Руханият • 01 Қараша, 2019

«Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» атты көрме ашылды

675 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Петропавлдағы «Абылай ханның резиденциясы» музей-кешенінде Ақмола облысындағы қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов туып өскен Сырымбет ауылының тарихи-этнографиялық музейі «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» атты көрме әкелді.

«Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» атты көрме ашылды

Бұл музейдің өзі Ш.Уәлихановтың атымен аталады. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Абылай ханның туған шөбересі екені белгілі. Шоқанның атасы Уәли Абылайдың бел баласы, хан өлгеннен кейін оның мұрагері болып, Орта жүздің ханы болды. Ал оның баласы Шыңғыс Уәлиханов қазақтың еуропаша алғашқы  оқығандарының бірі. Ол Омбыдағы Сібір казактарына арналған әскери училищені бітірген. 1847 жылы Шыңғыс баласы Шоқанды да Омбыдағы сол кезде озық оқу орыны саналатын Кадет корпусына түсірген. Болашақ ұлы ғалым оқу орнының табалдырығын аттағанда бір ауыз орысша білмесе, алты жыл оқып, оны бітіріп шыққанда барлық сыныптастарының алды болған. Осында оқып жүргенде Шоқан саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерге аса қызығушылықпен қарап, танысады. Солардың еңбектерінің ықпалымен ол саяхатшы болуды армандаған.

Патшалық әкімшілігі оқуды озық бітірген жас жеткіншекті әскери қызметке тартып, оны әскери әкімшілік сатыларында қызметтерге қояды. Осы қызметтерде жүріп бірнеше рет саяхатшы, зерттеуші ретінде Орта Азияға шығып, ғылыми еңбектер жазады.

Шоқан орыстың аса көрнекті прогресшіл қайраткерлерімен, ғалымдармен, жазушылармен дос болған. Соның ішінде орыстың аса көрнекті жазушысы Ф.Достоевскиймен туысқандардай қатынас жасап тұрған. Өмірінің соңына қарай Шоқан құпия тапсырмалармен еуропалықтарға бұрын-соңды белгісіз болып келген Қашқарияға сапарлап барып, өте құнды ғылыми еңбектер жазды. Оның ғылыми еңбектері жоғары бағаланып, ғалымдар оны шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, ағартушы екенін жаппай мойындаған.

Шоқан музейінен келген қызметкерлер жиналғандарға ұлы ғалымның осынау өмір жолымен таныстырып, өздері жинаған экспонаттарды көруге ұсынды. Соның ішінде Уәлихановтар отбасының фотокөшірмелері, Шоқанның жорықта ұстаған қобдиы, інісі Мақының сүйектен жасаған сандығы, Айғаным әжесінің қамзолы және т.б. жәдігерлер жиналғандар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Сөйтіп, шөбере музейі бабасының музейіне сәлем беруге келгендей болды.

 

ПЕТРОПАВЛ