Мәселе • Бүгін, 08:20

Ақылы жол: Тариф өсті, сапа қайда?

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодардан елордаға дейінгі төрт жолақты, 1А санатына жататын автобанның 191 шақырымы – Павлодар облысының, өзгесі Ақмола өңірінің аумағында орналасқан. Сағатына 140 шақырымға дейін жүйткітуге болатын жаңа стан­дарттағы жолдың арқасында бас қалаға дейінгі уақыт бұрын­ғыға қарағанда қысқарды, жеңіл көлікпен небәрі 3-3,5 сағат­та жетіп барасыз. Өкінішке қарай, осы екі аралықта жолау­шыларға қолайсыздық туғызатын кемшілік жетерлік.

Ақылы жол: Тариф өсті, сапа қайда?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жол қозғалысына қатысу­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын­да Ішкі істер министр­лігі халықаралық және республикалық маңызы бар барлық автокөлік жолында қысқы кезеңге ғана жылдамдық режімін төмен­дету туралы шешім қабылда­ғаны мәлім. Оның аясында Астана – Павлодар авто­жолын­да жылдамдық режімі сағатына 140 шақырымнан 110 шақырым­ға дейін төмендетіліп, 30 нау­рыз­ға дейін күшінде сақта­лып келді. Дей тұрғанмен өзгеріс күткендегідей нәтиже бермегені байқалды. Керісінше, аталған жол бойында жол-көлік апаттары жиілей түскен.

– Биылғы қыс айларында Астана – Павлодар автожолында 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Авто­бан ақылы. Оның ішінде 24 ша­қырымы (230–254 шақырым аралығы) бөлігі пайдалануға беріл­мегендіктен, ақы алынбайды. Тәулігіне шамамен 5 мың­дай авто­көлік жүріп өтеді, –  деп хабарлады Ішкі істер министрлігінен.

Өңірлік полиция департа­мен­тінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 188 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сал­дарынан 10 адам қаза та­уып, 283 адам жарақат алған. Ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде тәр­тіп сақшылары 234 апатты тіркепті (13 адам опат болып, 323 адам зардап шек­кен). Жол-көлік оқиғалары 20 па­йыз­ға азай­ғанымен, бұл санат­қа Астана бағытындағы үлкен жол­дың түк қатысы жоқ.

 Биыл қыста Астана – Пав­лодар автожолында жылдам­дық режімі сағатына 140 шақырым­нан 110 шақырымға дейін шектелген еді. Алайда ресми статис­тикадан бұл шектеудің жол-көлік апаттарын азайтуға ешбір әсер етпегенін аңғару қиын емес. Бүгінде жеңіл көліктер бұл жолда бір аралыққа – 879 теңге, жүк көліктері салмағына, ал авто­бустар орын санына байланысты 3 655 теңгеден 18 156 теңгеге дейін төлейді. Дегенмен ақылы жолдың жағдайы көңіл көншітпей тұр.

Ең әуелі бетон жолдың Пав­лодар облысы аумағындағы сапа­сы нашар. Былтыр жазда ыстық ауа райына шыдас бермей, цементбетонды жабын екі мәрте көтеріліп кетті. Оқиға салдарынан бірнеше көлік апатқа ұшырап, зақымданды. Бетонды жол қыста өте тайғақ. Қыстың жылымық күндері жалтыраған мұзға айналып шыға келеді. Екі ортада қыс бойы жол жиі жабылып, көлік қозғалысы шектеле беретіні жүргізуші қауымның наразылығын тудырып отыр. Оның үстіне кейінгі жылдары жолдың көп бөлігінде ойықтар пайда болған. Бетонды жолдағы шұң­­қырларды жамап-жасқау асфальт­ты жолдағыдай емес, күр­­делі әрі уақытты көп алады. Бұған қоса Шідерті кенті ма­ңын­дағы жол бөлігі Бозшакөл кені­шіне қатынайтын жүк көлік­те­­рі­нің салдарынан ту-тала­қайы шыққан. Бұл аумақтан жүріп өткеніңіз үшін ақы алынба­ға­ны­мен, жүргізушілерді бөгеп, кейде ой-шұңқыры көп жерлер­де апаттық жағдайлар жиі туын­дайды.

Жүргізушілер ақылы жол та­рифінің көтеріліп кеткеніне де на­разы. Кейінгі үш жылда та­риф шамамен екі есеге жуық артқан. Алайда жол ақысы өс­ке­німен, жолға қызмет көр­сету сапасы ақсап тұр. Қыста қар уақ­тылы тазаланбайды, жазда ой-шұңқырлар тегістелмейді.

Көпшілік ақылы жолмен жү­ру­дің тәртібіне жиі шұқшиып, кінәні жүргізушілерден іздеуге дайын тұратын Ішкі істер ми­нистр­­лігінің өткен қыстағы ше­шімі көңілге қонымды болма­ғанын айтады. Әр бағытта екі жо­лағы бар автобанда же­ңіл көлік­терді баяулатып қою ойға сыймайды. Оның үс­ті­не көлік құрал­дарының орташа жыл­дамдық режімін бақылайтын тұтас бейнекамералар жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан ең әуелі жолдағы қауіп­сіздік мәселесін шешу, яғни жол жабынының сапасын арттыру, жол бойындағы сер­вистік қызметтерді көбейту қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес», деген еді бір сөзінде. Президент тендерді жыл сайын бір-екі компания ғана ұтып алатыны, жолдарды жөндеу жұмыстарының өте баяу жүретіні, жол жөндеуге бөлінетін қаражаттың көп бөлі­гіне мемлекеттік сатып алу қо­ры­­тындысы жасалмағаны үл­кен проблема екенін атап көрсеткен.

Бұл мәселені тарқату үшін жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығы аса байыпты әрі шешімді істер атқарады деп сенеміз. Сапа жақсарса, ақылы жолдағы қауіп-қатер азайып, көлік ағыны молая түсетіні анық.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Атажұрттан Анадолыға дейін

Көрме • Бүгін, 08:43

Шағатай әдебиеті

Таным • Бүгін, 08:40

Маңызды мүдделестік

Пікір • Бүгін, 08:15

Кіріс артып, инфляция төмендеді

Инфляция • Бүгін, 08:10