Медицина • 30 Қазан, 2019

Титаннан жасалған омыртқа – жаһандық медицинадағы соны жаңалық

75 реткөрсетілді

Ұлттық нейрохирургия орталығында тұңғыш рет қазақстандық мамандардың қолынан шыққан жасанды кеуде омыртқасы төрт пациентке салынды. Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Серік Ақшолақов басқаратын Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылғаннан бері 11 жыл ішінде көптеген теңдессіз операциялар жасалып, талай жанның өміріне дәрігерлер қауымы араша түсті. Сондай бірегей операцияның бірі – ауру омыртқаны жасанды имплантпен ауыстыру. Ал бұл жолғы жаңалықтың жөні тіптен өзгеше.

Бұрын. Иә, бұрын да омырт­қаның ауру бөлігі алмастыры­ла­тын. Бірақ ондағы имплант әр науқас омыртқасының құры­лысы, ерекшелігі ескерілмеген, орта­ша қалыпты есепке алып жасалған жалпыға бірдей омыртқа болатын. Дәрігерлер адам баласының табиға­тында ешқашан бірін-бірі қайта­ла­майтынын, тіпті егіздер ағза­сының да өзгешеліктері болатынын айтады. Сондықтан ауру омыртқаны ауыстырғанымен, оның кірігіп жұмыс істеп кетуіне ағза тарапынан қарсылық туып жатады. Сол себепті әр пациенттің өзіне ғана арналған имплант жасау керек деген тоқтамға келген орталық басшысы Серік Ақшолақов гранттық ізденістер аясында 3 жылдай еңбектенудің нәтижелі болғанын жеткізді.

Ізденіс жолы. Әуелі Ұлт­тық нейрохирургия орталығы отан­дық ғарыш саласында ізденісі мол «Ғалам» компаниясының ұжымымен ақылдасады. Олар 3D аппараты арқылы пациенттің өзіне ғана арналған омыртқаның моделін жасауға болатынын, бұл үшін тек нақты өлшемдерді білу керектігін айтады. Осылайша ағзаға компьютерлік томография жасалып, омыртқаның құ­ры­лысы, пішімі мен көлемі, құра­мын толық есептеген мате­ма­тикалық 3D модель жасалды.

 Ал имплант қандай мате­риал­дан болу керек деген сауалдың да жауабы дайын тұрған еді. Бұл ағза тарапынан ешқандай жатсыну, қабылдамау тумайтын медициналық титан болатын. Енді оны тәжірибеден өткізу туралы мәселе туғанда әлемдік медицинада жаңа технологияларды енгізудегі озық компаниялар арасынан неміс әріптестерге таңдау түсіп, орталық маманы Виктор Алейников моделді сынамадан өткізуге Германияға жол тартады. Ульм қаласының Ортопедия және биомеханика институтында неміс ғалымдарымен бірлесіп импланттарға механикалық және био­механикалық тестілеу өткіз­ген қазақстандық дәрігердің еңбе­гі еш кеткен жоқ. Жасанды омырт­қа түрлі эксперимент жүр­­гізе­тін аппаратқа салынып қысым­ға, түрлі биомеханикалық күшке төтеп беретінін, қимыл-қозғалысқа икемділігін толық дәлелдеді. Нәтижесінде табиғи омыртқадан айырмасы жоқ деген қорытынды қолға тиді. Сол жерде сынаманың екінші кезеңі, яғни 6 мәйітке аталған жасанды омыртқаны салу тәжіри­бе­сі жасалды. Бұл да өте жақсы көрсеткішке ие болды. Тіпті жасанды омыртқаға неміс әріп­тес­тер де қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеуге ықылас білдірді.

Шешуші кезең. Биыл шілде айын­да алғашқы пациентке омырт­қа импланты салынды. Ер азамат омыртқасындағы агрес­­сивті гемангиома дерті­нен оты­рып-тұра алмай, тіпті жү­ру­ді ауырсынып жатып қалған екен. Тепсе темір үзетін жастағы адамның төсекке таңыл­уы қай­дан оңай болсын?! Омырт­қаны жеп, жұлынды қысып тастайтын мұндай ісікті омырт­қа­ның тұтас сегментімен түгел алып тас­та­маса болмайды. Нейро­хирург­тер осы азаматқа арнайы жасанды омыртқа жасап салу жөнінде шешім қабыл­дай­ды. Бұрын жалпыға бірдей имплант жасаудың технологиясы болғанымен, жаңа жасанды омыртқа салу үшін басқа әдіс керек. Германияда мәйітке жасал­ған тәжірибелік жұмыстар барысында бұл әдіс те екшелген еді. Сонымен алғашқы операция өте сәтті өтті. Пациенттің аурудан тұруы түгіл, қалыпқа келуі жылдам жүрді, дейді ор­та­­лықтың бөлім меңгерушісі Талғат Керімбаев.

Операциядан айығып шыққан азаматты біз де көрдік. «Қазір отырып-тұру жаттығуын еркін жасаймын, сырқатымды ұмытуға айналдым. Себебі ешқандай ауыр­сыну, жанға бату деген жоқ, сап-сау адаммын. Дәрігерлер көрсеткен жаттығуларды еркін жасаймын, болашақта спортпен де айналысамын. Негізі өрт сөндіруші маманмын ғой», дейді жасанды омыртқа иесі.

Өріс. Арада өткен үш айдың ішінде төрт пациентке жасанды омыртқа салынды. Бәрінің де жағдайлары жақсы. «Сіздерге мың алғыс! Қандай да бір жасанды дене салынғаны еш се­зіл­мейді. Аурудан жазылған соң көңіл күйіміз де көтеріңкі, – дейді титанды омыртқаның артық­шылығын ұғынған жандар. Бүгінде қазақстандық нейрохирургтер тәжірибесі мен «Ғалам» ұжымының қолынан шыққан имплант туралы неміс нейрохирургтарымен бірлесе әлемдік медициналық кәсіби журналдарға мақала әзірленді. Сонымен бұл операция дербестендірілген ме­ди­­цинадағы жарқын жаңалық болып тұр. Осылайша омыртқасы ісік­пен зақымдалған пациенттің тек өзіне арналып, 3D принтерлік технология бойынша жасалған жасанды омыртқаны орнату Ұлттық нейрохирургия орталығы мамандарының бірегей жобасы арқылы жүзеге асты.

 

Соңғы жаңалықтар

Ерлікті дәріптейтін қомақты қор

Руханият • Бүгін, 20:12

Екі қылмыстық топ ұсталды

Аймақтар • Бүгін, 17:45

Балалар үйіндегі ізгілік шарасы

Аймақтар • Бүгін, 15:47

Елтаңба тарихы талқыланды

Руханият • Бүгін, 14:54

Ұқсас жаңалықтар