Инфляция • Бүгін, 08:10

Кіріс артып, инфляция төмендеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы бірінші тоқсанда бюджет кірісі артып, инфляция қарқыны біршама баяулағаны байқалды. Сарапшылар мұны ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруінен кейінгі қысқамерзімді баға өсімінің әсері біртіндеп басылғанымен байланыстырады. Былтырғы жылдың соңы мен биылғы қаңтар-ақпан айларында бұл фактор экономикаға сіңіп, қазір инфляцияға айтарлықтай ықпал ете қоймады.

Кіріс артып, инфляция төмендеді

Сурет: gov.kz

Жедел деректерге сәйкес биылғы 1 тоқсандағы мемлекет­тік бюджет кірісінің атқарылуы (трансферттерді есептемегенде) 104,4%-ды құрады. Жоспардағы      6 176,2 млрд теңгенің орнына бюджетке 6 444,9 млрд теңге түскен. Асыра орындау – 268,7 млрд теңге.

Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірісі 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9% ұлғайды. Кіріс жоспарының асыра орындалуы республикалықта, жергілікті бюджеттерде де тіркелді. Айта кету керек, биылға ар­нал­ған салық түсімдерінен респуб­ликалық бюджеттің кірісі 18,886 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр. Бұл былтырғы нақты түсімнен 4,4 трлн теңге жоғары.

Атап айтқанда, республика­лық бюджеттің кірісі 101,8% орындалды. Жоспардағы 4 085,6 млрд теңгенің орнына 4 159,4 млрд теңге түсті. Өткен жылғы өсім – 26,1%. Бұл көбіне әлемдік нарықтардағы еліміздің негізгі экспорттық тауарларына бағаның өсуіне, былтырғы 4 тоқсанда ЭШФ жүйесінде тіркелген тауарлар мен қыз­меттерді өткізу көлемінің артуы­на, сондай-ақ салықтық, кедендік әкімшілендіру нәтижесіне байланысты.

Республикалық бюджет кірісі­нің негізгі бөлігін құрайтын салық­тық түсімдер (98%) 101,6% орын­далды. Жоспардағы 4 012,8 млрд теңгенің орнына 4 077,6 млрд тең­ге түсті. Былтырғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда өсім 31,5%-ды құрады. Бұл ретте былтырғы IV тоқсанға (2026 жылғы 25 ақпанға дейін) ҚҚС төлеу мерзімі биылғы қаңтар-наурызға келгенін ескеру қажет. Тиісінше, ҚҚС-тың салық міндеттемелері 12% мөлшерлемеге сәйкес жүргізілді.

Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда өсім импортталатын тауарларға КТС (+16,9%), ҚҚС (16% мөлшерлемемен есептелген) (+24,2%), пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (+35,7%) сияқты ірі салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттердің кірісі 109,3% орындалды. Жоспардағы 2 090,6 млрд теңгенің орнына 2 285,5 млрд теңге түсті. Өткен жылғы өсім – 3,1% (+68,8 млрд теңге).

Жыл басынан бері өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандарға арналған ар­найы салық режімінде 392 мың жеке тұлға тіркелген. ҚҚС төлеу­шілер саны 10 мың субъектіге артты.

Бірінші тоқсанның қоры­тын­дысында инфляцияны төмен­детудің тұрақты үрдісі сақталып отыр. Наурызда инфляция қар­қыны қаңтар-ақпандағы 1,0-1,1%-бен салыстырғанда 0,6%-ға дейін баяулады. Ұлттық экономика министрлігінің болжауынша, 2027 жылдың басында инфляцияның бір мәнді деңгейіне шығу ықтималдығы жоғары.