Әдебиет • 06 Қараша, 2019

Жүйкелететін жүйесіздік

365 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елдің де, жеке адамның да алға қарағаны, келешекке ұм­тыл­ғаны жақсы. Баянды мақ­сатына түзу жолмен, таза дін­мен ұмтылған ұтады, зерделі ұр­пағы талпынса жетеді. Бұл – әлім­сақтан қалыптасқан қағи­да. Осы жолда «Барыңды күзет, арыңды күзет, өзіңді күзет», деп жыр жампозы Қадыр Мы­р­за Әлі айтқандай, үшеуін күзет­кен адам мұратына жетпей қоймайды.

Жүйкелететін жүйесіздік

Ел болғалы бері отыз жылға таяу уақытта тапқанымыз аз емес. Жоғалтқанымыз да бар болуы керек. Бұл екеуі де әсіресе білім саласында тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Әлемдік білім кеңістігіне кіреміз деп кейде оның озығы мен тозығын дер кезінде сарапқа салмай, төте тартқанда жеткенімізбен қатар, барымыздан айырылып қалып жаттық. «Әр сыпырғы әрқалай сыпырады», деп орыс мәтелінде меңзегендей, іс басына келген министрдің біразы өз бағдарламасымен көзге түсуге тырысты. Көп жағдайда оның нәтижесі қалай болады дегенге мән бере қой­мады. Мақсаты жұмыс істемепті деген­нен құтылуға сайды. Оның үс­ті­не басшылардың ауысуы да көп жұ­мыс­тың аяқсыз қалуына, жүйесіз болуы­на әсер етті. Сөзіміз жалаң бол­м­асын, білім саласында жиырма сегіз жылда он бес министр келіп, он алтыншы министр тізгінді қолға алды.

Ал оның алдында қаншама реформалар жүргізілді десеңізші. Он-он бес жылға, бес-он жылға арналған бағдарламалар мен тұжырымдамалар жетіп артылады. Базалық оқулық пен балама оқулықты жарыстырып оқуға болады деп еді, әркім әртүр­лі оқу­лықпен оқытып, екі ортада оқу­шының обалына қалдық. Бол­сын, болмасын, оқулық жазуға ұмтыл­ғандар көбейді. Тіпті оны бизнеске айналдырғандар да төбе көрсетті. «Бұл болмайды екен» деп балама оқулықты жиып қойдық та базалық оқулықты қалдырдық.

Одан кейін бір ғасырдан аса ұлт ұрпағының сауатын ашып, сап­қа қосқан, жүздеген алыптарды қа­нат­тандырған А.Байтұрсынұлы «Әліп­песін» құртып, сауатсыз елде өмір сүріп жатқандай күректей «Сауат ашу» кітабын шығарып, ұл мен қыздың қолына ұстаттық. «Бұл қалай? Ілгері басу ма, кейін кету ме?» деп халық қалаулысы Бекболат Тілеуханнан бастап, жұрт шу көтергенде, реформа жасаушылардың айтқан уәжі, өркениетті елде бала-бақшада әріп танып, есеп шығарып мектепке аттай шауып келедіге сайды. Біз де соған жеттік дегендер, балабақшадағы бес-алты жастағы бүлдіршіндерге бір­неше оқулық шығарғандарын алға тартып, сауат ашылғандар «Сауат ашу» кітабын оқитынын дәйектеп бақ­ты. Бірақ олар балабақшасы жоқ ауыл­дардағы ұл мен қыздың қала баласындай «сайрап» тұр­мағанын естен шығарғанын іштей мойындағанымен, сырттай өз дәлелдерін келтіруден тана қоймады.

Ендігі жерде «Әліппенің» де, алты жастан оқытудың да «жолы» бол­­мағанын уақыт көр­се­тіп, ха­лық­тың қалауы алға озды.

Тағы бір жағдай, информатика, физика, химия, биология пәндерін жоғары сыныптарда оқытуды 2019 жылы жүзеге асыру идеясы еді. Оған қоса, Дүниежүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқытуды қолға алу көтерілді. Тез арада, үш айда ағылшын тілі мұ­ғалімін даярлап шығамыз деп оған қыруар қаржы бөлінді. Сөйтіп, Отанымыздың ұл-қызы өзге тілде оқуға бет бұрып жатты. Осы жерде «Ешкім де екі қожайынға қызмет ете алмайды» деген жапон жұртының тәмсіліне бағып, әлі де болса іргемізді бекемдей түсейік, өзгеге сіңбейтін ұлт­тық болмысымызды, тілімізді бас­қа тілдің қожалығына бермейік, ұрпақ қажетіне қарай танып білсін деген құмыққан үнін ешкім ести қой­мады. Қанымызда бар іліп әкету үр­дісі­мен мектепті қойып, бала­бақ­ша­дағы балдырғандар да ағылшын тілін үйреніп жатыр деп жар салғандар төбе көрсетті. Оған қаланы қойып, кей­бір ауылдағы ұраншылдар үн қосты. Несін жасырамыз, отандық білім кеңістігі сынақ алаңына айнала берді. Оның зардабын мұғалім, оқушы, ата-ана тартты.

Осы арада үлгі тұтатын кейбір ел­дердің әдемі дәстүрін еске түсі­рер бол­сақ, министрді қойып, оның орынбасары қызметке тағайын­­да­ларда үш жылға арнал­ған бағ­дар­ламасын талқыға ұсы­нып, өткен соң қызметке сайланады. Үш жыл мерзім аяқтал­ғанда не бітті, не қалды дегенге есеп береді екен. Бір себептермен жарты жолда қызметтен кетсе, не басқа жер­ге ауысса, оның орнына келген адам әлгі бағдарламаны жалғап, соңы­на жеткізіп барып өзінің жобасын ұсынатын көрінеді.

Иә, өткен өтті ғой дейік, бірақ сол өт­кеннің жақсысын жалғап, кемін түзеп сабақ алу жағы қалай деген сұрақ көкейден кетпейді. Біз алдағы кейбір дәйектерді сабақ алсақ екен деген ниеттен туындатып алға тартып отырмыз.

Ендігі жерде кемел тірлікпен көрінетін кез келіп тұр. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Руха­ни жаңғыру» мақаласында «Жас­тарымыз басым­дық беретін меже­лердің қатарында білім әр­дайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйес­ін­де білімді бәрінен биік қоя­тын ұлт қана табысқа жетеді» деген бағытты темірқазық етіп, Пре­зидент Қ.Тоқаев Жол­дауын­дағы нақты тапсырмаларды мүлтіксіз атқару міндеті кім-кімге де сын болуы тиіс.

Ал биылғы мұғалімдердің дәстүрлі тамыз мәслихатында Мемлекет басшысы «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар», дей келіп, білім беру ісін жетілдіруді тілге тиек еткен еді. Ғылыми жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесін мүмкіндікке қарай шешуді маман ыңғайына қарай, мектептер­дегі ағылшын тілінде сабақ беру ісін ата-аналардың қалауымен шешуді міндеттеді. Әсіресе, тәрбие мәселесіне де терең мән берді. Бұл білім мен тәр­­биені ұштастыра жүргізудің қажет­тігін аңғартады.

Кейде оқушылардың білім сапасы төмен деп жатамыз. Себе­бін қаз­баламай, салдарын алға тартып, бұл қалай дейміз. Тіпті себебін біліп тұрсақ та айт­қымыз келмейді. Осы­дан келіп, кінәлі ұл мен қыз болып шығады. Барынан жоғы көп, базасы нашар, үш ауысымды білім мекемесінде білім сапасы болмайтыны түсінікті. Заман талабы ендігі жерде жүрдім-бардымға жол бере қоймас. Етек жеңімізді жимасақ жас ұрпақтың болашағына кедергі келтіруіміз де ғажап емес. Кейде сол білімнің сапасыздығы дайындайтын маманға да қатысты болып жатады. Осы күні халық­қа қажет нәрсе білім мен денсау­лықтың жақсаруы болып тұр. Ал сол маман қалай дайындалып жатыр дегенге келсек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті де медицина мамандарын дайын­дап келе жатқаны белгілі. Өткен жылы алғашқы түлектерін ұшырыпты. Бүгінде медицина және денсаулық сақтау факультетінде жүздеген студент оқиды екен. Осы арада бір күмәнді ой мазалайды. Түлектер медицина мекемелеріне бірден жұмысқа кірісе ала ма? Ота жасау қолынан келе ме? Ғасыр­ға жуық тарихы бар медицина инс­титуты мен университеттері даярлаған мамандарға көңіл толмай жүргенде, базасы толық емес ұлттық университетте бакалавриат, магистратура, резидентура, докторантура әзірлеу оңай болмасы анық. Жасыратыны жоқ, кез келген оқу орны кез келген мамандықты дайындауға талпыну мамандықтың беделін түсірмей қоймайды. Бір заманда журналистерді әл-Фараби университеті, кейін Қарағанды уни­верситеті әзірлесе, қазір елі­міздегі отызға жуық жоғары оқу орындары даярлау үстінде. Сол мамандардың көбі талап үдесінен шыға қоймайды. Ең бас­тысы, тілге шорқақ.

Қалай десек те маман дайындау ісін оңалтсақ, білім сапасы артып, ұрпақ алдындағы парызымызды адал атқарғанымыз болар еді. Бір кездері беделі түсіп кеткен педагогтардың мәртебесін көтеру үшін, қиын кезде жабылып қалған не басқа оқу орындарына қосқан педагогикалық оқу орындарын Елбасының қолдауымен қайта қалпына келтіргеніміз мәлім. Енді сол білім ордаларын уни­верситеттерге қосу мәсе­­лесі сөз болып жатыр. Бұл да жаңа реформаның басталғанын көр­сете ме? Мұндай қадам түптің түбінде білім мен тәжі­рибені ұштас­тыра жүргізуге кері әсерін тигіз­бей қоймайды. Осы «әт­те­ге­найлар» жүйесіздікке ұрын­ды­рып, жүйкені жұқартқаны мәлім. Алдағы уақытта осындай қо­лай­­сызд­ықтарды кеңседе отырып шешпей, халықтың талабын ескерсек ақау кетпесі ақиқат. Сонда ғана өт­кеннен сабақ алып, болашаққа жас­тардың нық қадам басуына мүмкіндік жасалары анық.