Қазақстан • 30 Қазан, 2019

Мемлекетті алға жетелейтін күш

247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экономика мен қоғам құры­лымы, олардың байланысы неғұрлым күрделі, серпін­ді және өзгермелі болып барады. Мысалы, соң­ғы жылдары мемлекеттік құ­ры­лым­дар­дың саны артып, соған сәй­кес парақорлық та кү­шейе түс­кенінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі туындады.

Мемлекетті алға жетелейтін күш

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қоғам тарапынан қадағалауды қатаңдату арқылы бұл «індеттің» бетін қайтаруға, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және Қоғамдық кеңестердің жұмысына өзіндік ой-пікірі қалыптасқан қабілетті, кәсіби және белсенді азаматтарды тартып, елдегі жағдайды жақсартуға болады.

Мемлекеттің тиімділігін арттыру­дың басымдықтарының бірі – саяси трансформация. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстандағы саяси реформаның ерекшеліктерін атап өтті: «Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылады. Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мем­лекеттіліктен айырылуға әке­ліп со­ғатынын әлем елдерінің тәжі­рибе­сінен көріп отырмыз. Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салын­бай», керісінше, кезең-кезеңімен, табан­ды түрде және жан-жақты ойлас­тырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаң­ғырт­пай, табысты экономикалық ре­фор­маларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз».

Қабылданатын шешімдер ашықты­ғы­ның осындай қағидаты өте маңызды. Және одан да маңызды нәрсе – олардың негіздемесі. Қаулы, заң немесе бағдар­ла­ма неге, қандай негізге сүйеніп, қан­дай оймен қабылданады. Осыны аза­мат­тарға түсіндіру керек. Оның үсті­не, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында: «Мемлекеттік ор­ган­дар, қоғамдық бірлестіктер, лауазым­ды адамдар және бұқаралық ақпа­рат құралдары әрбір азаматқа оның құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құ­жаттармен, шешімдермен және ақ­парат көздерімен танысу мүмкін­дігін қам­тамасыз етуге міндетті» деп жазылған.

Бірақ тәжірибе бәрі заңдағыдай бола бермейді. Мемлекеттік органдар, әсіресе мемлекеттік қаржыға қатысты қандай да бір деректерді ұсынуға асық­пайды. Ал мемлекеттік бағдар­лама­лардың орындалмау себеп­тері туралы түсініктеме берілмейді, бірақ оның басқа да жағы бар. Деректер жарияланады. Бірақ қатардағы азамат ештеңе түсіне алмайды. Бұл тұста «ашық деректер» деген ұғым да бар. Бұл – қарапайым азаматтар үшін қолжетімді, талдау және жалпылау үшін қолжетімді түрде ақпаратты жариялаудың арнайы тәсілі.

Тұрақты заңдылықтарды ескеру қажет. Билік тарапынан ақпараттың таралуын бақылау неғұрлым күшті және коммуникацияның ресми арналарына сенім деңгейі неғұрлым төмен болса, бейресми коммуникацияның сенім деңгейі соғұрлым жоғары болады. Осыдан қоғам ресми дереккөздерге қара­ғанда, кейде теріс пиғылды ақпарат­тың баламалы көздерінен көбірек қанығады. Біз мұны күнделікті өмірде интернетті пайдаланғанда байқап жүрміз. Дәстүрлі БАҚ-тарға қарағанда желілік технологиялар ақпараттың шек­телмеген қайнарының көзін ашады.

Жағдайды жақсарту үшін шетел­дік тәжірибені де қаперге алған жөн. Мысалы, Висконсин штаты Маскиго қала­сындағы (АҚШ) сумен жабдықтау компаниясы өз қызметі туралы жария ақпарат береді. Мұнда аудиторлық компания растаған қаржылық есеп, ескертулер мен барлық есептер ғана емес, сондай-ақ басқа да көптеген пай­­далы ақпарат жарияланады. Олар – қыз­­меттің өзіндік құны, пайдаланыла­тын тех­нологиялар, инвестициялау жос­­парлары және тағы басқа мағлұматтар.

Жалпы мемлекеттік органдардың ашықтығында бас ауыртатын ештеңе жоқ. Мысалы, АҚШ президенті келесі жылға арналған бюджет жобасын бір жыл бұрын ақпан айында Конгреске енгізеді. Содан кейін әрбір тармақтың тыңдалымы мен талқылануы қазан айы­на дейін өтеді. Осылайша Конгресс бюджетті қарастырады, әрбір бөлімді егжей-тегжейлі талқылайды. Әрбір тармақ бойынша түсініктеме алады. АҚШ-тағы қатардағы азаматтармен қарым-қатынас та үлгі бола алады. Аза­мат­тың конгресменге қандай да бір мәселе бойынша кез келген өтініші тез қа­ралады және ол тиісті жауап ала­ды. Де­путаттар сайлаушыларды еле­меу ал­дағы сайлауда сәтсіздікке ұшы­рауы­на ықпал ететінін жақсы түсінеді. Жыл сайын АҚШ үкіметі халықтың 150 мың­ға жуық талап-тілегін назарға алады және оларға жауап бере отырып, шамамен 60 миллион доллар жұмсайды.

Осы тұста Мемлекет басшысы­ның Пар­ламенттің қоғам мен билік ара­сын­дағы көпір екенін бірнеше рет атап өткенін ескеру керек. Сондық­тан Қазақстанның саяси жүйесіндегі Пар­ламенттің рөлін жандандыру­ға басымдық беріледі. Президент өз Жолдауында: «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс. Депутаттар Үкіметке өзекті мәсе­лелерге қатысты сауалдарын жол­дап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заң­ды құқықтарын пайдалануы қажет. Заң шы­ғарушы және атқарушы билік ара­сын­дағы қарым-қатынас жасанды тар­тысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құр­метке негізделуі тиіс», деді.

Аймақ әкімдерінің есебі кезінде Президент өңір халқының пікірін ескеру қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте қоғамдық кеңестермен бел­сен­­ді жұмыс, әлеуметтік желілерді пай­да­лану, халықпен кездесу және бұқара­лық ақпарат құралдарына шық­қан ма­қа­лаларды талдау маңызды. Түркі­стан облысына сапары барысында Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мем­лекеттік қызмет адал және тиімді болуы тиіс. Орталық және жергілікті орган­дар­дың басшыларына шынайы жағдайға негіз­делген шағым түссе, олардың барлығы жазаланады. Ешкім заңнан жоғары емес. Сондықтан басшылар халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет», деді.

Азаматтық қоғамды дамытудың стратегиялық бағыт екені Жолдауда анық көрініс тапты. Президент «Белсен­ді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек», деді.

Азаматтардың белсенді болуы – қазіргі заман мемлекетін алға жетелейтін күш. Егер жетістігі мол мемлекеттерге зер салсақ, белсенді жұмыстардың бәрі азаматтық бастамаларға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекеттік қызмет­тің бір бөлігін атқаратын жергілікті қоғамдастықтарға, әртүрлі мәселелерді дербес шешетін кәсіби бірлестіктерге негізделеді. Сонымен қатар азаматтық қоғамның мұндай ұйымдары мемле­кеттік органдармен өзара тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірлерді дамыту, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру, экологиялық жобаларды енгізу сияқты бастамаларды көтере алады.

 

Слямжар АХМЕТЖАРОВ,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері