Руханият • 04 Қараша, 2019

Ерік Құрманғалиев феномені

922 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ топырағы талантқа кенде емес. Ал есімі елден асып, шартарапты шарлап кеткен шын мәніндегі құбылыс, біртуарлар сирек. Дара даусымен жер-дүниені дүр сілкінткен сондай санаулы таланттың бірі Ерік Құрманғалиев еді.

Ерік Құрманғалиев феномені

 Өткен жұмада елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада әйгілі опера әншісі, Кеңес Одағының тұңыш контртеноры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Құрманғалиевтің 60 жылдығына орай шығарылған ақын, аудар­машы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің «Феномен Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбом дискісінің тұсаукесері өтті.

– Халқымыздан шыққан өнерпаз­дардың мықтылығы соншалық, скрип­каны да, фортепианоны да еуро­па­лықтардан кем орындамайды. Қазақ тіпті вокалдық жағынан әнші халық саналатын италиялықтардың өзінен асып түсті. Оған айқын дәлел – ерек үнді Ерік Құрманғалиев өнері. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде озып шығып, феномен атанған, Гиннестің рекордтар кітабына енген даңқты жерлесіміздің өнері бүгінде аңыз етіп айтылады. Әрине, Кеңес одағында ол «орыс әншісі» боп саналды және Мәскеу үшін үлкен мәртебе болды. Себебі Ерік Құрманғалиевтің дауысындай дауыс әлемде жоқ болған. Сондықтан да ол бағалы. Өнері озық, мәдениеті жоғары дамыған елдер Ерік Құрманғалиевті көкке көтерді. Даңқын аспандатты. Менің бүгінгі тұсауы кесіліп отырған «Феномен Ерік Құрманғалиев» атты кітабымның да негізгі мақсаты осы –   талант табиғаты, талант тағдыры, талант трагедиясы, талант және қоғам деген ұғымдарға жауап беру, – деді кітап авторы.

Кітапта әлемдік музыка тарихында есімі алтын әріппен қашалған сирек дауысқа ие қазақ әншісінің өмірі мен шығармашылығынан жан-жақты сыр шертіледі.

Ерік Құрманғалиев – неміс композиторы Альфред Шниттің шығар­маларын тұңғыш орындаушылардың бірі. Ресей, Украина, Латвия, Эсто­ния, Литва, Франция, Татарстан, Ни­дер­ланды, Бельгия, Мажарстан, Юго­славия, Грекия сахналарында өнер көрсеткен. Әлемнің көптеген еліндегі ең таңдаулы оркестрлердің сүйемелдеуімен, жоғары дәрежелі дирижерлердің жетекшілігімен Ген­дель, Бах, Глинка, Вивальди, Пуччини, Франка, Керубини, Мейер­бер, Дж.Рос­сини, Люцци, Бизе, Вер­ди, Штраус, Шнитке, Шу­берт, Чай­ковский, Рах­манинов, Рим­ский-Корсаков және тағы да басқа композиторлардың опе­раларындағы арияларды кемеліне келтіре орындады. Соның ішінде, әсіресе, 1992 жылы америкалық дра­матург Дэвид Хуангтың «Бат­терфляй» операсындағы Сонг Ли­линг рөлі өнер әлемінде үлкен сілкініс тудырды. Аталған бей­нені шеберлік шыңына шы­ғарған талант әлем­­­нің үздік орын­да­у­­шыларының қа­тарына енді.

Әйтсе де, шы­ңы мен шыңы­ра­уының шекарасы бі­рігіп кеткен өнердің жолы тақтайдай тегіс емес. Тең­дессіз даңқпен бір­­ге әнші жолын­да кезік­кен түрлі қиын­дықтар, то­­ры­ғуға ұлас­қан шар­асыз­дықтар талант­тың нәзік те сезім­тал жүрегін аяздай қа­риды. Салдарынан 2007 жылдың қарашасында ерек үні әлемді елең еткізген ән-ғұмыр небәрі 47 жасында мәңгілік дамыл табады. Ендігі сәтте әншінің екінші өмі­ріне ұласқан өлмейтін өнері даңқ шыңына көтерілді. Оған дәлел – талант та­биғатын тануға бағытталып жасалып жат­қан іргелі зерттеулер мен әнші әлеміне тағзым етуге жиналған қалың қауымның шексіз сағынышы  мен ыстық ықыласы.

Ән-ғұмыр мәң­гілік жасайды!