Оқиға кеше, 24 қазан күні түстен кейін болған. Аулада ойнап жүрген ұлдарын сыртынан бақылап қойып жүрген анасы сағат 15.30. шамасында балалардың жоқ екенін байқап, үй мен қора-қопсы маңынан іздеген. Таппағасын ағайын-туысы мен көршілеріне хабар берген. Кешкі 20.30-да еш нәтиже болмаған соң Тайпақ полиция бөліміне хабарлаған.
Қазір БҚО полициясы Орынбасар Бексұлтан Асқараұлы ( 02.10.2014 ж.т.) мен Орынбасар Нұрислам Асқарұлына (23.11.2017ж.т.) іздеу жариялады. Бексұлтан үстіне сары кофта, бұтына гамаж киген, аяғында қоңыр кроссовкасы бар. Бойы 110 см. Нұрислам да сары кофта киген.
- Балалардың ата-анасы оғаш қылығы жоқ, отбасында осы екі ұлы ғана, - деп хабарлады БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков.
Жоғалған сәбилерді іздеу жұмысы түні бойы тоқтаған жоқ. Оқиға орнына департамент бастығы генерал-майор М.Әбіләзимовтың өзі жедел іздестіру мәселелері бойынша орынбасары полиция полковнигі А.Меңдіғалинмен бірге түнде аттанып кетті.
Ақжайық ауылы, Сарытоғай ауылдық округіне қарасты Жанама ауылында 166 үй бар. Ауылдан 1 км қашықта Қарасу өзегі орналасқан. Іздеу жұмысына иісшіл итті де қосқан. Іздеуге барлығы 200-дей адам, 30 көлік тартылған.
- Оқиға болған жерде ұялы байланыс желісі нашарлығы іздестіру жұмысына кедергі келтіруде, - дейді Болатбек Белгібеков