Аймақтар • 31 Қазан, 2019

Маңғыстауда келесі жылы денсаулық саласын қаржыландыру 39,5 млрд теңгеге жетпек

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды 2020 жылы 1,4 есеге яғни, 39,5 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы МӘМС жүйесін енгізу жөніндегі өңірлік штаб отырысы барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов атап өтті.

Маңғыстауда келесі жылы денсаулық саласын қаржыландыру 39,5 млрд теңгеге жетпек

- МӘМС жүйесін енгізу шараларын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласының бюджет көлемі 2020 жылы ел бойынша 1 561,4 млрд теңгені құрайды, оның 573 млрд теңгесі – МӘМС аударымдары. Қаржыландырудың жалпы көлемі 2019 жылғы деңгейден 52%-ға артады. Маңғыстау облысы бойынша 2020 жылы 39,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру жоспарлануда, бұл 2019 жылғы бюджетпен салыстырғанда 1,4 есе жоғары. Сондай-ақ ТМККК аясында – 26,6 млрд теңге, МӘМС аясында – 12,9 млрд теңге, деді Е.Байжүнісов.

МӘМС жүйесі шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейі жалпы ел бойынша 95% -дан асады деп болжануда (МӘМС жүйесін енгізу үшін ұсынылған шекті деңгей кемінде 80%-ды құрайды).

Маңғыстау облысы бойынша бұл қамту 93% - ды құрайды және облыс халқының 7% -ы немесе 50 мыңға жуық адам «шартты түрде сақтандырылмаған» болып есептеледі, олар бойынша мәртебені өзектендіру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Әлеуетті жеткізушілердің мәліметтер базасында облыс бойынша 80 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Маңғыстау облысының «МСҚ» КЕАҚ филиалы ТМККК шеңберінде 2019 жылға 51 өнім берушімен шарт жасады, оның ішінде мемлекеттік - 26 (51%), жеке - 25 (49%) ұйым бар.

Денсаулық сақтау министрлігі бүкіл ел бойынша медициналық көмектің жаңа пакеттерін – ТМККК және МӘМС енгізуге байланысты медициналық көмекті ұйымдастыруда өзгерістер бөлігінде медицина қызметкерлерінің құзыретін арттыру мақсатында оқыту семинарларын өткізуде. Бұл үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) жұмыс істеуі жағдайында медициналық қызметтер мен бизнес-процестердің тізбесін бөлу бойынша оқыту материалдары әзірленді.

 Ақтау қаласында семинарға жалпы тәжірибе дәрігерлері, денсаулық сақтау менеджерлері және орта медициналық қызметкерлер қатарынан 100-ге жуық медициналық ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында МӘМС жүйесі бойынша оқыту семинарларын жалғастырады.

Президент 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жолдаған  Қазақстан халқына Жолдауында, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) іске қосылатынын айтып, Үкіметке МӘМС жүйесін енгізу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, реформадан кемшілік кетпеуін қадағалауды тапсырған болатын.

2015 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесін МӘМС-ке дайындау бойынша конструктивтік және жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, бүгінгі күні барлық қажетті нормативтік-құқықтық база қабылданды. 2015 жылы МӘМС жүйесінің негізгі принциптері мен жұмыс істеу тәртібін регламенттейтін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық қамтамасыз ету жүйесін енгізуді көздейтін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Соңғы жаңалықтар