Ыстық балауызбен сурет салу өнері көнеден келе жатқан көрінеді, бізге белгісіз болғанымен, өзінің ғылым белгілеп берген арнаулы аты да бар: Батыста бұл өнер «энкаустика» деген атауға ие. Ал алып Алматы шаһарында Гүлнәр Бейсенқызынан өзге энкаустикамен айналысып, үтікпен салынған тұтас сурет көрмесін жасаған суретші әл-әзірге жоқ деп сеніммен айта аламыз. Гүлнәрдің мамандығы суретші емес, энкаустиканы интернеттен көріп, өздігінен үйреніп алғаны болмаса, бірнеше буындағы теміржолшылар әулетінің ізін жалғаған өнерден жырақ саланың маманы. Әкесі Бейсен Шормақов – ұлттық темір жол тарихына байланысты бүкіл мәліметтер мен шойынжолдың қолданыстан қалып бара жатқан әрбір жәдігерін жаяу жүріп жинап, Алматы Темір жол басқармасының ғана емес, еліміздегі темір жол саласының тұңғыш және жалғыз музейін ұйымдастырған адам. Құрылғанына 20 жыл болған сол музейдің бүгінгі директоры, қызы Гүлнәр Бейсенқызы Шормақова.
Н.Назарбаев көшесіндегі Темір жол музейінде Гүлнәрдің 100-ден астам суреті тұр. Кілең темір жол жұмысына байланысты шығарылған шым-шытырық техника мен темір-терсектің арасында Гүлнәрдің түрлі тақырыптағы суреттері ерекше менмұндалап, көз тартады. Сурет салуды бала күнінен армандағанымен, қолына қылқалам ұстай алмаған күйі кеткен Гүлнәр үтікпен сурет салуды интернеттен кездейсоқ кездестіріп қалғанда, үйретушінің неміс тілді екеніне қарамастан, қыр-сырына ерінбей үңіледі. Германияда тұратын неміс суретшісінің қолындағыдай арнайы үтігі, дәл сондай жылтыр қағазы болмаса да қолда бар кәдуілгі плакаттардың сырт жағын айналдырып алып, қарапайым бояумен-ақ қазаққа таңсық өнерді толықтай меңгеріп алды. Үйренген екі жылдың ішінде екі жүзден астам сурет салып, жеке шығармашылық көрмесін де өткізіп үлгерді.
Гүлнәрдің суреттерін қызықтап қараған адам оларды үтікпен салды дегенге ешқашан сенбес еді. Қылқаламды серік еткен кәсіби суретшінің жұмысынан еш айырмашылығы жоқ суреттерде өмір бар, жан бар, сезім бар. Тіпті қаламмен салынған суретке қарағанда мазмұны түсінікті, қабылдауға жеңіл, айтар ойы сезімді қозғап кетеді. Жұртқа жүзі таныс атақты адамдардың автопортреттері, ертегі желілері, натюрморттар, жануарлар мен жәндіктер, романтикалық күзгі рандеву – кәсіпқой суретшілердің күрделі қолтаңбасын Гүлнәр үтікпен-ақ игеріп алған. Гүлнәр көз алдымызда бояуды қағазға құйып жіберіп, үстінен үтікпен жүргізе бастағанда, алуан түрлі гүлге тұнған жазғы жазира даланың төсінде айнадай жарқырған көгілдір көл, жағасында жайқалған ну тоғай, төбеде қалықтаған ақ шарбы бұлттар біртіндеп пайда болып, бес минуттың ішінде өзара үйлесім құрған тұтас табиғаттың бір үзік пейзажы шыға келді. Өз көзімізге өзіміз сенбедік. Көзбен көріп тұрсақ та, осыншама сыр тұнған сұлулықты ыстық үтіктің салып шығуы мүмкін еместей, саусақпен сипап та көріп жатырмыз. Жалын атып тұрған жоғары температура кептіріп үлгеріпті, құрғақ қағаздағы шебер қолдан шыққан шедевр бас шайқатып тамсантқаны болмаса, ауызға бөтен сөз түсірмейді. Бірақ Гүлнәр мұнымен де шектелмей, адам қиялының шексіз екенін дәлелдегендей, ой кернеп тұратын кәсіби суретшілер сияқты түрлі тақырыптағы қызықты идеясын жылтыр қағаз бетінде үсті-үстіне жарқыратып сала берді. Сырт қарағанға Гүлнәр үй жағдайында киім үтіктеп жатқан адамға ұқсайды, анығында, бүгінде шығармашылық ізденістен шаршамай, таңсық өнерді кәсіп көзіне айналдырған ол кезекті тапсырысын орындап, қызықты тақырыптағы картинасын салуға кіріскен.
АЛМАТЫ