Қоғам • 29 Қазан, 2019

Басқару мен бақылау бөлек дүние

554 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

2030 жылға қарай әлем халқының 60 пайызы қалаларда өмір сүретін болады. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш 67 пайызға жетеді деген болжам бар. Яғни, урбанизация үдерісі қазіргі жедел қалпынан танбақ емес. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмайды.

Басқару мен бақылау бөлек дүние

Содан да болса керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында басқарылатын урбанизация туралы айтқан болатын. Сонымен қатар Қазақстандағы урбанизация үдерісінің ала-құла екенін әрі урбанизацияның алаңдатарлық астары бар екенін тілге тиек еткен-ді.

Президент «Ең ірі үш қала әкім­дік­терінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфра­құрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек. Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр. Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар» деген болатын. Бұл Қазақстандағы урбанизацияның кейбір қырларын көрсететін тәрізді.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары тұрғын­да­ры­ның саны өскенімен, кейбір қалаларға азаматтардың тым қызыға қоймайтыны байқалады. Президент айтқан Петропавл мен Павлодар тәрізді қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы көрініс беретін болса, бізде урбанизация үдерісін бақылаудың мүмкіндігі де шектеулі екенін байқатады. Яғни, бұл жағдай қала жағалауға тырысатындардың көп бөлігі мегаполистерге қарай ұмты­ла­тынын байқатады. Демек еңбек күшін тиісті өңірлерге бағыттау ісінде атқарушы биліктің қолынан келмейтін біраз дүние бар деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, Қа­зақ­станда урбанизация үдерісін әзірге толық бақылауға алып, басқару мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Әрине урбанизация үдерісінің ерекшеліктері мен жүзеге асу барысын билік назардан тыс қалдырған емес. Елбасының Жолдауларында да, елдің стратегиялық даму жоспарларында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2017 қабылданған «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында» бесінші реформа ретінде «Мықты өңірлер және урбандалу» деген бағыт белгіленген. Онда «Реформа өмір сапасының базалық деңгейін қамтамасыз ету кезінде өңір­лер арасындағы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық айырмашылықты қысқар­ту­ға ба­ғыт­тал­ған. Даму өңірлерге эко­но­ми­калық өкілеттіктердің үлкен бөлі­гін беру және өңірлік басшылардың жа­уап­­­кершілік дә­режесін арттыру, өңір­­лік деңгейде инвес­тицияларды тарту тетіктерін жетіл­ді­ру есебінен қол жеткізілетін болады. Ур­бан­дану про­цесі агломерацияларда ғана емес, эко­номикалық әлеуеті бар орташа қала­ларда да қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік және көліктік инфра­құрылымды дамыту, бизнесті қол­дау және білім берудің озық практикасын тарату ел бойынша өмір мен жұ­мыс үшін базалық жағдайларды қам­та­ма­сыз етеді», делінген. Демек мемлекет урбанизация үдерісі өңірлер ара­сын­дағы әлеуметтік-экономикалық айыр­ма­шылықтарды тереңдетпеуі керек еке­нін жақсы біледі. Соған сәйкес саясат жүр­гі­зуге ұмтылады.

 Урбанизацияны басқару оңай емес

Біздің сөз басында Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауынан үзінді кел­ті­руі­­міздің өзіндік сыры бар. Себебі Жол­­даудағы «Республикалық маңызы бар қала­лардағы халық санының көптігі қазір­гі кезде мақтанарлық жағдай емес, кері­сінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін то­лық қамтамасыз ету тұрғысынан алаң­дау­шылыққа негіз болып отыр» деген сөйлем ерекше назар аударуды қажет ететін сияқты. Өйткені урбаниза­циямен бірге қалаларға қатысты түрлі мәселелер де көбейеді. Мәселен, қала тұрғындарының саны көбейген сайын оларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, балалар үшін мектептер мен балабақшалар салу, инфрақұрылымдарды жетілдіру, энергия тапшылығын болдырмау, экологиялық мәсе­лелердің туындауының алдын алу, тіпті қала тұрғындарының өзіндік мәде­ниеті мен таным-түсініктерін қалып­тастыратын тетіктер қарастыру, жағым­сыз стереотиптердің пайда болуы­на жол бермеу, «жатақтар» қатарының өсуін азайту қатарлы сансыз мәселені шешу­ге биліктің араласуы қажет болады. Сон­дықтан дәл Қазақстан жағ­дайын­­да республикалық маңызы бар қала­лардағы халық санының өскені мақ­та­нар­лық дүние емес. Әрі қалаларда қа­лыптасқан әлеуметтік мәселелер урба­­низация үдерісін басқаруды қиын­да­та түспек. Бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Айталық, қалаларда тұр­ғын­дардың бір мәселесін шешуге мүм­кін­­дік туса, келесісі пайда болатын дең­гейге жеттік. Осыдан біраз жыл бұрын ірі қалалардың төңірегіндегі елді мекендердің инфрақұрылымын қа­лып­­тастыру өте өзекті мәселе болатын. Ауыз су, электр желілері, жол сияқты мәсе­лелер әлі күнге толық шешілмей қалды да, Алматы, Нұр-Сұлтан тәрізді агломерациялардың іргесінде «жатаққа» айналып кету қаупі бар елді мекендер пайда болды. Атқарушы биліктің қала маңынан жер телімдерін беруге мора­торий жариялауы да әлі күнге мәсе­лені шешкен жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жердегі Талап­кер елді мекеніне ауыз су әлі жеткізілген жоқ, 35 шақырым жердегі Ынтымақ ауылының жолы мүлдем іске алғысыз болып қалды. Айта берсе мысал жетеді. Ал бұл елді мекендердің тұрғындары өмірлерін қаламен байланыстырады. Одан бөлек биліктің бірқатар уәдесі мен жоспары да урбанизация үдерісіне араласушылар қатарын өсіріп жіберуі мүмкін. Мысал ретінде 2025 жылға дейін көп балалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салу бастамасын алайық. Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыр­масына сәйкес жүзеге асырыла бастаған бұл бастаманың көп балалы отбасылардың мәселесін шешуге тигізер пайдасы зор болары сөзсіз. Бірақ урбанизация тұрғысынан қарастырғанда аталған жоспардың кері әсері де болуы мүмкін екенін ескеру қажет. 40 мың пәтердің көбі қалаларда салынатынын ескерсек, бұл өз кезегінде көптеген отбасының қала­ға көшіп келуіне әсер етуі мүмкін. Өйт­кені олар да әлгі 40 мың пәтерден үміт ететінін жоққа шығармау керек. Әрі қазірдің өзінде қалаға тіркеліп, бола­шақта әлгі пәтерлердің бірі бұйыра ма деген үмітпен жүргендер болуы бек мүмкін. Өздері ауыл­­да тұрғанымен қалаға тіркелгендерге қатысты мысал жетіп артылады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан 15 шақырымдай жер­дегі Қоянды ауылында 30 мыңға жуық тұрғын бар. Бірақ елді мекенге тіркелгендері 10 мыңға да жетпейді. Көбі қалаға тіркелген. Өйткені қалада тіркеудің болуы баспаналы болу үшін үміт сыйлайды. Әрі қала тұрмысының ауылды жерлерге қарағанда жақсы болатынын, «қала жағалағанның өзегі талмайтынын» бұқара жақсы біледі. Демек урбанизацияны басқарылатын деңгейде ұйымдастыру қиын іс болып отыр. Дегенмен өңірлерді дамыту арқылы урбанизация үдерісін белгілі бір мөлшерде ыңғайға көндіруге болатынын айтатын сарапшылар да бар.

Әлеуметтанушы Шыңғыс Торездің айтуынша, басқарылатын урбанизация ІЖӨ-нің шикізаттық емес бөлігін арттыруға ықпалын тигізетін маңызды процесс. Тауар өндіру мен қызметтің белгілі бір бағыттарына маманданған аймақтарды экономикалық драйвер­ге айналдыру республиканың әр макро­өңі­рінде хаб орталықтар құру арқылы ғана жүзеге асады. Олар капиталды, ресурстарды, алдыңғы қатарлы технологияларды, көші-қон ағындары мен табиғи урбанизацияны бір жерге шоғырландыра алатын орталық қыз­метін атқаруы керек. Сонда ғана урба­ни­зацияны басқарудың белгілі бір мүм­­кіндіктері туады. Еліміздің кей­бір өңірлерінде осы процестің дамуы олар­дың экономикалық өсудің постиндустриялды сервистік орталықтарына айнал­дыруға бағытталғандығымен тү­сін­­діріледі.

– Алға қойған мақсатқа жету үшін сауат­ты стратегиялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Онсыз өңірлер арасындағы айырмашылықты жою, көші-қон үде­рі­­сінің бір бағытта жүруін тежеу мүмкін емес. Мегаполистерге ағылған жұрт­ты облыс орталықтары мен шағын қала­лар­да шоғырландыру да неғайбыл. Өйт­ке­ні өңірлердің экономикалық мүм­кін­дігі мен сол аймақтарға тән әлеу­мет­тік жағдайдың ала-құла болуы өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан урбаниза­ция­ны басқару тым қиын іс екенін мойын­дай отырып, оны басқару мүм­кін­ді­гінің де бар екенін жоққа шығар­май­мыз, – дейді әлеуметтанушы.

 Қалалықтардың өмір жасы ұзақ болады

Урбанизация үдерісінің жағымды тұстары мол екенін сарапшылар жиі айтады. Әсіресе экономикалық тиім­ді­лігі жоғары болса керек. Деген­мен урбанизацияның әлеумет үшін де мол пайдасы болатынын жоққа шығар­май­мыз. Ең алдымен урбанизация халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір жасын ұзартуға айтарлықтай септігін тигізеді. Өйткені қалалықтардың денсаулық сақтау мен білімге айрықша көңіл бөле­тіні байқалады. 2018 жылғы мә­лі­мет­­терге қарағанда, біздің елде мегаполис тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы елдегі жалпы көрсеткіштен 3-3,2 жылға ұзақ екені байқалады. Мәсе­лен, Қазақстанда 2018 жылы өмір сүру ұзақтығы шамамен 73 жас болса, Алматыда бұл көрсеткіш 76, Нұр-Сұлтанда 76,2 жасқа жеткен. Эколо­гия­лық ахуалы жақсы кейбір аймақ­тарда айырмашылық 6 жылға дейін барады. Демек қалада өмір сүру адамдарға бірне­ше жыл ұзақ өмір сүру мүмкіндігін сый­лайды деген сөз. Жағдайдың бұлай қа­лып­тасуына медицина мекемелерінің қолжетімділігі мен сапасы да әсер ететін болса керек. Одан бөлек қалалықтар тұты­натын азық-түліктің де әр алуан бола­тынын назарда ұстау керек. Тіпті қора­сында малы бар ауыл тұрғындарына қа­ра­ғанда қалалықтар етті көбірек жей­тіні анықталған. 2017 жылы қала тұрғындары жан басына шаққанда 76 кило ет жесе, ауылдықтар 69 кило ет тұтынған. Ал етті ең көп жейтін тұр­ғындары бар өңір Атырау облысы. Онда әр тұрғын жылына 89 кило ет жейтіні белгілі болған. Алматы қа­ласының тұрғындары 85 кило тұ­тынады екен. Мұның өзі кейбір сте­рео­типтерді өзгертуге жететін дерек. Яғни, «қалада ет аз» дейтін түсінік шын­дыққа жанаспайды. Әрине «азық-түлік себетіне» кіретін өнімдерді қалаға ерте­рек орныққан тұрғындар көбірек пайдаланатынын ескеру керек. Одан бөлек қалалықтардың бос уақыты мен демалысын өткізетін орындары да мол болады. Қала у-шуға толып тұр дегенмен адам өмірі үшін қолайлы орта көбірек. Бірақ қалаға кейінгі жылдары көшіп келгендердің барлығының дастарқаны «майлы» бола қоймауы мүмкін екенін де жоққа шығармаған дұрыс. Қаладағы әлеуметтік мәселелердің көбі де урбанизация үдерісіне кейінгі жылдары қосылғандардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты болатыны содан.

 Одан бөлек ауылдан қалаға ағылған­дар­дың жаңа ортаға бейімделуі, қала­лық мәдениетке үйренісуі тәрізді «қызық­та­ры» болатыны да белгілі. Пәтер жалдаушылар, көтерме жұмыс істейтіндер, тіпті жеңіл жүріске салынатындар мен қылмыс жасайтындардың да басым бөлігі байырғы қала тұрғындары емес, қалаға кейінірек келгендердің ара­сында жиірек кездеседі. Оған Бас про­куратураның құқықтық статистика коми­теті сайтындағы мульти­ме­диялық картаны бақылап отырған кез келген адамның көзі жетеді. Қала тұр­ғын­да­ры­ның таным-түсінігі мен тұрмысын, урбанизацияның мәдени, әлеуметтік, рухани қырларын зерттеу бізде тым сирек. Мұндай зерттеулерсіз урбани­за­ция­ны басқару мен бақылау да қиынға соға­тынын ұмытпаған абзал. Сон­дық­тан мәдениеттанушылар мен әлеу­мет­та­нушылардың урбанизация үдерісіне айрық­ша назар аударғаны қажет болып тұр. Әзірге еліміздегі урбанизация ХХ ғасыр­дың басындағы Еуропадағыдай өтіп жатқан сияқты. Сырт көзге солай. Әйгілі «Титаник» фильмінде кеменің төмен­гі бөлігіндегі каюталарға асығатын жұрт болушы еді ғой, біздегі урбанизация тура сондай. Тәуекел ете алатын, бірақ жиған-тергені аз адамдар ғана урбанизация үдерісіне белсенді қатысып жатыр.

 Урбанизация даму көрсеткіші бола алмайды

БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәсе­лелер департаменті жыл сайын әзір­лейтін урбанизация көрсеткіштері рей­тингінде Қазақстан 2018 жылы 103-орында тұр. Urban Population Index-2018 зерттеуіне 195 мемлекет қа­ты­­­сыпты. Мамандар 1980 жылдан бер­гі деректерді салыстырады. Екі-үш жылда бір рет жарияланатын рейтингте урба­ни­зация деңгейі 100 пайызға жеткен 5 мемлекет бар. Олар – Гонконг, Кувейт, Монако, Науру, Сингапур. Одан соң 99,1 пайыздық көрсеткішпен Қатар мемлекеті орналасыпты. Түркітілдес елдердің ішін­де урбанизация көрсеткіші ең жоға­ры мемлекет – Түркия. Ондағы қала халқының саны – 74,6 пайыз. Рейтингте 58-орында тұр. Посткеңестік елдер ішінде Беларусь мемлекеті 78,1 пайыз­дық урбанизация көрсеткіші арқылы 48-орынға жайғасқан. Одан соң Ресей 74,3 пайызбен 60-орында болса, Украина 69,2 пайызбен 71-орында. Қазақстан 57,3 пайызбен 103-орында тұр. Дегенмен Статистика агенттігінің 2019 жылғы 16 қазандағы дерегіне қарағанда, біздің елде қала тұрғындарының үлесі 58,3 пайыз болыпты. Демек әлгі рейтингте орнымыз сәл жоғарылаған болуы мүмкін. Тек оны әзірге білмейміз. Өйткені рейтинг екі-үш жылда бір рет жасалады. Сөйте тұра халқының саны 3 млн-ға жаңадан жеткен Моңғолия қала тұрғындарының үлесі 68,4 пайызға жеткендіктен әлгі рейтингте 76-орынға шыққан. Бірақ аталған елдің даму деңгейі Қазақстанға жете қоймайтынын жұрт жақсы біледі. Демек урбанизация даму көрсеткіші емес, даму факторы болмақ. Экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков те бұл тұжырыммен келісіп отыр. «Урбанизация даму көр­сет­кіші бола алмайды. Керісінше, бұл экономикалық дамуға ықпал ететін фактор. Урбанизация өнеркәсіп, қызмет көр­сету салаларының дамуына барынша ықпал етеді», дейді ғалым. Эко­но­мистің сөзіне еліміздегі қызмет көр­сетудің 94 пайызы, өндірілетін өнер­кәсіп өнімдерінің 40 пайызы қала­лар­дың үлесіне тиетіні нақты дәлел. Оған қоса негізгі капиталға салынған инвестицияның 47 пайызы агломерациялар мен облыс орталықтарына шоғырланыпты. Көтерме және бөлшек сауда айналымының 96 пайызы қала­лар­дың еншісінде. Ал әлемде бұл көр­сет­кіш тіптен жоғары. Мәселен, бір ғана Токионың ішкі жалпы өнімі Испанияның ІЖӨ-сінен асса, Лондонның ІЖӨ-сі Швецияның ішкі жалпы өнімі көлемінен артық. БҰҰ деректеріне қарағанда 2030 жылға қарай жаһандағы 600 қала ІЖӨ көлемінің 60 пайызын беруге қабілетті болады екен. Мұның өзі урбанизация рейтингі мен даму көрсеткіші бөлек екенін аңғартса керек. Әйтпесе Urban Population Index рейтингінде қалаға шоғырланған тұрғындарының саны бізден әлдеқайда мол елдер жетіп артылады. Тек олардың даму деңгейі бөлек.

 Түйін

Қазақстандағы урбанизацияның қар­­­қынды жүрген кезі 1960-1990 жыл­дар­ға сәйкес келеді. Сол кезде қала тұр­ғын­да­рының саны 44-тен 56 пайызға дейін өсті. 1990-2019 жылдар аралығында қалалықтардың саны небәрі 2,3 пайызға өсіп, ел халқының 58,3 пайызын құраған. Оның өзінде урбанизация қарқынды жүріп жатқан төрт қала бар. Олар – Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары. Бәлкім бұдан былай бұл тізімге Түркістан қосылуы мүмкін. Бірақ әзірге ондағы өзгерістер жайлы дерек аз. Ал аталған төрт қаланы жеке-жеке талдасақ, Алматы тұрғындарының саны 1999-2017 жылдар аралығында 1,6 есе, Ақтөбе тұрғындары 1,9 есе, шым­кенттіктер 2,6 есе өссе, аста­на­лық­тар саны 3,2 есеге өсіпті. Мұның өзі елі­міздегі урбанизацияның осынау төрт бағытта ғана қарқынды екенін байқа­та­тын болса керек.

Жалпы, еліміздегі өңірлер арасындағы даму мен бәсекелестік деңгейі әлі де алшақ күйі қалып отырған жайы бар. Түстік пен теріскейдегі қос облыста биыл орташа жалақы 130 мың теңге шамасында болса, елордада 287 мың, Алматыда 227 мың теңгеден асыпты. Өзге де толып жатқан айырмашылықтарды ескерсек, бұқараның мегаполистерге қарай ағылмасына амал бар ма?! Ендеше, урбанизацияны басқарудың жалғыз тетігі – өңірлерді дамыту ғана.