Қоғам • 05 Қараша, 2019

Сержанттардың бірегей мектебі

575 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Қорғаныс министрлігі БАҚ өкілдеріне Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусына баспасөз турын ұйымдастырған болатын. ТМД елдеріндегі сержанттар дайындайтын жалғыз оқу орны саналатын корпус жұмысымен таныстыру мақсатындағы сапар аясында сержанттардың тұрмысын көріп қайттық.

Сержанттардың бірегей мектебі

Суретті түсірген Думан Құрманғалиев

 

Күн шықпастан ерте қамданып, Нұр-Сұлтаннан Щучинскіге бағыт алған біз – журналистер Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының базасына табан тіредік. Бұл бөлімнің миссиясы – еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына маман даярлау.

Мақсаты айқын оқу базасы Щучинск қаласының шетінде орналасқан. Оқу орны бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы, полковник Қайрат Асановтың айтуынша, Кадет корпусы – ТМД елдерінде де үлгісі жоқ бірегей мектеп. Қарулы Күштер қатарына сержант даярлайтын корпус 1996 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен негізін қалаған. 20 жылдан астам уақытта Қарулы Күштер қатарына 3 мыңнан астам өренін қосқан. Бүгінде Кадет корпусында тәрбиеленіп жатқан 500-ге жуық болашақ сержантты мемлекет толықтай қаржыландырып отыр.

Кадет корпусы тәрбиеленушілерінің қатарынан табыламын дегендерге қойы­ла­тын талаптар қиын емес. Талапкердің арна­йы психологиялық, медициналық тек­се­­рістен өтуі шарт. Одан кейін оқуға тап­сырушының физикалық да­йын­­­дығы тек­серіледі. Кадет корпусында оқу бағ­дар­ламасы 1 жыл 10 айға жоспар­лан­ған. Жаз және қыс мезгіл­де­рінде демалысқа шығады. Бұл сынақ­тар­дан сәтті өткендер, әскери ант қабылдап, Кадет корпусының студенті атанады. Екі жылға жуық уақыт ішінде олар теориялық, практикалық білім алады. Әр студентке 3600 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалған. Тамағы, жатын орны да мемлекет тарапынан өтеледі.

«Оқуға 17-21 жас аралығындағы орта мектепті аяқтаған азаматтарды қабыл­дай­мыз. Ал әскери борышын өтеген азаматтар 24 жасқа дейін оқуға түсе алады. Кадет корпусын аяқтағаннан кейін оларды рес­пуб­ликамыздағы әскери бөлімдерге жұ­мысқа орналастырамыз. Еліміздің қай ай­мағына барса да әскерилердің үймен қамтамасыз етілетіні барлығына белгілі ғой. Бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймын», деді Кадет корпусы бастығының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы, подполковник Роман Холод. Сонымен қатар оқу орнын тәмам­да­ған сержанттарға дипломдарымен қоса, жүргізуші куәлігі беріледі.

Кадет корпусының ғимаратын арала­ғанымызда оқу-жаттығу үшін қажет­тінің барлығы барына көзіміз жетті. Калашников автоматынан бастап жаяу әскердің ұрыс машинасы сынды жауын­гер­лік арсеналдың түр-түрі табылады. Сонымен бірге қарудан ату үшін арнайы жасақталған кабинеттер, екі жаттығу залы бар. Корпус асханасының мәзірі де әр алуан. Подполковник Роман Холодтың айтуынша, жауынгерлердің оқуы мен жаттығуынан бөлек, денсаулығы мықты  болуы керек.

«Жақсы маман теориялық және прак­ти­­калық білімінен бөлек, дені сау болуы керек. Корпусымызға 17 жастағы бала­лар қабылданады. Сондықтан жас ағзаға сай ас мәзірі болғанын қадағалап отыра­мыз», дейді Р.Холод. Мәзірден негізгі тамақ­тардан бөлек жеміс-жидектер, тіпті тәттілерді де көре алдық. Болашақ сержант­тар үш мезгіл тамақтанады. Ал жатақ­ханадағы әр бөлме 3-4 адамға арналған. Корпус жатақханасы әскери казар­мадан өзгеше. Әр студентке жеке кереует, гардероб қарастырылған. Бос уақыттарында спорт залдарында жаттығуға, кітапханада кітап оқуға мүмкіндік бар. Кітап сөрелерінде әлем әдебиетінен бастап қазақ әдебиетінің жауһарлары тұр.

Кадет корпусының 2-курс студенті Бауыржан Асаубаев бұл оқу орнын өзі таңдағанын айтады.

«Мектепте оқып жүріп осында оқуға түсуді қала­дым. Семей қаласынан осында келіп, сынақтардан сәтті өтіп, кадеттер қата­ры­на қабылдандым. Бұл – соңғы оқу жылы. Ке­лесі жылы Қарулы Күштер қатарын то­лықтырамын деген жоспарым бар. Бұл оқу орнында ең бастысы – тәртіп пен зейін. Тек жаттығу емес, теориялық та бі­лім алған соң мұқият, зейінмен оқыған абзал», дейді болашақ сержант. Оқу орнын­да бағалау жүйесі де ЖОО-ларға сай, яғни балл жүйесінде.

Кадеттер қатарында спорт шеберлері, түрлі спорттық жарыстың жеңімпаздары бар. Әскери білім ордасының тағы бір мақта­нышы – шебер-сержант Темірбек Халықов. Қарулы Күштердің Бас сержанты – Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының түлегі. Аталған оқу орнын аяқтаған соң Америка Құрама Штаттарында білімін жетілдірген. 2008 жылдан бері Қарулы Күштер Бас штабы сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы қызметінде. Еліміздің Бас сержантымен бірге басқа да сержанттар келер ұрпаққа хат жазып, оны корпус қабырғасында қалаған. «Тек 2036 жылы ашылатын хатта бұл мектептің үздік түлектерінің келер ұр­пақ­қа жолдауы бар», дейді Кадет корпусы кітап­ханасының меңгерушісі.

Кадет корпусы бастығының оқу жұ­­мыс­­тары жөніндегі орынбасары-бө­лім бас­тығы, подполковник Роман Хо­лод оқу орнында бүгінде 40-қа жуық оқы­ту­шының жұмыс істейтінін жеткізді. «Бұл жерге орта мектеп түлектері келеді, сон­дық­тан жалпы пәндер оқытылмайды. Алайда қазақ тілі, ағылшын тілі, тарих сынды қажетті пәндер бағдарламаға енген. Ал қалған оқытушыларымыз осы салада көп жыл қызмет еткен әскерилер. Бүгінде 9 жалпы пәндерден сабақ беретін, 31 арнайы пәндерді оқытатын мұ­ға­лім­де­рі­міз бар», деді подполковник.

Кадет корпусы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөнін­де­гі орынбасары – бөлім бастығы, полковник Қайрат Асанов бұл оқу орны туралы шалғайдағы халықтың біле бермейтінін айтады.

«Біз оқу орнымызбен мақтанамыз. Өйткені бұл тек елімізде емес, ТМД елдерінде де сержанттарды дайындайтын жалғыз мектеп. Алыс-жақын шетелдерден бізден үйренуге келіп жатады. Дегенмен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақтардағы халықтың хабары жоқ. Меніңше, бұл – жастарға жақсы мүмкіндік. Біздің корпустың түлектері бүгінде жақсы қызметтерде», дейді Қайрат Асанов.

Тұңғыш Президенттің идеясымен негізін қалаған мектептің тек оқу бағ­дар­ламасы емес, оқыту жүйесі де ерекше. Солтүстік аймақта қоныс тепкен оқу орнының ғимараты аймақтың климатына сай салынған. Соңғы үлгідегі әскери техника, спорт құралдары, жаттығу залдары болашақ сержанттарды әскери өмірге сақа­дай-сай даярлауға мүмкіндік береді. Қарулы Күштер қатарына жыл сайын 200-ден астам сержант қосатын оқу ордасы рес­публикамыздың түкпір-түкпірінен келе­тін талапкерлерді асыға күтеді.

 

Ақмола облысы