күнде сұранысқа ие тігінші, пішуші, аспаз, кондитер, электр монтері, жүйелік әкімші, шаштараз және басқа да  мамандықтар бойынша қысқа мерзімді қайта оқыту курстарынан өтті.

Қарағанды облысында 173 адам қайта оқыту курстарынан өтті

Курстардағы оқу мерзімі таңдалған мамандықтарға байланысты бір айдан жарты жыл аралығында болды. Студенттерге стипендия төленгенін және қажет болған жағдайда жол жүру шығындарының да өтелгенін айта кеткен ләзім.

Қайта оқуға ниет білдіргендер үшін мына ақпаратты назарда ұстаған жөн:  Саран қаласында арнайы курстан Абай Құнанбаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледжде, «Galex Plus» тоқыма-тігін фабрикасында және «A.V.Group» ЖШС, «Asia Tex» ЖШС және «Nurkuat Energy» ЖШС сияқты кәсіпорындарында өтуге болады.

Қайта оқығанның еш айыбы жоқтығын, керісінше пайдасының молдығын дәлелдегісі келетін түлектің бірі – Қарлығаш Балтабекова. Шаштараз өнері оқуына қоса «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік курсын тәмамдаған жас маман алдағы уақытта өзінің жекеменшік сұлулық салонын ашқысы келеді екен.

– Балаларға арналған салон ашқым келеді. Аналардың менің салоныма  балаларын алып келгенін армандаймын. Оларды жылы шыраймен қарсы алып, сапалы қызмет көрсетсем деген мақсатым бар. Клиенттерім салонымнан тек қана көтеріңкі көңіл-күйде қайтса екен деп тілеймін. Адамдармен жұмыс істеуді жалықпай үйренгім келеді. Сонан соң, жұмыс барысында әр адамның пікірін ескеру қажет деп санаймын. Алдағы уақытта оқуымды жалғастыруды ойластырып жүрмін. Өйткені, сән индустриясы орасан зор жылдамдықпен дамып келеді. Бұл саладағы бәсекелестік өте зор, – дейді ол.

Қысқа мерзімді курстарды ұйымдастырушылар түлектердің жұмысқа орналасуына да қол ұшын береді. Мысалы, шаштараз мамандығына оқыған Әзиза Смағұлова облыстағы Ақтас кентіне жұмысқа тұратын болды.

– Шеберлігімді әрі қарай жетілдіру жоспарымда бар. Алдыма қойған үлкен мақсаттарыма жету үшін курстарда оқып, семинарларға қатысып, шеберлік сабақтарында біліктілігімді көтергім келеді,  – дейді жас маман.

Саран қаласындағыдай қайта даярлау курстарын Қарағанды облысының барлық қалаларында ұйымдастыру жоспарда бар. Ал қандай мамандықты игеруге болатынын және оқуға түсудің тәртібін жұмыспен қамту орталықтарынан анықтап алуға болады.

Айта кеткен жөн, Саран қаласындағы қысқа мерзімді курстар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

 

Қарағанды облысы