Іс-шараға облыстық соттың алқа төрағалары, судьялар, Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы Рашид Сәулебаев және адвокаттар, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев ашып, елімізде азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясы және заңдарына сәйкес белгіленген ережелерге сай азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процесс барысында заңды көмек алуға құқылы екендігіне тоқталды. Сондай-ақ ол өңір соттарында арнайы адвокаттар кабинетінің ашылғанын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында адвокаттың қылмыстық істер мен материалдарға қатысуы, қылмыстық процессте тараптардың қарама-қайшылықты және тең құқықтарын қамтамасыз етуі, азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету үшін адвокат тағайындаумен байланысты проблемалық мәселелер, басты сот талқылауындағы прокурордың іс жүргізу мәртебесі мен аспектілері талқыға салынды.
Ақтау қалалық сотының судьясы Марет Ковраева сотқа қылмыстық іс түскен бойда қорғаушы тағайындау туралы қаулы шығарылып, адвокаттарға алдын ала жолданатынын тілге тиек етті.
- Сот қарастырған қылмыстық іс бойынша қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу және сотталушыға, сотталғанға, ақталушыға немесе жәбірленушіге заң көмегін көрсету бойынша ақы төлеу туралы қаулы адвокаттың өтініші негізінде шығарылады, деді Марет Ковраева.
Іс-шара соңында қорғаушылар әр істі сапалы қарауға бір ауыздан атсалысатындықтарын жеткізді.