Спорт • 31 Қазан, 2019

Ақтаулық таэквондошылар Атыраудағы жарыстан 48 медаль жеңіп алды

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Атырау қаласында таэквондо GTF тұжырымы бойынша «Atyrau Open» республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті. Ақтөбе, Орал, Ақтау және Атырау өңірінен барлығы 300 спортшы өзара мықтыны анықтады. Турнир Massogi және Xieng сынды екі бағдарлама бойынша өткен болатын.

Ақтаулық таэквондошылар Атыраудағы жарыстан 48 медаль жеңіп алды

Маңғыстау құрамасы 34 таэквондошыдан тұрды. Мәселен, Xieng бағдарламасы бойынша барлық 34 спортшы медаль алды, оның 10 алтын, 8 күміс және 16 қола. Ал Massogi бойынша 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медальмен қоржынымыз толықты.

«Өркен» оқу орталығының жаттықтырушысы Бүркіт Исакұлының айтуынша, ақтаулық таэквондошылар көрсеткен өнерге тәнті болғандар көп болыпты. Жеңіске деген жігер мен намыс жерлестеріміздің биіктен көрінуіне мүмкіндік берген.

- Елімізде таэквондо қарқынды дамып келеді. Біздің шәкірттеріміз көптеген жарыстарда жеңіс тұғырын бағындырып жүр. Ал аймақта спорттың осы түрін дамытуға федерация президенті Сәттіғұл Әбітов күш салып келеді. Жанымызда болашағынан зор үміт күттіретін талантты жастар өсіп келеді, дейді бапкер. Ақтауда аталмыш спорт түрінің үйірмелері «Өркен», «Өрлеу» спорт орталықтары және Ақтау қаласындағы №8 орта мектепте бар.

Балғын таэквондошылар кезекті жарысқа қызу дайындық үстінде. Биыл 1 желтоқсанда Ақтауда қалалық турнир өткізу жоспарланған. Одан соң Орал қаласында республикалық деңгейде жарыс ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар келер жылы Болгарияда Әлем чемпионаты өтеді.