Қазіргі таңда еліміздегі жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасының Ресейдегіден айырмашылығы шамамен 100 теңгені құрайды, ал Қырғызстанда бір литр бензин 70-80 теңге. Бензинге және дизель отынына акцизді арттыру туралы қаулы жобасы Open NPA порталында қоғамдық талқылауға шығарылған еді. «Зауыт үшін акциздердің қосымша өсуі мұнай өнімдерін экспорттаушылар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін айтарлықтай қаржылық ауыртпалық болады», делінген құжатта.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, шекаралас аймақтарда ресейліктер Қазақстанда арзан бензинді арзан бағамен құяды, бұл Ресей экономикасын субсидиялаудың бір түрі болып табылады. «Оның орнына Ресей бізге не береді?» деген сауалдың жауабы біздің Үкіметті шындап ойландыратын кез енді келді. Себебі сарапшылар «ЕАЭО-дағы еліміздің ұпайын бір түгендесек, бензин арқылы түгендей аламыз» деген сүйінші хабарды ел-жұртқа таратып жіберуге асығып отыр.
Алда ЕАЭО нарығында жанар-жағармай секторының ортақ нарығын көтеру мәселесі күн тәртібіне шығатын уақыт келе жатыр.
«Бағаны көтеру арқылы ішкі нарықты бензинмен, өз күшімізбен қамтамасыз ете аламыз ба?» деген сауал Үкіметтің экономикалық блогының түн ұйқысын төрт бөліп жүргені байқалады. Себебі сарапшылар Қазақстан қай бағытқа басымдық беруі керектігін қазірдің өзінде ашық айта бастады: біріншісі – ЕАЭО арқылы ресейлік нарықты жаулау; екіншісі – Еуропа елдерінің нарығын бетке алу.
Сарапшы Андрей Чеботарев бізге Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтқандарына қатысты көзқарасын білдірген еді. Оның айтуынша, бензин бағасын Ресейдегі көрсеткішпен теңестіру бензин контрабандасы немесе басқа да біз білмейтін көлеңкелі құбылыстардың алдын алу неғайбыл. Бағаны 10 теңгеге көтеру дегеніміз 6,5 пайызға қымбаттатумен бірдей. Біз осы нұсқаны таңдап алған күннің өзінде бензиніміздің Ресей ауып кетуінің алдын ала алмайды екенбіз. Себебі Ресейде 92 маркалы бензин 41,6 рубль, бұл біздің теңгемен есептегенде 254 теңге.
«Бұл баға қазіргі қолданыстағы бағамен салыстырғанда 67 пайызға көп ақша. Дәл осы формулада теңестіру үшін біз акциз бағасын 2,5 пайызға емес, 13 есе көтеруіміз керек» дейді А.Чеботарев.
Сарапшылар осы ретте бензин акциясы бағасына қатысты мәселе Үкіметті тығырыққа тіреп отырғанын ашық айтып отыр. Басқаша айтсақ, Ресейге бұрсақ – арба сынады, Еуропаға тартсақ – өгіз өледі.
Салыстыра кету үшін айтсақ, Германияда АИ-95 маркілі 1 литр бензин – 1,3 еуро, ал Испанияда – 1, 59 еуро. Теңгемен есептегендегі орташа баға 617-700 теңгенің айналасы. «Әлемдік нарықта 95 маркілі бензиннің орташа бағасы 429 теңге. Демек, қазақстандық бензиннің ең арзан бағаға сатылып жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Сол себепті бағаны Ресеймен немесе Еуропамен теңестіруге емес, оның сапасын көтеруге басымдық берген дұрыс», дейді Андрей Чеботарев.
Сарапшылар біздің елдегі бензин бағасы шекаралар мен кеден бекеттерінде алыпсатарлықты өршітеді деп санайды. Бензин тапшылығын бастан өткерген өткен жылы осындай құбылыс байқалған-ды. Бензин өндіріу көлемі қазір 2018 жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға, жағармай шығару 8,8 пайызға артыпты. Қазақстанда өндірілген бензиннің 40 пайызға жуығы Павлодар зауытынан шығады. 2020 жылдың соңына қарай Батыс Қазақстан облысында мұнайды тереңдетіп өңдейтін шағын зауыт іске қосылады. Түркістан облысында да сондай зауыт құрылысының 30 пайызы аяқталып қалды. Мұндай жағдайда бензин акциясы бағасын 2,5 есе көтеру тәуекелі жоғары шешім екен.
Бағаны 10 теңгеге, яғни 6,5 пайызға қымбаттату еліміздегі барлық позицияда бағаны 6,5 пайызға қымбаттатып жібереді деп санайды сарапшы А.Чеботарев. «6,5 пайыз инфляция бағаға әсер етеді. Министрлік бензин бағасын бірден емес, баяу өсіруге басымдық бергені дұрыс шығар. Сонымен бірге көлікке салынатын салық көлемін белгілеген кезде бензин бағасын да бірге қарастырған дұрыс. Бізге қазір ең дұрысы және оңтайлысы Ресей бағытына басымдық беру. Себебі еуропалық стандарттарға қарап бой түзейтін деңгейге жеткен жоқпыз» дейді ол.
Мұндай пікірді екінші сарапшы Сергей Тихонов та да қолдайды. Себебі Қазақстан бюджетінің қалтасы еуропалық бағаны көтермейді. Егер бұл шешім басым дауыспен қабылданып кетсе, күні ертең бензин индустриясы мемлекетке алақан жайып, субсидия сұрап шыға келеді. Біз мұнай-газ саласы өкілдерінің тәбетін қарапайым халықтың қалтасын қағу арқылы қанағаттандыруға жол бермеуіміз керек. «Мен бензин акцизі бағасын 6-10 пайызға көтеруден өзге жол көріп тұрған жоқпын. Мұның өзі осы саланың инвестициялық тартымдылығына оң әсер ете алады. Іштегі баға Ресейге жақындаса, қазақ бензині сырт елге ауып кетпейді» дейді С.Тихонов.
Осы тұста сарапшылар ішкі нарықта бензин акцизінің бағасын көтеруден басқа жолдарды қарастыру керек екенін көптен айтып жүр. Қазір көрші елдермен баға айырмашылығы 100 теңгенің айналысында. 2025 жылға қарай ЕАЭО-да мұнай өнімдеріне қатысты ортақ баға қалыптасқан кезде жағдай мүлдем ушығып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда кедендік шекаралар бензинді ары-бері өткізуге ешқандай кедергі келтіре алмайды.
«Үкімет бензин бағасына қатысты шешімді қай уақытта қабылдайтыны белгісіз. Бірақ биылғы 1 желтоқсанда қабылдамайтыны анық. Жаңа айтып кеткенімдей, ең дұрысы – біртіндеп өсіру. Сол кезде халық жаңа бағаға психологиялық жағынан да дайын болады. Сол себепті бағаны өсіруге қатысты шешім қабылдаған кезде халықты ашуландырып алмайтын мүмкіндіктердің бәрін қарастырған дұрыс» дейді С.Тихонов.
Сөз басында айтып өткеніміздей, ЕАЭО нарығындағы мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы келісімнің күшіне енуіне 5 жылға жетпейтін уақыт қалды. 2025 жылдан бастап бензин мәселесінде ортақ заңмен өмір сүретін боламыз. Оған дейін Үкіметтің экономикалық блогы өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын оңтайлы шешім қабылдағаны дұрыс. Әйтпесе ЕАЭО-ның мұнай өнімдері нарығында қазанның түбін жалап қалуымыз әбден мүмкін.
АЛМАТЫ