Қоғам • 28 Қазан, 2019

Ғылымды қаржыландыру: демеу ме, әлде тежеу ме?

469 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үкіметтің қаулысымен 2006 жылы құрылған «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы – еліміздегі ғылыми жаңалықтардың өндіріске енуіне жағдай жасап отырған бірден-бір ұйым. Осыған дейін көптеген жобаның жұлдызын жақты. Ал сол қаншама қаржы құйылған жұмыстардың жемісін қоғам көріп жүр ме? Қаражаттың көлеңкелі тұстарын меңзейтін көңілі күпті көпшіліктің көкейдегі сауалдары тағы бар. Әлемде өнертабысты өнімге айналдыру арқылы бүтін бір мемлекеттің экономикалық ахуалын алға шығарып отырған елдер жетерлік. Біздегі нәтиже қандай?

Ғылымды қаржыландыру: демеу ме, әлде тежеу ме?

Ғылым таппай мақтанба

Келер жылы 175 жылдық мерейтойы аталып өтетін қазақтың бас ақыны Абай айтқан осы бір сөзді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Бәріміз білетіндіктен де болар, жай жаттанды сөзге айналып бара жатқандай. Әйтпесе, ғылымымызды дамытпай тұрып, өткеніміздегі жауынгерлік өнерімізбен немесе бүгініміздегі жалт-жұлт еткен сахна жұлдыздарымен танауымызды көкке көтермейтін едік. Бір жарым ғасырдай уақыт өтсе де маңызын жоғалтпаған осынау өлең жолдары әлі де еліміздің ертеңгі жолына шырақ жағатын секілді. Ғылым мен техниканың дәуірінде ғылымды та­уып тұрып та паңдануға келмейтіндей көрінеді. Себебі қазір ғылыми жаңалық ашудан да маңызды мәселе бар, ол – оның өндіріске енуі, яғни адамзаттың, қоғамның қажетіне жарауы.

 Қаржыландыру санға емес, сапаға жұмыс істесе

Жақында Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылымтану» атты бейресми отырысқа қатыстық. Сонда сөз алған жас ғалым Жандос Тауанов қор қаржыландыратын отандық жобалардың жоғары нәтижелі болмауының себебін қаражат бөлінісіндегі олқылықтардан көреді. «Біздегі қор көптеген жобаға қаржылық қолдау көрсетеді. Сол арқылы біраз жұмыс жемісін берді. Ал нәтижесіз жобаларға келер болсақ, оның бір себебі – жобалардың көбінің толық емес, жартылай, кейде тіпті болар-болмас бөлігінің қаржыландырылуында. Айталық, бір жақсы жоба 100 млн теңгені құрайды делік, бірақ қор 300 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсете алатынына қарамастан тек 20 млн бөледі. Байқасаңыз, 20 пайыз ғана қолдау көрсетіліп тұр. Демек, қолға алынған істің қорытындысы да 20 па­йыз орындалады», дейді. Ж.Тауановтың айтуын­ша, қаржыландыру жобалардың санына ғана емес, сапасына, яғни нәтижесіне жұмыс істеуі қажет.

Ал 20 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан, 10 ғылым кандидаты, 6 ғылым докторы, 6 PhD, 7 докторант еңбек ететін «Антиген» ғылыми-өндірістік зертханасының директоры Нұрлан Нұрол­даұлы көп мәселе жоба жетекші­сіне байланысты дегенді айтады.

Яғни, жо­баның шығынын жоспарлағанда дұрыс­тап негіз­деу керек, барлық майда-шүйде түгелімен есептеуді қажет ете­ді. Кейбіреулер көп жоспарлап қойып, «таяқ жеп» жүреді. «Мен мал дәрігері маман­дығын бітіргенмін. Өндіріс саласын­да ісімді алға дөңгелетіп келе жатқа­ныма 40 жылдан асты. Осы уақытқа дейін көптеген игі істі қордың қаржы­лан­дыруы нәтижесінде жемісті жүзеге асырып келемін. Жақында еліміздегі ара ша­руашылығы өнімдерін сертификаттау­мен айналыстық, соның қорытындысы бойынша отандық өнімді экспорттауға жол ашылды.

Әрине жобаны 100 пайыз қаржылан­ды­рады деп айта алмаймын, өнімнің, істің сапалы болуы онымен айналысатын мекеменің техникалық базасы мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Мысалы, мен 100 млн-ға құрал алдым. Мекемемнің қаражатымен мұндайға қол жеткізе алмаймын. Сол себепті шынымен де өнім өндіремін деген адамға қор көп көмек көрсетеді», дейді.

 Отандық өнімнің бәсі биік болмай тұр

Кәсіпкер-ғалым Н.Нұрол­да­ұлының сөзіне сүйен­сек, қор қаржыландырған жобалардың қоғам қажетіне жарамай жатуы жоғарыдан шешілетін мәсе­лелерден туындап отыр. Айталық, мемлекеттің қара­жа­тына өндірілген өнім шетел­дік тауарлармен тең дәре­же­де тендерге қатысады. «Еура­зия­лық экономикалық одаққа мүше болғалы бері Үкіметтің қолдауымен, қор­дың қаржы­лан­дыруымен өндірген өнім­де­ріміз жәутеңдеп қалды. Украина, Беларусь, т.б. елдердің кәсіп­кер­лері өз үйін­де жүргендей сезінеді. Өзіміздің тауар­ларға бұрын болған 30 пайызға дейінгі жеңіл­діктердің бәрі алынып тас­талды, отандық өнімдерді сатып алуды талап ететін жағдай жасалмай жатыр. Қалай болғанда да өз өнімдеріміз өзгелердікінен бір саты биік тұруы тиіс қой», дейді. Маманның пайым­дауынша, бұл жаңа жүйе әлбетте отандық өнім өндірушілерді бәсекеге қабілетті етуге септесетін шығар. Дегенмен, Үкіметте «өзіміздің қор қаржы­ландырды-ау, мемлекеттің ақшасына құрал сатып алын­ды-ау» деген жанашырлық болуы керек.

Расымен де көп кәсіп­кер­лер­дің, әсіресе осы ғылыми жаңа­лық­тарды өндіріске енгізумен айналысып отырған азаматтардың алаңы – сатылымға деген сенімнің аздығы. Егер Үкімет мемлекеттің қаржысына шыға­рылған тауарды мүдделі мекемелердің сатып алуына кепілдікті қамтамасыз етсе, мамандар оның сапалы шығуына жанын салар еді. Әйтпесе уайыммен жүрген адам жұмысты жан-тәнімен, шын беріліп істейді дегенге көңіл сене қоймайды.

 Биылғы қаржының 30 пайызын ғана алдық

Жас ғалым Жандос Керімқұлов «Egistic – Жерді қашықтықтан зондтау технологиялары бо­йынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын монито­рингілеу және басқаруға арналған онлайн-платформа» құрған. Елбасының жоғары бағасына ие болған бұл еңбегін әлі де жалғастырып жүр. Бірақ оны өз бетімен инвесторларды тарту арқылы ғана тоқтатпай тұр. Себебі Жандос Ғылым қорының 2019 жылға арнап жобасы үшін бөлген қаржының жартысына да қол жеткізбеген. Ал жыл болса, енді екі айда тәмамдалуға таяу. Қор жобаны 10 ай ішінде 30 пайыз ғана қаржыландырса да жұмыстың нәтижесі соншалықты төмен болып тұрған жоқ. «2018 жылы қаржыландыру болмады. Биылға бөлінген ақшаның 30 па­йызын ғана алдық. Мұның себебін қор қаржының тапшылығымен түсіндірді. Біз қорға қарап қалмай, жеке инвесторларды іздедік. Бұл негізі акционерлік қоғамның басшылығындағы ауыс-түйіспен байланысты болуы керек. Жақында тағайындалған төраға жобалар туралы ақпарат алдырды, соған қарағанда бір нәтиже шығатын шығар», дейді Ж.Керімқұлов. Осындай олқылықтарға қарамастан, онлайн-платфор­маға 500-ге жуық қолданушы тіркеліп үлгеріпті, олардың 100 шақтысы төлем төлеген. Пайдаланушылардың басым бөлігі ешқандай жарнамасыз тіркелген көрінеді. Қолданушылардың арасын­да кәсіпкерлер, шаруа қожа­лық­тарының иелері, егін шаруа­шылығымен айналысатындар бар. Жайылым жерлер мен егістіктердің жалпы жағдайын анық көрсетіп беретін рентген секілді қызметті ұсынып отырған бұл жобаның берері мол. «Қордың қолдауы бізге көп мүмкіндік сыйлады. Биылғы жобамызды 30 пайыз қаржыландыруының өзі бізді біраз шығыннан, көп қауіптен құтқарып қалды. Осы­ның нәтижесінде біршама қыз­мет­керге жұмыс бердік. Негізі менің сөзімді еліміздегі инвес­торлар естісе екен деймін. Олар бірден қанша па­йыз ақшаның қайтатынын есептеп отырады, жоба алдымен нәтижеге, өнімге, сапаға, содан соң барып табысқа жұмыс істейтінін айтсаң, түсінбейді. Әлбетте инвестицияның заңы да – сол. Алайда филантроптар түрлі ойын-сауық шараларына, яки бір әулеттің атасына ескерткіш қоюға емес, отандық ғылым мен өндірістің дамуына үлес қосуға атсалысса, әлдеқайда пайдалы әрі тиімді іс болар еді», дейді.

P.S. Өнімін бере алмаған өнертабыстың ғұмыры келте келеді. Ал өнім сұранысқа ие болмаса, құны қалмайды. Қайтпек керек? Әрбір өнімді енді ғана отырғызылған шыбыққа теңесек, оның кең қанат жайып, айналасына жұртты саялатар алып ағашқа айналуы үшін көп күтім, баптау қажет. Қордың қаржыландыруы бәлкім күннің сәулесі секілді дейік, бірақ шыбықтың алып ағашқа айналуына бұл жеткіліксіз ғой. Оны суарып, арам шөбін отап, топырағын қопсытып отыру керек. Шындығында көре білсек, бізде «осы елге сая болса екен» деп түрлі өнімдерді өмірге әкеліп жүрген ғалымдар баршылық. 25 сотық үйдің айналасын жағалай өскен талдарды күтіп-баптау жауапкершілігін отбасындағы бір-ақ адамның мойнына іліп қойса, жұмыстың сапасына сенім жоғалатыны сияқты, еліміздегі 100 мыңдап келетін жобаны жемісін бергенше қолдау – жұмыла көтеруді қажет ететін салмақты жүк.