– Сапархан Кесікбайұлы, қазан айының басында Мәжілісте 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Осы түзетулердің ішінде Қаржы министрлігі шаруалардың мал өсіруіне көмек ретінде берілетін 36,5 млрд теңгеге тең субсидияны бюджеттің шығыс бөлігінен қысқартып тастағаны белгілі болды. Оған не себеп?
– Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау мәселесі тиісті заңға сәйкес жергілікті бюджеттердің құзырына жатады. Биыл елімізде бұл саланы субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 77,7 млрд теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 25 қазанындағы жағдай бойынша 8 облыста (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар) қаражат толық көлемде игеріліп, бөлінген жалпы соманың 94,5 пайызы орындалды.
Қазір субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес облыстардан 36 млрд теңгеден астам сомаға 18 мыңнан астам ауылшаруашылық тауарын өндірушінің өтінімі келіп, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне тіркелді. Осыған байланысты, біздің министрлік бюджеттік өтінім шеңберінде мал шаруашылығын дамытуды, өнім көлемі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялауға барлық құжатты ұсына отырып, республикалық бюджеттен 36,8 млрд теңге қосымша бюджеттік өтінім берді. Республикалық бюджет комиссиясының 1 қазан күні өткізген отырысында аталған өтінім қолдау таппады.
Бұл ретте, бюджеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінетін субсидиялардың тиімділігіне талдау жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобын құру туралы тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына Мәжіліс депутаттары, «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кірген. 29 қазанда жұмыс тобының 1-отырысы өткізіліп, барлық қатысушылардың пікірлері ескеріле келе өтінім республикалық бюджет комиссиясының қарастыруына қайта енгізілетін болды. Қабылданған шешім туралы біз міндетті түрде БАҚ-тарға хабарлаймыз.
– «ҚазАгро» холдингінде жылдар бойы жиналған проблемалар қазір өткір көтеріліп жатыр. Жазда Мемлекет басшысы Үкіметке холдингті дағдарыстан шығаратын ұсыныстарды дайындауға екі ай мерзім берген-ді. Қандай нәтиже бар?
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жанашырлықпен айтқан әрбір сыны ауыл шаруашылығы саласының ертеңіне деген ел сенімін нығайтады. Ең алдымен «ҚазАгро» холдингінің қарыздары қашан және қалай жиналғанына, холдинг осындай күрделі жағдайға неге тап болғанына қысқаша тоқталайын. Биылғы жылдың басында нақты жағдайды анықтау үшін біздің шақыруымызбен KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы холдингтің қызметі мен қаржылық жағдайын тәуелсіз бағалады. Бағалау нәтижелері бойынша 2019 жылдың басындағы оның жалпы шығыны 399,1 млрд теңгеге жеткені анықталды. Бұл 2015-2018 жылдар аралығында жиналып қалған қаражат. Оның бәрі холдингте валюталық позицияны басқару тәжірибесінің болмауынан қаржылық тәуекелдердің туындауы, холдингтің қаражаты орналастырылған бірнеше отандық банктің дефолтқа ұшырауы, компанияның еншілес ұйымдарында несие беру процесінің ашық жүргізілмеуі, тағы басқа да себептердің салдары.
Бүгінде кейбір адамдар агросекторды сынағысы келсе, бірінші кезекте «ҚазАгро»-ны айтады. Меніңше, мәселені қаузай бермей, шешуге тырысуымыз керек. Холдингтің қарызға батпай, жинақы даму институтына айналғаны, ауыл шаруашылығын дамытып, табысқа жеткені өте маңызды. Бағалау қорытындысын алған соң біз Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп қаржы моделін әзірледік. Онда индикаторлар нақты көрсетілген. Екі ай ішінде Үкіметпен бірлесіп дағдарыстан шығу жоспарын қарастырдық. 2020 жылдан бастап «ҚазАгро» шығындарды генерациялауды тоқтатады, болашақта пайда әкелетін ұйымдардың біріне айналады. Несие портфеліндегі проблемалық несиелердің үлесі 22%-дан 15%-ға дейін төмендеуі тиіс. Реформаның мақсаты – «ҚазАгро»-ны толық жақсы жағына өзгерту. Бюрократиялық аппарат, сыбайлас жемқорлық және адами факторлар өткеннің еншісінде қалуы керек. Қазіргі негізгі міндетіміз – мобильді шағын холдинг құру. Реформа аясында холдингтің 7 еншілес ұйымының 3-еуі ғана қалады. Желтоқсан айына дейін «ҚазАгроКепіл» АҚ мен «Қазагромаркетинг» ЖШС жабылады. 2020 жылдың сәуір айында «ҚазАгроӨнім» АҚ Аграрлық несие корпорациясына қосылады. Қайта ұйымдастыру мен қызметкерлер штатын оңтайландыру экономикалық нәтиже береді, бұл жыл сайын шамамен 2 млрд теңгені құрайды.
Компанияларды бірыңғай холдингке шоғырландырудың көптеген артықшылығы бар. Бұл, біріншіден, инвесторлармен, мемлекеттік органдармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, есептілікті бақылау мен алу ыңғайлы. Одан бөлек, холдингтің неғұрлым жоғары несие рейтингі болса, қаражатты тарту құнын төмендетуге мүмкіндік туады.
Холдинг енгізетін автоматтандыру өтініштерді қарау мен ауыл шаруашылығымен айналысатындарға несие беруді мақұлдау рәсімін жеңілдетеді. Трансформация шеңберінде деректерді өңдеудің цифрлы жүйесін енгізу және жасанды интеллект пен «Big Data» қолдана отырып шешім қабылдау бойынша ауқымды жұмыс басталды. Бұл процесті енгізу арқылы мемлекеттік деректер қорынан қарыз алушы туралы қажетті ақпаратты жедел жинауға және оны автоматты түрде өңдеуге болады.
Автоматтандырудың нәтижесінде өтінімдерді қарау уақыты 30 күннен 3 сағатқа дейін қысқарады. Сонымен қатар адам факторы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, қағаздағы құжат айналымын және артық құжат сұрату толығымен алынады. Холдинг компанияларының барлық тобы бойынша кредиттік процестерді толық автоматтандыру 2021 жылдың шілдесіне дейін аяқталатын болады.
– Бізде жоспары мен жүзеге асыруы қабыспайтын реформалар көп. Холдинг шын мәнінде өзін өзі құтқарып, қарапайым фермерлер мен шаруаларды қолдай ала ма? Қазір сіздерге 77 мың фермер қарайлап, алаңдап отыр. Күні ертең олар зардап шекпей ме?
– Мүлдем зардап шекпейді десем болады. Табысты фермер – біздің жетістігіміздің кепілі, біз оларға тәуелдіміз. Сондықтан холдинг оларға жылдам, түсінікті және ыңғайлы қызмет ұсынуға, қағазбастылықтан құтқаруға барын салады. Ең бастысы, фермерлерлердің еш нәрсеге алаңдамай, бізге сенгені. Бұған дейін қаржыландырылған жобаларды талдай отырып, бірнеше келеңсіз жағдайларды кезіктіріп отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобаларды басқаруға стратегиялық инвесторларды тарту және құрылымдағы қаржыландыруды қамтамасыз ету арқылы тоқтап тұрған жобаларды қатарға қосу жұмыстары басталды. Қазір проблемалы жобалардың арасында жұмыс істейтіні де, істемейтіні де бар. Холдинг қаржыландырған 752 жобаның 42-сі жұмыс істемейді. Бұл жалпы қаржыландыру көлемінің 5%-ы.
– Мақұлданған, қаржы бөлінген жобалар неліктен іске аспайды?
– Себебі алған ақшаны, яғни қарызын мақсатсыз пайдаланудың көптігі, жабдықтар өндіретін зауыттардың жоқтығы, білікті технологиялық мамандардың жетіспеуі, ауыл шаруашылығы бизнесін жүргізу дағдыларының жоқтығы негізгі факторлар деп есептеймін. Мысалы, бір серіктестік 5260 бас ірі қара мал сатып алу үшін мемлекеттен 1,22 млрд теңгеге қаржы алған. Бірақ мыңдаған малдың орнына бірнеше жүз сиыр алып, қалған ақшаны банкке жоғары пайызбен депозитке салып қояды. Онымен қоймай, сатып алған сиырларға субсидия алып отырған. Мұндай фактілерді біз міндетті түрде сотқа жеткіземіз. Анықталған күмәнді жобалар бойынша барлық фактілер құқық қорғау органдарына беріледі.
– Яғни айтылып жатқан сыни пікірлер негізсіз емес қой?
– Қазір жағдайды зерделеп, борышкерлермен медиативті келісім жасасу тәжірибесін жою туралы шешім қабылданды. Бұл – басты ұстанымымыз. БАҚ-та көтеріліп жатқан сыннан, шулы шағымдардан қашпаймыз. Қандай да бір мәселе бойынша сауал туындаса келсін. Өзімізден сұрасын, біз пікірталасқа дайынбыз.
Бүгінде Аграрлық несие корпорациясы ірі қарыз алушылармен арадағы 2,4 млрд теңге сомасындағы келісімді бұзды. Берешектің басым бөлігі мәжбүрлеп өндіріп алынады, кәсіпорындарды одан әрі тарату арқылы банкроттық рәсім жүргізіледі.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне тиімді жұмыс логистикасын ескеретін инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар. Біздің елдің АӨК өнімін Орталық Азияға, Қытайға, Ресейге, Иран мен басқа да Каспий маңы елдеріне экспорттауға болады. Осыны ескере отырып, «жобалық тәсіл» шеңберінде шетелдік инвесторларды сүйемелдеуді күшейтеміз. Бұл не деген сөз? Біз инвестор үшін барлық дайындық жұмыстарын жүргізуге дайынбыз, нарықты зерттейміз, болашағы бар бағыттарды табамыз және инвесторға жағдай жасаймыз. Барлық әлеуметтік жобалар шикізат және жем-шөп базаларына, өткізу нарықтарына, логистика және экспорттық бағыттарға қол жеткізу тұрғысынан қаралатын болады. Инвестор тартылған сәттен бастап жобалық қуатқа шыққанға дейін ілесіп жүреді.
– Жақында екінші деңгейлі банктер аграрлық секторды қаржыландыру көлемін азайтатынын айттыңыз. Банк секторы үшін ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру мүмкіндігі бар ма?
– АӨК-те фермерлерді қаржыландыруда проблема бар екені жалпыға мәлім. Бұл ең алдымен банк саласындағы проблемаларға байланысты. Соңғы бірнеше жылда банктердің АӨК-ті қаржыландыру көлемі 6 есе төмендеді. Осы мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық қолхаттарды және аграрлық сақтандыруды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. «Egemen Qazaqstan» тарапынан берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, бұл бастаманың мәнін егжей-тегжейлі айта кетейін. Аграрлық қолхат банктер дағдарысқа ұшыраған кезде Бразилияда банктердің несиесіне балама ретінде пайда болған. Қазір аграрлық қолхат арқылы Бразилияның АӨК-ті қаржыландыру үлесі жыл сайынғы сұраныстың 60 пайызын құрайды екен.
– Аграрлық қолхат қалай берілетіні туралы сәл нақтырақ айтып өтсеңіз?..
– Өндірістік маусымның алдында фермер ақшалай қарызды немесе өндіріс үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді тартады. Сөйтіп оның орнына несие берушіге бағалы қағаз болып табылатын аграрлық қолхат береді. Фермер кейін ақшамен (қаржылық аграрлық қолхат) немесе ауылшаруашылық өнімімен (тауар аграрлық қолхаты) төлем жасауға келісе алады. Кез келген тұлға кредитор бола алады, банк болуы міндетті емес.
Іс жүзінде бұл Қазақстанда қазір де бейресми түрде қолданылады. Бүгінде көптеген тұқым, гербицид және дизель отынын жеткізушілер бұл тауарларды фермерге бөліп-бөліп береді. Бірақ несие берушінің аграрлық қолхатты басқа тұлғаға сатуға мүмкіндігі бар. Бұл процесс фермерді қиын жағдайда қалдыруы мүмкін. Біз аграрлық қолхат жүйесіне барынша жетілдірілген тәсілдерді енгізгіміз келеді, оны жүзеге асыруға бізге цифрландыру көмектеседі. Бүгінде фермерлердің түгелге жуығының – шамамен 180 мың субъектінің электронды цифрлы қолтаңбасы бар. Олар жеке кабинет арқылы электронды түрде субсидия алады, дизель отынын немесе астық сатып алады. Жерді қашықтықтан зондтау деректеріне қол жеткізеді. Цифрландыру бізге қағаз емес, электронды аграрлық қолхаттарды арнайы цифрлы платформа арқылы енгізуге мүмкіндік береді. Бұл фермерлерге көп несие берушімен байланыс орнатуға жол ашады. Ал несие берушілер фермердің алқабы, активтері, несие тарихы сияқты маңызды деректерді электронды түрде алады, скоринг жасайды. Электронды аграрлық қолхатқа ақпараттық технологияны қолдануды ауыл шаруашылығындағы қарым-қатынастардың тоғысуы деуге болады.
– Аграрлық қолхатты қолданысқа енгізуге барлығы дайын ба?
– Бізге тиісті заң қажет, өйткені елдің Азаматтық кодексінің нормаларына байланысты бағалы қағаздардың жаңа түрін енгізу заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен қандай да бір шығыстарды талап етпейді. Аграрлық қолхаттар туралы заң жобасын Мәжіліс депутаттары әзірледі, оған Үкіметтің оң қорытындысы берілді.
– Қазақстан сияқты аграрлық секторы, әсіресе өсімдік шаруашылығы ауа райына тәуелді елде сақтандыру шараларының маңызы зор екені белгілі. Әйтпесе фермерлердің тақырға отырып қалуы оп-оңай. Бұл бағытта қандай шаруалар жасалып жатыр?
– 2004 жылдан бастап өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру болған еді. Өкінішке қарай, бұл өзін ақтамады. Нәтижесінде, сақтандырудың осы түрі бойынша 10 сақтандыру компаниясының 8-і лицензияларын өз еркімен тапсырды. Сөйтіп міндетті сақтандырумен қамту 30 пайыздық деңгейге дейін төмендеді. Әлемдік тәжірибелер мен жаңа технологияларды, сондай-ақ оны Қазақстан аумағында қолдану мүмкіндіктерін зерделей келіп, министрлік қазір бірқатар заңнамалық өзгерістерге бастамашыл болып отыр. Атап айтқанда, міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу, сақтандыру құнын (сақтандыру сыйлықақысы) субсидиялауға төлемдерді субсидиялаудан көшу, сандық технологияларды баламасыз және кеңінен қолдану сынды шаралар қолға алынуға тиіс. Осы қазан айында тиісті заң жобасы Сенатта қабылданып, Мемлекет басшысының қарауына жіберілді. Енді сақтандыру компанияларының сақтандыру өнімдерін әзірлеуге және оны мемлекеттік қолдау тізіміне енгізуді ұсынуға мүмкіндігі бар.
Жалпы, фермерлердің қаржыға қол жеткізуін жақсарту – басты міндеттеріміздің бірі. Сол себепті мемлекеттік қолдауға несие берушілердің тәуекелін төмендететін сақтандыру өнімдері ғана ие болады. Яғни қаржы ұйымына немесе тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді жеткізушіге барынша аз тәуекелмен фермерге қажетті айналым капиталын ұсынуға мүмкіндік береді. Сондықтан сақтандыру өнімдерін сақтандырушылар емес, банк өкілдерінен, ресурстарды жеткізушілерден және фермерлік қауымдастықтар мен одақтардың өкілдерінен тұратын арнайы комиссия бекітетін болады. Бұл – өте маңызды.
Біздің бағалауымызша, сақтандыру жыл сайын 5 млрд теңге мөлшеріндегі сыйақыны субсидиялау кезінде фермерлерге жыл сайын қосымша 100-200 млрд теңгеге жуық қаржы тартуға көмектеседі.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»