–Мақсат Қизатұлы, кеңестің құрылғанын хабарлаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оның айтарлықтай салмақты өкілеттігі болатынын айтып еді. Кеңес қаншалықты қауқарлы?
–Кеңес министрлік жанынан құрылғандықтан, әуелде еліміздің барлық өңірін қамтиды деп ойлағанбыз. Алайда мүшелеріне қарасақ, елорда мен Алматы алдыңғы орында болып тұр. Қостанайдан бір ғана адам мүше болды. Кеңес көбіміз күткендей, аса ықпалды емес. Отырыстарда нақтылы, көкейде жүрген ұсыныстарды бере алады. Ал оны қабылдау-қабылдамау – министрліктің құзырындағы іс. Ғылым комитетінің басшылығы да, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің жан-жақтан келген ұсыныстар мен пікірлерді қарайтын арнайы жұмыс тобы да кеңесте айтылған ойларды тыңдайтынын жеткізді. Негізі кеңеске мүше ретінде жауапты ведомстволарға ғылымдағы мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген белсенді және 40 жастан аспаған ғалымдар қабылданды. Мүшелікке өтуді қалаған өңірлердегі университеттердің өкілдері де болды. Бірақ олардың ұсынысы «ЖОО-ның мүддесіне жұмыс істеп кетуі мүмкін» деген себеппен министрліктен қолдау таппаған сияқты.
–Кеңес қандай ұсыныстар берді?
–PhD қорғауда бізде 7 ғылыми мақала жазу керек, соның ішінде 3 мақаланы отандық ғылыми журналдарда жариялау міндет. Бұл – өте үлкен ауыртпалық әрі мақаланы шығару да едәуір қиын. Өйткені отандық ғылыми журналдардың кейбіреуіне мақаласын жариялау үшін ғалымдар жарна төлеуі тиіс және көп күтеді. Осы ұсынысты жеткізбес бұрын жас ғалымдар арасында сауалдама жүргізілді, нәтижесінде жауап берушілердің басым бөлігі еліміздегі ғылыми басылымдарға көңілі толмайтынын жеткізді. Солай болатындай да бар, себебі біздегі ғылыми журналдардың сапасы сын көтермейді, халықаралық базаларға кірмейді, авторлар мен оқырмандардың пікірлері нашар. Сол себепті алғашқы отырыста ғылыми мақала санын азайтуды ұсындық.
–Кеңес өз кезегінде мүшелігіне қабылданбаған жас ғалымдардың үнін жоғарыға жеткізе ме?
–Жан-жақтағы ғалымдар біздің электронды поштамызға хат жолдайды. Мәселен, бір адамнан келген ғылыми жетекшілерге қатысты ой өте орамды, көңілге қонымды болды. Өйткені бұл – көптеген жас ғалымдардың басында бар жайт. Біз осы сөзге құлақ асып, кеңестің атынан ғылыми жетекшілерге қойылатын талаптарды барлығына ортақ бір жүйеге келтіру керегін айттық. Елде оқитын докторанттардың көбінен ғылыми жетекшілердің өзін басшы ретінде ұстап, ізденушіге ассистент секілді қарайтынын, тіпті жас ғалымның еңбегін өз атынан шығарған оқиғаларды естідік.
–Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың мәліметінше, Қазақстанда 35 жасқа дейінгі 7 мыңнан аса ғалым бар. Бұл елдегі 22 мыңнан аса ғалымның 32 пайызын құрайды. Қазақ ғылымындағы жас ғалымдардың үлес салмағын көбейтуге не кедергі?
– Ең алдымен ғылыми орта керек. Бұл бізде түбегейлі қалыптасқан жоқ. Ғылыми ортаны тек жоғарыда кеңестің мүшелігінде белсенділік танытқан қос қаладан ғана көруге болады. Әрине тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңіне дейін болды, бірақ қазір олардың басы толық құралмай тұр. Қазіргі ғылыми ортада Кеңес кезінде қорғаған алдыңғы толқын мен кейінгі шыққан замандастарымыз бар. Ортасындағы көпір болар лек жоқтың қасы. Оның рөлі орасан зор, орны ойсырап тұр. Орта буын жас шәкірттерді көптеп тартатын еді.
Екіншіден, жастар жағдайға қарай ұмтылады. Меніңше, нарықтық заманда мұны қалыпты қабылдау қажет-ақ. Айталық, өңірлердегі жаратылыстану бағытының ғалымдары ел астанасына немесе ірі мегаполис саналатын Алматыға қатынап жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі облыстарда техникалық базамен жеткілікті жабдықталған зертхана жоқ. ІТ саласындағы ғалымдардың жобаларына бөлінетін қаржы мен кәсіптегі табыс көлемін салыстыруға келмейді. Сондықтан олар ғылымда қалмайды, ғылымның дамуы осыдан ақсайды.
Үшіншіден, гуманитарлық саладағы ғалымдар көбіне мұрағаттарды жағалайды. Негізі мұндайда мемлекетаралық келісімдерді жүйелі жүргізу керек. Өйткені кей ғалымдарға отандық қана емес, шетелдік мұрағаттарды ақтаруына тура келеді, ал бұл қаржыға және елдермен мәдени байланысқа келіп тіреледі.
Бұдан бөлек, ғалымдардың беделі жоғары деңгейде емес. Бұл да жастардың ғылымға келу жолын бөгейді. Сол себепті қазір ғылымды бастаған жас ғалымдар жасөспірімдерді ғылымға қызықтыратындай, ғылым арқылы да кәсіп қалыптастыруға, табыс табуға болатынын көрсетіп, белсенді жұмыс жүргізгені абзал.
–Жастардың ғылымға келуіне мемлекет қолдауы жетпей жатқандай ма?
–Соңғы уақытта нақты қолдау бар. Айталық, жас ғалымдардың жобаларына арнайы 3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар докторантураға биыл көп грант тағайындалды. Бірақ оған түсу талаптарының өзгергенінен біразы бос қалды. «Болашақ» бағдарламасын да қолдау қатарына жатқызуға болады. Негізі жас ғалымдар қолтығынан демеуді Үкіметтен де бұрын өзі еліктеген немесе дәріс тыңдаған, болмаса ақылын алған аға толқыннан көбірек күтеді. Солардың сенімі жігер, шабыт береді. Сенім деген керемет күш қой, саған алдыңдағы 40 жыл қызмет еткен профессор: «Менің орнымды бас, саған сеніп тапсырдым», десе одан асып түсуге, тым болмағанда нашар болмауға барыңды беріп, жаныңды саласың. Шетелдерде зейнет жасына келген профессорлар бірден орнын босатады, оған қиналмайды. Өйткені лабораториясына келіп-кетіп жүретінін, кеңесін керек қылар шәкірттері барын біледі. Қарапайым орнын уақытында бере білудің өзі – едәуір қолдау, үлкен сенім. Шындығында, жас ғалымдар ғылымдағы бет-бейнесін қалыптастыруда жетімсіреп жүр, 1-2 курс жоғары оқитын докторанттардан немесе өндірісте тәжірибеден өту кезінде қор жинайды. Көбіне өзін өзі дамытумен болады. Негізі қателесіп, белгілі бір биікке қол жеткізіп көрген жетекші топ жетектеуі керек қой... Осындай олқылық бұдан кейін де орын алмас үшін біздің буын қазіргі мектептерге барып, ерікті түрде қызықты дәрістер оқып, оқушылармен кездесу ұйымдастырып тұруы қажет. Оның бір парасын әріптестерім бастап та кеткен.
–Меніңше, ғылымның негізі, іргетасы бала бойында мектеп табалдырығынан қалануы тиіс. Мүмкін жақында Жас ғалымдар альянсы бастаған «Ғылымтану» жобасын мектепке пән ретінде енгізу керек шығар?
–Расымен де шетелдерде, ғылымы дамыған мемлекеттерде мектептегі пәндердің дерлігі зерттеуші қалыптастыруға бағытталған. Ал сіздің ұсынысыңызды кеңестің алдағы отырысында айту үшін өзіме түртіп алдым.
–Ғылымға бөлінетін қаржының аз екенін ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Шын мәнінде ғылымның дамуы тек қаржыландыруға тіреліп тұр ма?
–Негізінен, иә, ғылымның дамуы ақшалай қолдауға тәуелді. Дегенмен, бірнеше шараларды қабылдау да ғылымды дамуға бастайды. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасындағы докторантураның орын санын көбейту керек. Әлбетте еліміздегі грант санын арттырып, докторанттарды даярлауға да болады, бірақ оларды оқытатын сапалы оқытушылық, профессорлық құрам толық жеткілікті деуге келмейді. Алдыңғы толқын зейнетте, орта буын болар-болмас қана.
–Президент қатысқан Тамыз кеңесінде ғылымды басқаруға жас ғалымдарды тарту туралы ұсыныс тастадыңыз, сол қолдау тапты ма? Бұл орындалса, қандай нәтиже береді?
– Біз әңгімеге арқау етіп отырған Жас ғалымдар кеңесінің құрылғаны – аталған ұсынысты қолдаудың алғашқы қадамы. Ұлттық ғылыми кеңес қатарына да жас ғалымдар тартылып жатыр. Диссертацияларды қарайтын Ұлттық ғылыми кеңестің рөлі ерекше, сондықтан оған жастардың келуі – үлкен жетістік. Сонымен қатар алда осы Ұлттық ғылыми кеңестің құрамына кірмесе де, жұмысын сырттай бағалайтын бақылаушы болуға мүмкіндіктің қарастырылуын көтермекпіз.
Нәтижеге келсек, ғылыми жобалар байқауы ашық әрі әділ өтеді.
–Ашықтық пен әділдік сонда Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің жас ерекшелігіне байланысты ма?
–Байқау нәтижесіне көбіне-көп жас ғалымдардың көңілі толмайды. Өйткені ұпайы жоғары болғанына қарамастан, жобада жеңіліп қалған жандар жетерлік. Мұндай оқиғаға бірнеше рет куә болдық. Оған қоса жастар егде тартқандарға қарағанда әлі ешкіммен сыбайлас бола қоймаған, біреудің мүддесінен гөрі өзінің болмысы мен имиджіне жұмыс істейді, әділ әрі ашық адам ретінде қалыптастыруға тырысып тұрады. Сондықтан біз мұны дер кезінде пайдаланып қалуымыз қажет. Әлбетте ғалымдарды жаппай басқаруға тартуды құптамаймын, ішіндегі епті, қабілетті жандарға жол ашқан жөн. Бұлай болғанның өзінде ғылыммен айналысатын мүмкіндігінен айырмау керек.
Жалпы, ғылымды басқаруға жас ғалымдарды тарту қазір көбіне шетелдерде оқып келген жаңа буынның білімін елге пайдалануға, Кеңес өкіметінен қалмай келе жатқан жүйенің басқаша бағытын әзірлеуге жағдай жасайды.
–Газетімізде ғылымды қарқынды дамыту үшін білімнен бөліп, жеке министрлік ретінде құру туралы мақала жарияланды. Негізі ғалымдар бұл мәселені біраздан бері көтеріп келеді. Қолдайсыз ба?
–Осы ойды өзім де іштей талқылап, өзімше зерттеп көргенмін. Сонда тәуелсіздік жылдарының басында ғылым мен білім саласының екі түрлі ведомство болғанын білдім. Байқасаңыз, министрліктің есептерінде де, түрлі жиналыстарында да ғылымға аз уақыт бөлінеді, тіпті талқыланусыз қалып қоятын кездер де кездеседі. Өйткені білімнің өз проблемасы шаш-етектен. Оның балабақшадан бастап университетке дейін қаншама сатысы бар. Сондықтан қазір де бөліп, Ғылым және инновация министрлігін құруды қарастыруға болады. Егер мемлекет ғылымды өзінің стратегиялық даму жоспарындағы бір бағыты ретінде қабылдайтын болса, осы қадамға баруы керек.
–Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»