Руханият • 04 Қараша, 2019

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Абай нұсқасы

12302 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – түркі халықтары арасында кең тараған және сюжеттік фабуласы ерте замандарда пайда болған көне эпостық мұралардың бірі. Жырдың бірнеше версиясы мен жиырмадан аса нұсқасы қазақ арасында көп ғасырдан бері айтылып келгені, оны қалың көпшіліктің ерекше сүйіп тыңдағаны да белгілі. Оғыз-қыпшақ кезеңінің кемел туындысын Жанақ, Шөже, Орынбай, Сыбанбай, Бекбау, Мәшһүр-Жүсіп, Бейсенбай, Уәйіс, т.б. дарынды қазақ ақындары мен жыршы-жыраулар дамыта орындап, кейінге жеткізген. Десе де зерттеушілер осылардың арасындағы елге кең танылған әрі ең көркем үлгілері Алаштың айтулы ақындары Шөже мен Жанақтан тараған деп санайды.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  жырының Абай нұсқасы

Эпостың көне нұсқаларын алғашқыда Г.Саблуков (1830), Ғ.Дербісәлин (1834), А.Фро­­лов (1841), Ш.Уәлиханов (1856), П.Пу­­­тинцев (1856), В.Радлов (1869) ха­лық арасынан жинап, хатқа түсір­гендігі мәлім.

Сонымен бірге Н.Костылецкий, Г.Тверитин, Н.Потанин, Н.Пан­тусов, Е.Баранов, Р.Әбдрахманов, т.б. оқы­ған азаматтар жыр мәтінін орыс тіліне аударып жариялаған. «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» жырының жекелеген нұсқалары Қазан төңкерісіне дейін сан мәрте жеке кітапша түрінде жарық көрді.

Атақты Жанақтың нұсқасының ізімен семейлік Бейсенбай ақын жырлаған делінетін тағы бір нұсқа 1936 жылы М.Әуе­зовтің құрастыруымен Алматыда жа­рыққа шығарылды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы 150 жыл уақыт бойы әртүрлі фольклорлық жинақтар мен оқу құралдарында үзілмей жарияланып келеді.

 Ғашықтық жырдың бірқатар көркем үлгісі мен эпос жайындағы зерттеулер топтамасы 2002 жылы Астана қаласында көлемді кітап түрінде басылып шықты. Ал 2003 жылы Мәскеуде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу. Қыз Жібек: Казахский романический эпос» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрсе, 2005 жылы Алматыда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының нұсқалары» атты бағалы басылым оқырман қолына тиді.

Кеңестік дәуірде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры жайында көпте­ген зерт­теу еңбегі жазылды. М.Әуе­зов, М.Ғаб­дуллин, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүй­сен­баев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, С.Қас­қабасов, Н.Смирнова сынды ғалым­дар жыр сюжетін әр қырынан қарастырып, түрліше ой-пікір білдірді. Дегенмен, біз сөз еткелі отырған «Қозы Көрпеш – Баян қыз» атты жыр нұсқасы әлі күнге жет­кілікті зерттеле қойған жоқ.

Қазақ фольклоры ғылымында «Пота­нин нұсқасы» немесе «Жанақ – Бейсенбай нұсқасы» деп аталып жүрген бұл екі жыр қолжазбасының мәтіндік жағынан елеулі айырмасы жоқ. Потанин нұсқасының қолжазбасы Ресей Федерациясына қарас­­ты Томск Мемлекеттік университеті ұлт­­тық кітапханасының қолжазбалар қо­рында сақталған (№151-іс, 7369-7388 б.б.). Қолжазбаны 1966 жылы ӘӨИ-дің аға ғы­лыми қызметкері Едіге Тұрсынов тап­қан. Академик Ә.Х.Марғұланның айтуына қарағанда, осы қолжазбаның дубликаты Омск қалалық мұрағатындағы Н.Я.Коншин материалының арасында сақталған көрінеді.

Бұл нұсқа жайында Ы. Дүй­сенбаевтың «Қазақтың лиро-эпосы» атты зерттеу еңбегінде, М. Әуезов атын­дағы ӘӨИ қызметкерлері шығарған Г.Н.По­танин жинағында жан-жақты сөз болған. 

Біздің қолымызда Ә.Марғұлан ес­керт­кен, кейін арнайы мақала жазған екінші қолжазбаның фотокөшірмесі де бар. Екі қолжазбаның бір адамның қо­­лынан шыққаны және бір мезгілде көшірме жасалғаны білініп тұр. Біздіңше, Омбыдағы қолжазба түпнұсқа болуы да мүмкін. Өйткені Г.Н.Потаниннің Томск университетінің кітапханасында сақталған №151 істің сыртына «Д» белгісі соғылған, яғни бұл оның дубликат екенін білдіреді. Сондай-ақ біздің қолымызға тиген Омбы қолжазбасының 1-бетінде «1884 года, марта 2-го дня» деген мерзім көрсетілсе, Томск көшірмесінде «21-III, 1884» деп көрсеткен. Осыған қарап, академик Ә.Марғұлан тапқан эпос қолжазбасын түпнұсқа ретін­де тануға негіз бар. Қол­жазбаның соңғы бетіндегі дөңгелек жү­зік мөр де осы сөзі­міз­ді қуаттай түседі. Өкі­ніштісі, фото­­көшірмеден мөрдегі жазуды оқу мүмкін бол­ма­ғандықтан жүзіктің иесін де анықтау қиын.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының бұл нұсқасы алғаш рет 1972 жылғы Пота­нин жинағында үзінді түрінде жарияланса, кейін толығырақ мәтіні 2002 жылы эпостың 1500 жылдық мерейтойына орай шығарылған ғылыми басылымға енгені мәлім.

Потанин нұсқасын 1936 жылы М.Әуе­зов жариялаған нұсқамен салыстыр­ғанда бұл екеуінің түпкі негізі – бір ақынның өңдеуінен, дәлірек айтқанда қаламынан қайта туған нәзиралық эпос екендігі айқын байқалады. Әйтсе де, классик-жазушының Г.Потанин архивінде, не болмаса, А.Коншин материалдарының арасында сақ­талған осы нұсқаның толық мә­тінімен таныс болмауы оның шынайы қорытындылар жасауына бөгесін болғандығын аңғару қиын емес. Расында, эпостың Потанин – Коншин көшірмелері (Абай нұсқасы) 1884 жылы қағазға түс­­кен болса, арада 40 жыл өткенде М.Әуе­­­зов өзі «Жанақ – Бейсенбай» ва­риан­­ты атаған дәл осы жыр нұсқасын 1924-1925 жылдары Семей облысының тұр­ғыны Уәйіс Шондыбайұлы деген әнші-ақынның орындауынан жазып алған. Бір айта кетерлігі, М.Әуе­зов жариялаған «Бей­сенбай нұс­қасының» көлемі мұра­ғаттан табылған «Абай нұсқасынан» едәуір аз. Атап айтқанда, Қарабай мен Сарыбайдың кездесуі, олардың өз жерінен кету себептері, Са­рыбайдың асы, оған күмбез қойылуы, ең ақырында Қозының Қарабай еліне басшылыққа сайлануы, халыққа деген қайырымдылығы, Қозының Қожан деген дана саудагермен кездесуі, баласы Күлепті сол арқылы Балталыдағы шешесіне жіберуі, Күлептің үйленуі, оның Балталы еліне хан сайлануы секілді оқиғалар Бейсенбай-Уәйіс нұсқасында жоқ. Сондай-ақ Қожан мен Айбастың Аягөзге келіп, Ай мен Таңсыққа үйленуі, сол елге Айбастың би, Қожанның молда болуы, Қозының 35 жасында өз ажалынан қайтуы, Қозы Көрпештің мазары салынуы, Баянның жоқтауы, сосын зиратқа кіріп, тас болып қалуы сияқты эпизодтар да Әуезов жариялаған нұсқада ұшыраспайды.

Жыр мәтіндерінде ақын Абайдың қолтаңбасы барынша айқын сезіледі. Бір ғажабы, Абайдың эпостағы ақындық іздерін зерттеушілердің өздері де бай­қаған, бірақ неге екені белгісіз, «Жанақ нұсқасын өңдеген Бекбау, Сыбанбай, Бейсенбайлар, кейінірек Абайдың балалары Ақылбай мен Мағауия» деген болжамға ден қояды. Профессор Ы.Дүйсенбаев жырдағы Баян­ның сұлу­лығын:

... Аппақ керік маңдайлы, қылығы наз,

Малың түгіл, басыңды берсең де аз.

Сыртынан күлімсіреп сөйлесе де,

Көңілі қош болмайды баймен араз,

– деп сипаттайтын бірнеше шумақты келтіре отырып, былайша түйіндейді: «Осы жолдардың өзінен-ақ жазба әде­биет үлгілеріне өте жақындығы бірден-ақ көзге түспей ме? Абайдың «Қақ­таған ақ күмістей кең маңдайлы», яки «Айт­тым сәлем, қаламқас» іспеттес бел­гілі лирикалық өлеңдерімен салыстырып байқасаң, көркемдік теңеулер мен тәсілдерінің төркіні бір екендігі де айқын сезілмей ме? Өлең құрылысындағы орындаушы ақынның асқан шеберлігімен қатар ол психологиялық тың бейнелер жасап, кейіпкерлердің ішкі дүниесін терең ашып отырған жоқ па? Қысқасы, бұл нұсқа көп жағдайда жазба әдебиет үлгісіне жақындап, үнемі дерлік онымен барабар түсіп отырады». Шынында да, жоғарыдағы шумақтың мазмұны мен стиліне қарап, оны сол тұста жиырмадан жаңа асқан Ақылбай, Бейсенбайлар емес, қырықтың қырқасына қадам басқан «Абай шығарған-ау» деген ойға еріксіз ден қояр едіңіз. Ал Мағауия ол кезде кәмелет жасына да жетпеген ойын баласы еді. Осы тектес сұлу жар образын Абайдың атақты «Көзімнің қарасы...» өлеңінен де жолықтырамыз:

Кісімсіп дүрдараз,

Бұраңдап қылма наз.

Мал түгіл, басымды

Жолыңа берсем де аз.

Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңі арада сегіз жыл уақыт өткенде – 1891 жылы жазылыпты. Егер Бейсенбай, Бекбау, Ақылбай, Мағауия, Уәйіс ақындар Абайдан бұрын, яғни 1884 жылдары осындай ғажап поэзия үлгілерін, осындай ірі эпикалық поэма, келісті кейіпкерлер әлемін туғызса, олар қалай ғана классик болып кетпеген?!

Төмендегі жыр тармақтарынан да Абай поэзиясына тән сөз қолданыстары, көр­кемдік стиль, ұлы ақын сомдаған кесек образ­дардың өзіне хас белгілері айрықша танылады.

Қас асыл бой жетіпті, алтын кірпік,

Шақырып Қодар келсе үйтіп-бүйтіп.

Қара көзін қан басып қарағанда,

Маңына жоламайды Қодар үркіп.

 

... Ақ күмістей жарқылдап

оның мойны,

Бұл дүниенің бейісі һәр ойыны.

Тал шыбықтай бұралған сұлу Баян,

Іздеусіз иен қайтіп жатар қойны.

«Потанин нұсқасы» туралы алғаш пікір айтушы – Ә.Марғұлан бұл қол­жазбаның Абайдікі екендігіне шүбә келтірмейді. Ғалымның деректі пікіріне сүйенсек, «Абай бұл жырды 1884 жылы жазып алып, оны өзінше «Қозы Көрпеш – Баян қыз» деп атап, қадірлі ғалым Г.Н. Потанинге тартуға жібереді. Онымен бірге ерте кезде жазған қысқа поэма «Жаңа закон» деген жырын қоса жібереді. Мекенжайын орысша жазып, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деген. Жырдың көлемі екі мың алты жүз жол, сөзі сондай ашық, көркем, халықтың жан күйін жүй­рік білген Абайдың жарқын, саңлақ ойы­нан шыққаны айқын көрініп тұр». Ә.Марғұлан Абайға тән ақындық, сурет­керлікті байқататын бірнеше мысал келтіреді. Мәселен, зерттеуші келтірген мына бір шумақ осының жарқын дәлелі:

Ойлашы, солар шыны дос емес пе?

Өзге доспын дегендер бос емес пе?

Бірі үшін жаратыпты бірін Құдай,

Ақ ашық, Алла қосқыр осы емес пе?

... Жарын көріп жан беріп

сап-сау Баян,

Үлгі болған кейінгі білгендерге.

Бұл шумақта Абайға тән лиризм, ақынға хас қайталау, оқырманмен етене, ашық сырласу мінезі көрініс тапқан. Махаббат лирикасына терең мән беру, дос­тық қасиеттерін талдай сипаттау, ой­лау­дың маңызына тоқталу сияқты стиль­дік ерекшеліктер Абайға дейінгі һәм оның заманындағы ақындарда болған емес.

Ы.Дүйсенбаев бұған қарсы уәж айтады: «Біздіңше бұлайша кесіп айтуға әзірге ертерек сияқты. Күні бүгінге дейін Абайдың өз қолымен жазылған бірде-бір қағазды (қолжазбаны) білмейміз. «Ана бір нұсқаны, не мына бір тексті Абай жазған» деп жорамалдап жүргеніміз, шынында дәл емес, тек көңілмен жору, оймен долбарлау. Ал мұндай жағдайда Абайдың өз қолымен жазылған тексті сөз ету мүмкін емес, бос әурешілік. Алайда, бұл туралы ақырғы тұжырымды шығарманың өзімен тікелей танысқаннан кейін ұсынармыз». Зерттеуші эпостың бұл қолжазба нұсқасын «Н.Я.Коншин варианты» деп атауды ұсынады.

«Қозы Көрпештің...» жаңаша жаңғы­руына Абайдың қатысы барлығын сол тұс­тағы беделді фольклортанушы Н.С.Смир­нова да мойындайды. Оның «Бейсембай и Уаис – семипалатинские акыны из окружения Абая, от которых Г.Н. Потанин и М.О. Ауэзов получили не совпадающие по составу записи текста, – причастны к формированию этого признака романического эпоса. Найти его им помогли Абай (а через Абая Пушкин), казахская устная песенная лирика и дастаны» деген пікірлері назар аударарлық.

Омбы мұрағатынан табылған эпос қолжазбасының мазмұнымен түгел танысып, оны Абай өлеңдерімен салыс­тыра оқыған адам біздің пікірімізбен де санасуы бек мүмкін. Әлбетте, XIX ғасыр­дың екінші жартысында атақты Жанақ­тан кейін «Қозы Көрпешті...» Шө­же, Сыбанбай, Бейсенбай, Түбек яки Майлы­қожаның жырлағанын ешкім жоққа шы­ғармайды. Болжауымызша, аталған эпосты Абайдың орыс миссионерлерінің сұрауы бойынша нақ өзі өңдеп, сұлулап әрі өз қолымен қағазға түсіруі мүмкін. Бұған бірнеше дәлеліміз бар. Ең алдымен, қолжазбаның бірінші бетіндегі «Джанга закон» өлеңінің тақырыбы мен «1884 года, марта 2-го дня» деген уақыт мерзімі ерекше назар аударады. Өйткені өлеңнің тақырыбы, мерзімі және шығарманың мәтіні бір адамның қолымен көшірілгені анық. Ал өлең мәтіні араб әрпімен (қадім) жазылғанын ескерсек, қолжазбаны қағазға түсірген орыс және қазақ тілдерін еркін меңгерген қазақ азаматы болғандығын көреміз. Ендеше, XIX ғасырдың 80-жылдары осы өңірде орыс, қазақ тілдерінде сауатты әрі халық ауыз әдебиетін терең білетін, сондай-ақ қазақ қоғамына зор нәубет әкелген «Жаңа низам» заңы туралы өте ойлы өлең жазатындай Абайдан басқа ақын болды ма екен?

Екінші бір дәлелімізді Омбыдан табылған «Қозы Көрпеш – Баян қыз» жы­рының мазмұнымен танысқанда табамыз. Әсіресе Сарыбай өлгенде таз­шаның ханымға айтқан жұбатуы мен Баянның Қозыны жоқтаған өлеңі Абай­дың Әбдірахман өлгенде жазылған белгілі жоқтау жырларымен стильдік жағынан мейлінше үндесіп, көп жерде сөзбе-сөз қайталанып келуі, ақынға хас теңеу, метафоралардың жиі ұшырасуы – зерттеушілерге ой саларға керек.

Мысалы, Омбы нұсқасындағы:

Жер жүзіне жеткізген

Мырзалық, ерлік, даңқын да.

Білуші еді өзгеше

Әр ақылдың шарқын да ...

Немесе:

Бассыз қалған байғұс ел

Кір жұқты көңіл-көркіңе.

Көргеннен соң босарсың,

Намысың қоймас еркіңе.

Қайраттанып осы жерден

Ақыл тоқтап беркіне.

Сүйегіңе мін болар,

Жетпей кетсең сертіңе,

– дейтін жолдарды Абайдың Әбдірахманға арналған:

Әділ, мырза, ер болып,

Әлемге жайған өрнекті.

Тәубесін еске түсіріп,

Тентекті тиып, жерлепті ...

Немесе:

Өшірмек Алла болған соң,

Бенденің қоймас еркіне.

Өлмектен басқа дауа жоқ,

Алланың салған дертіне.

Құтылмас құл жол таппас

Иенің салған өртіне..,

– тәрізді жыр жол­дарымен салыстырғанда ішкі мағы­налық және сыртқы сипаты жағынан да өте үндес, сарындастығы анығырақ білінеді. Тек бұл ғана емес, Абайдың «Әбдірахман өлгенде өзіне айт­қан жұбатуы» атты өле­ңінде Әбішті, Оспанды, Құнанбайды сипаттайтын сөздері мен Қозы Көрпешті ұлықтайтын Баян­ның монологында күшті жақындық бар.

Абайдағы:

Кәркиден, пілдей қуатты,

Тағы арыстан жүректі,

Аплатон, Сократ ақылды,

Қаһарман Ғали білекті,

– деп келетін бейнелеулер Баян сұлудың аузымен:

«Арыстан жүрек, піл қуат,

Әр дұшпаннан кек алған.

Денесі – болат, миы алтын,

Талаппенен ел алған.

Көңілі – сарай, көркі артық

Нәсілі нұрдан жаралған.

Жүрекке – сүйеу, көзге – нұр,

Жұрт саяңда дем алған», –

түрінде әсерлі айтылған. Соңғы сипат­тар Абай өлеңінде Әбішке ғана емес, Ескендір, Темір, Шыңғыс хандай қа­сиетке ие Құнанбай қажыға қаратылып жазылатыны мәлім. Ал Қозының «нәсілі нұрдан жаралған» деп сомдалуы мен Абайдың «Шыңғыстай» деген теңеуі арасында ортақ емеурін барын ескерсек, эпосты дамытушы, жаңғыртушы ақынның көне тарихтан, түркі-моңғол халықтарының мифологиясынан хабардар, көп білетін жан екендігіне көзіміз жете түседі.

Қасиетті хан – анау, ханым – анау,

Айбас, Қожа бір түрлі біткен

жан-ау!

Ақ көңіл, ер жүректі өңкей асыл,

Соларды біріктірген Алла тағала-ау!

 

Асса да бірі алпыстан, бірі елуден,

Кешікпей екі ұл туды екеуінен.

Қайраты да, нұры да қайтпаған жан,

Көрмейсің бе құрметтеп

қыз беруден?

Бұл сияқты жыр жолдарынан да Абайдың талғамшыл, ойлы, қайратты, нұрлы поэзиясының биік деңгейі ерекше көз тартатындай.

Абайдың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қолжазбасын Семей, Омбы қала­ла­рына өз қолымен жі­беруіне айғақ бо­ларлықтай деректі құжаттар да кездеседі. Мәселен, Семей статистикалық комитеті хатшысының 1882 жылы жазылған мына бір дерегі осының айқын дәлелі. Онда қазақтың аңыз, ертегілерін жинастыру үшін орысша, мұсылманша сауатты, аймақтың өткен тарихы мен халық әдебиетін тәуір білетін бірден-бір кісі ретінде Абайдың есімін атай келе былай дейді: «К крайнему моему сожалению, я не могу оказать содействие отделу в сборе местных киргизских сказок по незнанию киргизского языка, так и по недостатку времени. Полагаю, что в этом отношении для отдела мог бы полезен Ибрагим Кунанбаевич Ускенбаев (управитель Мукурской волости Семипалатинского уезда), весьма развитый киргиз, умеющий притом писать по русски достаточно связоно». Бұдан шығатын қорытынды – 1882 жылдың бедерінде аталған қоғам Абайға ауыз әдебиетін жинастыру жөнінде ұсыныс жасаған болса, онда ақынның сол бірер жыл көлемінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының тәуір нұсқасын тауып, мәтінді жаңғыртып, эпос сюжетін өзге ұлтқа көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде таныстыру мақсатына бар ынтасын салып кіріскені күмәнсіз. Яғни, 1884 жылы Семей арқылы Омбы қаласына жеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының нұсқасын тың теңеулермен, тосын көріністермен толықтыра түрлендіріп, эпостың стилін жазба әдебиет үлгілеріне бір табан жақындатқан Абай Құнанбайұлы десек, еш қателеспейміз.

Тағы бір орнықты дәлел, Томскіден табылған «Қозы Көр­пеш – Баян қыз» нұсқасының қол­жаз­басы мен Абайдың өз қолы­мен жазылған «Қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы біраз сөз» атты жалғыз зерттеу мақаласының жазу өрнегі, каллиграфиялық сын-сипат­тары, қолтаңбалардың біртек­тілігі жағынан толықтай сәйкес келуі.

 

Серікбай ҚОСАН,

филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы