Аймақтар • 30 Қазан, 2019

Студенттер жемқорлықты анықтауға арналған сауалнамаға қатысты

488 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстауда білім саласында жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында Ақтау қаласының 2 жоғарғы оқу орындары мен 14 кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының студенттері арасында жасырын сауалнама жүргізілді. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Студенттер жемқорлықты анықтауға арналған сауалнамаға қатысты

Әр түрлі сұрақтарға сан түрлі жауаптар берілді. Мәселен, студенттер оқу орнында сыбайлас жемқорлық қандай жағдайларда кездескендігі, колледжге түсу кезінде пара арқылы грантқа қабылдау бойынша қызмет ұсынылғандығы және оқытушылар өздерінің авторлық кітаптарын сатып алуға мәжбүрлеу деректері болғандығы бойынша сұрақтарына жауап берді.

Сауалнама барысында Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бас маманы Нұргүл Мұқатай студенттерге өткізіліп жатқан сауалнаманың маңыздылығын айта өтіп, барлық жастарды парасатты, адал және әділ болуға шақырды.

Негізінен білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты алдын-алуға бағытталған шаралар конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар, дебат-сайыстар кең көлемде өтуде. Өңірдегі бірқатар оқу орындарында «Адалдық дүкендері» ашылуда.

Студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру және студенттік ортада академиялық адалдық қағидатын енгізу мақсатында өңірдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» клубтары құрылып, адалдық, парасаттылық және әділдік қасиеттерін нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізіліп тұрады.

 

 

Маңғыстау облысы