Аймақтар • 25 Қазан, 2019

Солтүстікқазақстандық 55 жауынгердің мәйіті қайта жерленеді

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресей еріктілері, атап айтқанда, «Переправа» іздеу жасағы қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде  соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен 160-қа жуық солтүстікқазақстандық жауынгердің  55-інің мәйітін тапқаны жайлы  жергілікті билік орындарына хабарлады.

Солтүстікқазақстандық 55 жауынгердің мәйіті қайта жерленеді

Осыған орай қан майданда ерлікпен қаза тапқан жерлестерімізді қайта жерлеу үшін арнайы делегация  жасақталып, жолға аттанбақшы.

314-ші атқыштар дивизиясы  Петропавл қаласында құрылып, құрамында 11 мыңға жуық солтүстікқазақстандық сарбаз болған.

«Жауынгерлердің денесі Ресейдің Ленинград облысы Лодейное поле ауданы Свирь селосы маңынан табылған. 1-ші батальонның 1076-шы атқыштар полкі осы аумақта неміс басқыншыларына қарсы кескілескен шайқастар жүргізген. Біз бүгін Отан үшін кеудесін оққа тосқан аталарымыздың рухына тағзым етіп, оларды еске алу шарасына жиналып отырмыз», деді қала әкімінің орынбасары Асар Хабибулин  жиында сөйлеген сөзінде.

Жер қойнынан табылған 10 адамның 8-і петропавлдық , 2-уі көкшетаулық екені анықталған. Солардың бірі– Александр Артемьев 1941 жылы батысқа аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен. «Атам 1908 жылы дүниеге келген. 314-ші атқыштар дивизиясының 1-ші батальоны 1076-шы атқыштар полкіне қабылданған. Табылғандардың арасынан атамның есімін көріп қатты қуандым. Мен де делегация құрамында  қайта жерлеу рәсіміне аттанып барамын», дейді немересі Тамара Плящечникова.

Делегация жетекшісі Иманғали Татваевтың айтуынша Қызылжар өңірінен топырақ салынған капсула жеткізіледі.

Митингіге қатысушылар екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, үнсіздікпен еске алды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы