Қ.Тоқаев қоғамды алаңдатып отырған бірқатар проблемаларға өз ұстанымын білдірді. Бұл орайда, Президент Елбасы ұстанған бағыттан таймайтынын айта отырып, осы бағытты жалғастыру үшін жүйелі түрде реформалар жасау ниетін көрсетті. Бұл орайда, ол Жолдауда «Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғады. Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз», деп атап көрсетеді. Президент Қ.Тоқаевтың бұл ниеті іс жүзіне асырыла бастады, мәселен, көп балалы аналарға жәрдем көрсету, шағын бизнеске жол ашу т.б. бойынша қабылданып жатқан шаралар осыны дәлелдеп отыр.
Оған қоса, ол мемлекеттік органдардың халықпен тығыз жұмыс істеуін тапсырып, «еститін үкімет» жасақтауға шақырды. Осының арқасында қатардағы азаматтар әкімнен бастап тікелей Президентке шағымдану мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда, Президент елде болып жатқан және алаңдаушылық туғызған оқиғаларға араласып, әділдік орнатуға әрекет жасай бастады. Бұл ретте, Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңес те елдегі демократия институттарын дамытуға үлес қосуда. Кеңестегі адамдар ротациялық негізде жұмыс істеуі оның құрамының үнемі жаңартылып отыратынын және азаматтық қоғамның осы маңызды органының жұмысына белсенді лидерлер көптеп қатысатынын білдіреді.
Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес толассыз жүргізілетіні және бюджет қаражатын дұрыс пайдаланбау фактілері одан әрі әшкерелене беретіні ашық айтылды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан жеңіл рельсті көлік төңірегіндегі даудың халық алдына шығарылуы осының айғағы деп айтуға болады.
Муса САПАЕВ,
Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері