Аймақтар • 26 Қазан, 2019

Павлодар облысында сатып алу құқығынсыз қызметтік үйлер салуды ұсынады

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аудандарды аралаған Қоғамдық кеңес мүшелерінің  айтуынша, ауылда, аудан  орталықтарында жастар тұрақтап қалу үшін-жұмыс керек, үй керек.

Павлодар облысында сатып алу құқығынсыз қызметтік үйлер салуды ұсынады

Суретті түсірген Валерий Бугаев

Осы мәселе «Достық үйінде» өткен жиында айтылды. Отырысқа облыс әкімі Болат Бақауов, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Тито Сыздықов пен кеңес мүшелері, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Қоғамдық кеңестің Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Гүлбарам Науразбаеваның айтуынша, биыл өңірде 1791 жас тұрақты жұмысқа орналасса, 648 маман ауылдарда.

Бірақ Ақсу қаласы, Успен, Баянауыл аудандарында жастарды жұмысқа тұрғызу көрсеткіші төмен екені анықталған.

- Қоғамдық кеңес мүшелері  Шарбақты, Успен, Тереңкөл аудандарының жастарымен кездесу өткізді. Жас мамандардың арасында сауалнама жүргізіліп, пікірлерін тыңдадық. Жастарға үй, жұмыс керек. Осы орайда, сатып алу құқығынсыз қызметтік үйлерді салуды ұсынамыз. Жастардың ауылда тұрақтамауына мәдени орындардыңболмауы да себеп. Аудан орталықтарының өзінде кейбір кітапханаларда интернет желісі жетпеген, - дейді Г.Науразбаева.  

Ал, өңір басшысы Б.Бақауов қызметтік үйге қатысты өз ойын білдірді.

- Ауылдардағы жеке меншік кәсіпорындардың мамандары үшін бюджет қаражатына үй салынбайды. Кәсіпкерлерді тартуға болар. Мысалы, «Галицкое» серіктестігінің басшысы Александр Касицинге өз ауылында 10 үй салуды ұсындым. Пәтер құны 10 млн теңге болса, онда 7 тұрғын үйдің құнын бюджет есебінен өтеуге болар еді. Ал қалған 3 үй кәсіпорынның қаражатына салынады. Бірақ, бұл үйлер оңтүстіктен, Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударған тұрғындарғаберіледі, - деді.

Өңірде  «Еңбек» бағдарламасы аясында ауыл жастарына 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант та беріледі. Және «Жас шебер» өңірлік бағдарламасы жүргізілуде. Бұл қолдау арқылы 640 жас өз кәсібін ашқан.    

Бастысы - бағдарламалардың шартын халыққа дұрыс жеткізу үшін ақпараттандыру жұмыстарына аудан, ауыл әкімдіктерінің белсенділігі керек.

Отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері «Жастар бастамаларын қолдауға арналған» жол картасын әзірлеп, жас мамандардың ауылда қалуына  жағдайды жасау керектігін айтты.