Аймақтар • 25 Қазан, 2019

Солтүстік Қазақстанда мүгедек жандар арасында хакатон өтті

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған шараға қатысушылар мүгедек жандардың алдында туындайтын мәселелерді шешу жолдарын талқылап, өздерінің тың идеяларын ұсынды.

Солтүстік Қазақстанда мүгедек жандар арасында хакатон өтті

«Хакатон –  бағдарламалық қамсыздандыруды жасақтаудың әртүрлі салаларынан жиналған мамандардың қандай да бір проблеманы шешу мақсатымен бірігіп жұмыс істеуін білдіреді. Біздің бұл жолғы басты міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандардың алдында туындайтын мәселелерді шешудің заманауи жолдарын табу.  Мұндай жиын Қызылжар өңірінде бірінші рет қолға алынып отыр», дейді Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «ITeachMe» жобасының авторы Захира Бегәлиева.

«ITeachMe» жобасы осыдан 10 ай бұрын қолға алынып, алғашқы хакатон Орал қаласында өтіпті. Содан бері қатысуға ынта білдірушілер қатарының артқаны байқалады.

Алматылық Сергей Шевченко – «IteachMe» жобасы аясында өткен алғашқы хакатонның жеңімпазы. Тапқыр жігіт мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған онлайн және оффлайн курстарын ұсынып, грант ұтып алған. Талапты жастың бастамасы үлкен  қолдауға ие.

– «IteachMe» жобасының бір бағыты мүгедек жандардың тұрмысын жақсартуды діттейді. Петропавлдық Сәлімхан Сәбитов мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап автомектеп ашыпты. Қазіргі уақытта жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Ол бүгін хакатонға озық жобаларға қолдау білдіру үшін келіпті. «Равная дорога» автомектебі» ЖШС-і директорының  сөзіне қарағанда, автомектепте 17 түлек оқиды. Олардың 2-уі көлік жүргізуді меңгеріпті.

«IteachMe» жобасы аясындағы хакатонның жеңімпаздары келесі жылы қаңтар айында Бурабайда өтетін байқауға қатысады. Онда  IT-салада жұмыс істеп жүрген кәсіби мамандардан тәжірибе жинақтап, әзірлеген жобаларын қорғайтын болады.  Озық бастамаларға 1 млн. теңге көлемінде грант беріледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы