Экономика • 01 Қараша, 2019

Сапархан Омаров: Біздің жетістігіміздің кепілі – табысты фермер

327 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысына барғанда агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы республикалық кеңес өткізген болатын. Осы жиында Президент саладағы бірқатар мәселелерді сынға алды, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға оны шешу туралы тапсырма жүктеді. Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Отандық агросекторда қандай өзгеріс бар? Бұл туралы Ауыл шаруашылығының министрі Сапархан ОМАРОВТАН сұрағанды жөн көрдік.

Сапархан Омаров: Біздің жетістігіміздің кепілі – табысты фермер

– Сапархан Кесікбайұлы, қазан айының басында Мәжі­лісте 2019-2021 жылдарға ар­нал­ған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен то­лықтырулар қаралды. Осы түзету­лердің ішінде Қаржы ми­нистр­лігі шаруалардың мал өсіруіне көмек ретінде бері­ле­тін 36,5 млрд теңгеге тең суб­­си­дияны бюджеттің шы­ғыс бөлі­гінен қысқартып таста­ға­ны белгілі болды. Оған не себеп?

– Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау мәселесі тиісті заңға сәйкес жергілікті бюджеттердің құзырына жатады. Биыл елімізде бұл саланы субсидиялауға жер­гілікті бюджеттерде 77,7 млрд теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 25 қазанындағы жағдай бойынша 8 облыста (Ақмола, Ақ­төбе, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар) қаражат толық көлемде игеріліп, бөлінген жалпы соманың 94,5 пайызы орындалды.

Қазір субсидиялаудың ақпа­рат­тық жүйесінің мәлімет­тері­не сәйкес облыстардан 36 млрд теңгеден астам сомаға 18 мыңнан астам ауылшаруашылық тауарын өндірушінің өтінімі келіп, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне тіркелді. Осыған байланысты, біздің министрлік бюджеттік өтінім шеңберінде мал шаруашылығын дамытуды, өнім көлемі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялауға барлық құжатты ұсына отырып, республикалық бюджеттен 36,8 млрд теңге қосымша бюджеттік өтінім берді. Республикалық бюд­­жет комиссиясының 1 қазан күні өткізген отырысында атал­ған өтінім қолдау таппады.

Бұл ретте, бюджеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов ауыл шаруашылығы саласын да­мытуға бөлінетін субси­дия­лар­дың тиімділігіне талдау жүргізу мақсатында арнайы жұмыс то­бын құру туралы тапсырма бер­ді. Бұл тапсырманы орындау мақ­сатында Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына Мәжіліс депутаттары, «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кірген. 29 қазанда жұмыс тобы­ның 1-отырысы өткізіліп, бар­лық қатысушылардың пікір­лері ескеріле келе өтінім республи­ка­лық бюджет комиссиясының қарастыруына қайта енгізілетін болды. Қабылданған шешім туралы біз міндетті түрде БАҚ-тарға хабарлаймыз.

– «ҚазАгро» холдингінде жылдар бойы жиналған пробле­малар қазір өткір көтеріліп жатыр. Жазда Мемлекет басшы­сы Үкіметке холдингті дағ­да­рыстан шығаратын ұсыныс­тарды дайындауға екі ай мерзім берген-ді. Қандай нәтиже бар?

– Президент Қасым-Жо­март Кемелұлының жана­шыр­­лықпен айтқан әрбір сыны ауыл шаруашылығы сала­сы­ның ертеңіне деген ел сені­мін нығайтады. Ең алдымен «ҚазАгро» холдингінің қа­рыз­дары қашан және қалай жи­нал­­ғанына, холдинг осындай күрделі жағдайға неге тап бол­ғанына қысқаша тоқталайын. Биыл­ғы жылдың басында нақ­ты жағдайды анықтау үшін біз­дің шақыруымызбен KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы холдингтің қызметі мен қаржылық жағдайын тәуел­сіз бағалады. Бағалау нәти­же­лері бойынша 2019 жылдың басын­дағы оның жалпы шығыны 399,1 млрд теңгеге жеткені анық­талды. Бұл 2015-2018 жыл­дар аралығында жиналып қалған қаражат. Оның бәрі холдингте валюталық позицияны басқару тәжі­рибесінің болмауынан қар­жы­лық тәуекелдердің туындауы, холдингтің қаражаты орна­лас­тырылған бірнеше отан­дық банктің дефолтқа ұшы­рауы, компанияның еншілес ұйым­дарында несие беру процесінің ашық жүргізілмеуі, тағы басқа да себептердің салдары.

Бүгінде кейбір адамдар агросекторды сынағысы келсе, бірінші кезекте «ҚазАгро»-ны айтады. Меніңше, мәселені қау­зай бермей, шешуге тырысуымыз керек. Холдингтің қарызға батпай, жинақы даму институтына айналғаны, ауыл шаруашылығын дамытып, табысқа жеткені өте маңызды. Бағалау қорытындысын алған соң біз Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп қаржы моделін әзірле­дік. Онда индикаторлар нақты көр­­сетілген. Екі ай ішінде Үкі­мет­пен бірлесіп дағдарыстан шығу жоспарын қарастырдық. 2020 жылдан бастап «ҚазАгро» шығындарды генерациялау­­ды тоқтатады, болашақта пайда әкелетін ұйымдардың біріне айналады. Несие портфеліндегі проб­лемалық несиелердің үлесі 22%-дан 15%-ға дейін төмен­деуі тиіс. Реформаның мақ­саты – «ҚазАгро»-ны толық жақ­сы жағына өзгерту. Бюрокра­тия­лық аппарат, сыбайлас жем­қорлық және адами фактор­лар өткеннің еншісінде қалуы керек. Қазіргі негізгі міндетіміз – мобильді шағын холдинг құ­­ру. Реформа аясында холдингтің 7 ен­­шілес ұйымының 3-еуі ғана қа­ла­ды. Желтоқсан айына дейін «ҚазАгроКепіл» АҚ мен «Қазагромаркетинг» ЖШС жабылады. 2020 жылдың сәуір айында «ҚазАгроӨнім» АҚ Аг­рар­лық несие корпорациясына қосылады. Қайта ұйымдастыру мен қызметкерлер штатын оңтай­ландыру экономикалық нәтиже береді, бұл жыл сайын шамамен 2 млрд теңгені құрайды.

Компанияларды бірыңғай холдингке шоғырландырудың көптеген артықшылығы бар. Бұл, біріншіден, инвесторлармен, мемлекеттік органдармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, есептілікті бақы­лау мен алу ыңғайлы. Одан бөлек, хол­дингтің неғұрлым жоғары несие рейтингі болса, қаражатты тарту құ­нын төмендетуге мүм­кіндік туады.

Холдинг енгізетін автомат­тандыру өтініштерді қарау мен ауыл шаруашылығымен айна­лыс­атындарға несие беруді мақұл­дау рәсімін жеңілдетеді. Трансформация шеңберінде дерек­­терді өңдеудің цифрлы ж­үйес­ін енгізу және жасанды интеллект пен «Big Data» қолдана отырып шешім қабылдау бойынша ауқымды жұмыс басталды. Бұл процесті енгізу арқылы мем­лекеттік деректер қорынан қа­рыз алушы туралы қажетті ақ­па­ратты жедел жинауға және оны ав­то­матты түрде өңдеуге болады.

Автоматтандырудың нәти­­же­сін­де өтінімдерді қарау уа­­қыты 30 күннен 3 сағатқа де­йін қысқара­ды. Соны­мен қатар адам факторы мен сы­бай­­лас жемқор­лық тәуекел­дерін, қағаздағы құ­жат айналы­мын және артық құ­жат сұрату толығымен алына­ды. Хол­­динг компанияларының бар­лық тобы бойынша кредит­тік процестерді толық автомат­тан­дыру 2021 жылдың шіл­де­сіне дейін аяқталатын болады. 

– Бізде жоспары мен жүзеге асыруы қабыспайтын реформалар көп. Холдинг шын мәнінде өзін өзі құтқарып, қара­пайым фермерлер мен шаруа­ларды қол­дай ала ма? Қазір сіздерге 77 мың фермер қарай­лап, алаңдап отыр. Күні ертең олар зардап шекпей ме?

– Мүлдем зардап шекпейді десем болады. Табысты фермер – біздің жетістігіміздің кепілі, біз оларға тәуелдіміз. Сондықтан холдинг оларға жылдам, түсінікті және ыңғайлы қызмет ұсынуға, қағазбастылықтан құтқаруға барын салады. Ең бастысы, фер­мерлерлердің еш нәрсеге алаң­дамай, бізге сенгені. Бұған дейін қаржыландырылған жобаларды талдай отырып, бірнеше келеңсіз жағдайларды кезіктіріп отырмыз. Мемлекет басшысының тап­сыр­­масына сәйкес, жобалар­ды бас­қаруға стратегиялық инвес­тор­ларды тарту және құры­лым­дағы қаржыландыруды қам­та­ма­сыз ету арқылы тоқтап тұрған жобаларды қатарға қосу жұмыстары басталды. Қазір проблемалы жобалардың арасында жұмыс істейтіні де, істемейтіні де бар. Холдинг қаржыландырған 752 жобаның 42-сі жұмыс істемейді. Бұл жалпы қаржыландыру көлемінің 5%-ы.

– Мақұлданған, қаржы бө­лін­ген жобалар неліктен іске аспайды?

– Себебі алған ақшаны, яғни қарызын мақсатсыз пайдалану­дың көптігі, жабдықтар өндіретін зауыттардың жоқтығы, білікті технологиялық мамандардың жетіспеуі, ауыл шаруашылығы биз­несін жүргізу дағдыларының жоқ­тығы негізгі факторлар деп есептеймін. Мысалы, бір серіктес­тік 5260 бас ірі қара мал сатып алу үшін мемлекеттен 1,22 млрд теңгеге қаржы алған. Бірақ мыңдаған малдың орнына бір­неше жүз сиыр алып, қалған ақшаны банкке жоғары пайызбен депозитке салып қояды. Онымен қоймай, сатып алған сиырларға суб­сидия алып отырған. Мұндай фак­тілерді біз міндетті түрде сот­қа жеткіземіз. Анықталған кү­мәнді жобалар бойынша барлық фактілер құқық қорғау органдарына беріледі.

– Яғни айтылып жатқан сы­ни пі­кірлер негізсіз емес қой?

– Қазір жағдайды зерделеп, борышкерлермен медиативті келісім жасасу тәжірибесін жою туралы шешім қабылданды. Бұл – басты ұстанымымыз. БАҚ-та көтеріліп жатқан сыннан, шу­лы шағымдардан қашпай­мыз. Қандай да бір мәселе бойын­ша сауал туындаса келсін. Өзіміз­ден сұрасын, біз пікірталасқа да­йынбыз.

Бүгінде Аграрлық несие кор­по­рациясы ірі қарыз алушы­­­лармен арадағы 2,4 млрд теңге со­­ма­сындағы келісімді бұзды. Бере­шектің басым бөлігі мәж­бүр­леп өндіріп алынады, кәсіпорын­д­арды одан әрі тарату арқылы банкроттық рәсім жүргізіледі.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне тиімді жұмыс логис­тикасын ескеретін инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар. Біздің елдің АӨК өнімін Ор­талық Азияға, Қытайға, Ресейге, Иран мен басқа да Каспий маңы елдеріне экспорттауға болады. Осыны ескере отырып, «жобалық тәсіл» шеңберінде шетелдік инвесторларды сүйемелдеуді күшейтеміз. Бұл не деген сөз? Біз инвестор үшін барлық дайындық жұмыстарын жүргізуге дайынбыз, нарықты зерттейміз, бо­ла­шағы бар бағыттарды табамыз және инвесторға жағдай жасаймыз. Барлық әлеуметтік жобалар шикізат және жем-шөп база­ла­рына, өткізу нарықтарына, логис­тика және экспорттық бағыт­тарға қол жеткізу тұрғысынан қарала­тын болады. Инвестор тартылған сәттен бастап жобалық қуатқа шыққанға дейін ілесіп жүреді.

– Жақында екінші деңгейлі банк­тер аграрлық секторды қар­жыландыру көлемін азай­та­тынын айттыңыз. Банк секторы үшін ауыл шаруашы­лығы­ның тиімділігін арттыру мүмкіндігі бар ма?

– АӨК-те фермерлерді қар­жы­ландыруда проблема бар екені жалпыға мәлім. Бұл ең ал­ды­мен банк саласындағы про­блемаларға байланысты. Соңғы бірнеше жылда банктердің АӨК-ті қаржыландыру көле­мі 6 есе төмендеді. Осы мәсе­лені шешу үшін Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі аграрлық қол­хат­тарды және аграрлық са­қтан­дыруды енгізу бойынша жұ­мыс жүргізуде. «Egemen Qazaqstan» тарапынан берілген мүм­кін­дікті пайдалана отырып, бұл баста­ма­ның мәнін егжей-тегжейлі айта кетейін. Аграрлық қолхат банк­тер дағдарысқа ұшыраған кезде Бра­зилияда банктердің несие­сі­не балама ретінде пайда бол­ған. Қазір аграрлық қолхат ар­қы­лы Бразилияның АӨК-ті қар­жы­­лан­­дыру үлесі жыл сайынғы сұра­ныстың 60 пайызын құрайды екен.

– Аграрлық қолхат қалай берілетіні туралы сәл нақтырақ айтып өтсеңіз?..

– Өндірістік маусымның алдында фермер ақшалай қарызды немесе өндіріс үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді тартады. Сөй­тіп оның орнына несие беруш­іге баға­лы қағаз болып табыла­тын аграр­лық қолхат береді. Фер­мер кейін ақшамен (қаржылық аг­рарлық қолхат) немесе ауыл­шаруа­шылық өнімімен (тауар аграр­лық қолхаты) төлем жасау­ға келісе алады. Кез келген тұлға кредитор бола алады, банк болуы міндетті емес.

Іс жүзінде бұл Қазақстанда қазір де бейресми түрде қолданы­ла­ды. Бүгінде көптеген тұқым, герби­цид және дизель отынын жет­кізушілер бұл тауарларды фер­­мерге бөліп-бөліп береді. Бірақ несие берушінің аграр­лық қолхатты басқа тұлғаға сатуға мүмкіндігі бар. Бұл процесс фермерді қиын жағдайда қал­дыруы мүмкін. Біз аграрлық қолхат жүйесіне барынша жетіл­дірілген тәсілдерді енгізгіміз келеді, оны жүзеге асыруға бізге цифр­ландыру көмектеседі. Бү­гін­де фермерлердің түгелге жуы­ғын­ың – шамамен 180 мың субъек­тінің электронды цифр­лы қолтаңбасы бар. Олар жеке ка­би­нет арқылы электронды түрде субсидия алады, дизель отынын немесе астық сатып алады. Жерді қашықтықтан зондтау деректеріне қол жеткізеді. Цифрландыру бізге қағаз емес, электронды аграрлық қол­хат­тарды арнайы цифрлы плат­форма арқылы енгізуге мүм­кін­дік береді. Бұл фермерлерге көп несие берушімен байла­ныс ор­натуға жол ашады. Ал несие беру­шілер фермердің алқа­бы, активтері, несие тарихы сияқ­­ты маңызды деректерді элек­­тронды түрде алады, скоринг жасайды. Электронды аг­рар­­лық қолхатқа ақпараттық техно­ло­гияны қолдануды ауыл ша­руа­шы­лығындағы қарым-қаты­нас­тардың тоғысуы деуге болады.

– Аграрлық қолхатты қол­да­нысқа енгізуге барлығы да­йын ба?

– Бізге тиісті заң қажет, өйт­кені елдің Азаматтық кодексі­нің нормаларына байланысты бағалы қағаздардың жаңа түрін енгізу заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл ретте мемле­кет­тік бюджеттен қандай да бір шығыс­тарды талап етпейді. Аграрлық қол­­хат­тар туралы заң жобасын Мә­жі­ліс депутаттары әзірледі, оған Үкі­меттің оң қорытындысы берілді.

– Қазақстан сияқты аграр­лық секторы, әсіресе өсімдік шаруа­шы­лығы ауа райына тәуел­ді елде сақтандыру шара­ларының маңызы зор екені белгілі. Әйтпесе фермерлердің тақырға отырып қалуы оп-оңай. Бұл бағытта қандай шаруалар жасалып жатыр?

– 2004 жылдан бастап өсім­дік шаруашылығында мін­детті сақтандыру болған еді. Өкі­ніш­ке қарай, бұл өзін ақтамады. Нәти­же­сінде, сақтандырудың осы түрі бойынша 10 сақтандыру ком­па­ниясының 8-і лицензия­ларын өз еркімен тапсырды. Сөй­тіп міндетті сақтандырумен қамту 30 пайыздық деңгейге дейін төмендеді. Әлемдік тәжі­ри­белер мен жаңа технология­ларды, сондай-ақ оны Қазақ­стан аумағында қолдану мүм­кін­діктерін зерделей келіп, министр­лік қазір бірқатар заңнамалық өзге­ріс­терге бастамашыл болып отыр. Атап айтқанда, мін­детті сақ­тан­дырудан ерікті сақт­ан­дыру­ға көшу, сақтандыру құнын (сақ­тандыру сыйлықақысы) суб­си­диялауға төлемдерді субси­дия­лаудан көшу, сандық техно­ло­гияларды баламасыз және кеңінен қолдану сынды шаралар қолға алынуға тиіс. Осы қазан айында тиісті заң жобасы Сенатта қабылданып, Мем­ле­кет басшысының қарауына жі­бе­рілді. Енді сақтандыру ком­пания­ларының сақтандыру өнім­дерін әзірлеуге және оны мем­лекеттік қолдау тізіміне енгізуді ұсынуға мүмкіндігі бар.

Жалпы, фермерлердің қаржы­ға қол жеткізуін жақсарту – бас­ты міндеттеріміздің бірі. Сол се­бепті мемлекеттік қолдауға не­сие берушілердің тәуекелін төмен­дететін сақтандыру өнімдері ғана ие болады. Яғни қаржы ұйымына немесе тауарларды, жұмыстарды, қыз­меттерді жеткізушіге барын­ша аз тәуекелмен фермерге қа­жет­ті айналым капиталын ұсы­ну­ға мүмкіндік береді. Сон­дықтан сақ­тан­дыру өнімдерін сақ­тан­дыру­шылар емес, банк өкіл­дерінен, ресурстарды жеткізу­ші­лерден және фермерлік қауым­дас­тықтар мен одақтардың өкіл­дерінен тұратын арнайы комиссия бекі­тетін болады. Бұл – өте маңызды.

Біздің бағалауымызша, сақ­тан­дыру жыл сайын 5 млрд теңге мөлшеріндегі сыйақыны субсидиялау кезінде фермерлерге жыл сайын қосымша 100-200 млрд тең­геге жуық қаржы тартуға көмек­теседі.

 

Әңгімелескен

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»