Ел игілігін еселейтін шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесінде Атырауда кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Бүгінде осы салада еңбек ететін субъектілер саны 50 мыңға жақындады. Өткен тоғыз айда 1 трлн 362 млрд теңгенің өнімі шығарылды. «Кәсіпкерлікті қолдау аясында 35 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл бастамалар іске қосылғанда 3 889 жаңа жұмыс орны ашылады. Индустрияландыру картасы бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру, интеграцияланған газ-химия кешенінің екі кезеңінің құрылыс жұмыстары жоспарға сай атқарылуда», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Аймақта ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын жаңа жобалармен толығады. Бұл өз кезегінде төрт түлік мал басының өсіміне оң ықпалын тигізіп отыр. Биыл 8 933 га алқапқа егін егілді. Оның 31 пайызына тамшылатып суару әдісі қолданылады.
Президент халыққа Жолдауында: «Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек», деді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында мұнайлы аймақта қолға алынған бастамалар туралы айтқан Нұрлан Ноғаев «Іскер ана» жобасына айрықша тоқталды. Сәуір айында бастау алған жобаға облыстың 900-ден астам тұрғыны қатысқан. «Атырау облысында халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын қолдауға ерекше назар аударылып отыр. «Іскер ана» эксклюзивті жобасы көп балалы аналарды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасындағы аналарды бейінді оқытуға, өз істерін ашуға, істерін кеңейтуге бағытталған. Қатысушылар он мамандық негізінде білім алды, сонымен қатар ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, интернет-сауда бойынша да арнайы сабақтар өткізілді», деді аймақ басшысы. Бейінді курстардың 319 үздік түлегі заттай грант иеленген. «Жоба аясында алыстағы ауылдарда тұратын әйелдер, «Жусан» арнайы операциясы аясында елге депортацияланған көп балалы жалғызбасты 5 ана да білім алды. Қазір жобаның көптеген қатысушылары жаңа кәсіп меңгеріп, өз бизнестерін ашып отыр», деп атап өтті облыс әкімі.
Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі Атырау өңірінде де бірқатар мәселелердің оң шешім табуына мүмкіндік берді. Қазір аймақта 6 729 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Биыл 15 420 жұмыс орнын құру жоспарланған, бүгінге дейін 17 201 жұмыс орны құрылып, меже артығымен орындалды. 749 отбасы тұрғын үй көмегін алып отыр.
Білім беру, денсаулық сақтау салаларында да жоғары көрсеткіштер бар. Әкімдік тарапынан жүргізіліп келе жатқан жүйе жұмыстардың нәтижесінде қазір облыста маман тапшылығы азайды. Мысалы, 2016 жылы 160 медицина маманы керек болса, қазір бұл көрсеткіш 30 ғана. Жыл сайын облыс әкімдігі тарапынан өңірге қажет мамандықтар бойынша мектеп түлектеріне оқу гранттары беріледі. Биыл бөлінген 231 гранттың 53-і медицина саласына арналды. Қазір атыраулық 56 жас медицина мамандығында бакалаврда, 48 жас резидентурада облыстық бюджет есебінен білім алуда. «Алдағы уақытта маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешеміз», – деп сеніммен айтты Нұрлан Ноғаев.
Жайық пен балық жайында...
Өткен жылдың соңында Атыраудағы Жайық өзенінде жаппай балық қырылды. Су маржандарының ендігі халіне алаңдаған көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап берген аймақ басшысы: «Соған қарамастан, жақсы нәтижелер бар», деді. 2017 жылы Жайық, Қиғаш өзендеріндегі балық өтетін арналардың түптерін тереңдету жұмыстары басталған болатын. «Су көлемін және гидрогеологиялық режімді арттыру жобалары балықтардың кедергісіз өтуіне, балық қорын сақтауға, мекендеуіне және табиғи өсіміне қолайлы жағдай жасауға бағытталған, деп атап өтті аймақ басшысы. – Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 151 млн теңге бөлінген. Қиғаш өзенінің де түбі тереңдетілді. Балық аулайтын өндірістік кооперативтер жыл басынан бері белгіленген лимит аясында 6 555 тонна балық аулады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4038 тонна болған еді. Бұл жүргізілген түп тереңдету жұмыстарының оң нәтиже көрсеткенін аңғартады, соның арқасында балықтардың өзенге уылдырық шашуға өтуі жақсарды, су қоймасында балық қоры сақталды», деді әкім.
Тағы бір жайт – экология төңірегінде. Облыс орталығындағы кәріз суын тазарту кешені 1978 жылы пайдалануға берілген және сол уақыттан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да кері әсерін тигізіп отыр. Осы олқылықты жою мақсатында Атыраудың оң жақ жағалауында кәріз суын тазарту кешені құрылысының ЖСҚ дайындалуда. Сол жақ жағалаудағы кәріз суын тазарту ғимаратының құрылысы 2020 жылы аяқталады. «Кәріз сулары булану алаңына ешқандай тазартудан өтпестен құйылды, экологияға өлшеусіз залал келтірді. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін қазіргі қолданыстағы «Сасықсай» жабылады, бұл алаң бірнеше жылдардан бері тұрғындар тарапынан шағым туғызып келген еді. Кәріз суын тазарту кешені пайдалануға берілгеннен кейін ақпасу ағыны булану алаңына келгенше тазартудың толық сатысынан өтеді. Сол арқылы жерасты суы, топырақ, атмосфералық ауа да тазарады. Бізде Атыраудың экологиясын жақсартуға арналған нақты жоспар бар. Алдыңғы кезекте – бұған дейін Атырауда болмаған кәріз суын тазарту кешенін іске қосу», деді Нұрлан Ноғаев.
Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Осыған байланысты зиянды заттардың атмосфераға түсуіне мониторинг жүргізу назарға алынып отыр. Жергілікті бюджеттен өлшеу құралдарын, автозертхана алуға 172 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыс аумағында ауа райына бақылау жүргізетін 45 станса жұмыс істейді. Облыс әкімдігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында алматылық «Экосервис-С» компаниясымен бірлесіп ауа сапасына онлайн мониторинг жүргізу жүйесін іске қосуды қарастырып жатыр. Мәліметтер геоақпараттық порталда және қала көшелеріндегі LED-экрандарда көрсетіліп тұратын болады.
Жолдың «жыры» жақында аяқталады
Елбасы 2018 жылы Атырауға келген сапарында өткізген жиналыста «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» тас жолының құрылысын бастау жөнінде тапсырма берген еді. «Оған дейін қаржыландыруға байланысты проблемалар болып, құрылыстың басталуына кедергі келтірді. Нұрсұлтан Әбішұлының аймақ тұрғындарының тілегін тыңдағанының арқасында, Елбасының тікелей тапсырмасынан кейін барлық рәсімдік шаралар жолға қойылып, жұмыс басталды. Бұл жолдың жағдайы ешқандай сын көтермейді, жол-көлік оқиғалары жиі болады», деді аймақ басшысы. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба жалпы ұзындығы 432 шақырым болатын «Ақтөбе – Атырау – Астрахань, РФ шекарасы» жолын қалпына келтіруге арналған. Қазір Атырау – Астрахань бағытында 60 шақырымға жөндеу жұмысы жүруде.
Жол демекші, Атырау – елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін қоғамдық көлікте жолақы төлеуді дифференцияланған тарифке және электрондық билеттеу жүйесіне көшірген үшінші қала. «Өткен жылдың қазан айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырауда электрондық билеттеу жүйесі қанатқақты жобасы енгізілді. 11 қазанда жол ақысын төлеу жүйесін электронды түрге ауыстыру үшін дифференцияланған тариф іске қосылды. Қазір қоғамдық көліктегі жол ақысын төлеу 85% электронды түрде жүргізіледі деп сеніммен айтуға болады», деді әкім. Аймақта қоғамдық көлік қатынасын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асып жатыр. Бағдарлама аясында 160 жаңа автобус алынды, бұл жұмыс келер жылы да жалғасады.
Тілекті «telegram» жеткізеді
Президент халыққа Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнауы керек екенін айтты. Атырау аймағында бұл бағытта да қолға алынған игі істер бар. Мемлекеттік органдардың ашықтығын айқындау үшін әлеуметтік желілер қолданылады. Облыс әкімдігінің Tеlegram желісінде арнайы парақшасы ашылып, оған 13 мыңнан астам облыс тұрғыны тіркелді. Жыл басынан бері азаматтардан 9 мыңнан астам сауал түсті. «Атырау цифрлық қабылдау» мобильді қосымшасында 5 мыңға жуық тұрғын тіркеліп, 2 мыңнан астам сауал түскен. Әкімдік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, кері байланыстың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізуде. «2019 жылдың ақпанынан бастап мемлекеттік органдардың бірінші басшылары әлеуметтік желілерде, Facebook, Instagram желілеріндегі әкімдік аккаунттарында тікелей байланысқа шығып, онлайн режімде сауалдарға жауап береді. Биылғы ақпан айынан бері 70 тікелей эфир өтіп, 77 мың аймақ тұрғынын қамтыды, 6700 сауал қойылды. Біз бұл идеяны Канада Премьер-министрі Джастин Трюдодан алдық, ол әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап береді, біз осы тиімді әдісті өзімізге енгізгіміз келді», деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі Атырау – дәулеті мен сәулеті қатар көркейіп келе жатқан, өмір сүруге қолайлы аймақ. Елбасы мен Президент тапсырмаларының табысты іске асуына қажетті мүмкіндіктің бәрі бар мекенде бақыт тұрақтары кәміл. Оны алысқа бармай-ақ, жүзі жарқын халқының ашық қабағынан да аңғаруға болады. Ал халқы бақытты елдің болашағы да баянды.