Аймақтар • 06 Қараша, 2019

Субсидия төлеу ісі созыла бере ме?

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауға ең бірінші кезекте өңірдегі мал өсірумен айналысатын агроқұрылымдар зәру екені айқын байқалады. Соның ең басты көрінісі осы мақсатта берілетін субсидиялық қаражаттың уақытында төленбеуі. Сондықтан облыстағы бірқатар шаруақожалықтардың  иелері көптеген кедергілерге кезігуде.

Субсидия төлеу ісі созыла бере ме?

Атап айтқанда олар техника мен мал азығын сатып алуға және алдағы мал қыстату науқанына әзірлік жасауға мүмкіндік таба алмай отыр. Сонымен бірге бұған дейін алған несиесін жабуға да субсидияның жетімсіздігі салқынын тигізуде. Лажсыздық пен мәжбүрліктен көптеген шаруа қожалықтардың жетекшілері қолдарындағы асыл тұқымды малдарын етке өткізуде. Мұның зардабы уақыт өте келе тіптен ауыр тиетіні талас туғызбайды. Осының бәрі қаржының тапшылығынан орын алғаны айтпаса да белгілі. Жығылғанға жұдырық дегендей оның үстіне биылғы жаз айларының құрғақшылық болуы, жауын-шашынның аз түсуі де жем-шөп жеткіліксіздігі жағдайын жеделдете түскен-ді.

Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша соңғы уақытта мал өсірушілер тарапынан субсидияға сұраныс деңгейі өсіп келеді. Оны өтеу үшін биыл республикалық бюджеттен қосымша 5,9 миллиард тенге сұратылған. Әйтсе де бұл қомақты сома әлі күнге дейін шаруалардың қолына тимеген.

Аталған уақыт аралығында жергілікті бюджет есебінен 5,6 миллиард теңге көлеміндегі қаражат толықтай өтелген. Соған қарамастан қазіргі кезде облыста субсидия бойынша фермерлерге берілетін қарыз 3,2 миллиард тенге құраған. Мұның сыртында субсидия алуға мал өсірушілер тарапынан әлі де өтінімдер түсіп жатқанын ескерсек, бұл мөлшердің өсе түсетініне шек келтіру қиын.

Мал шаруашылығына қатысты алғанда осы кезге дейін «Сыбаға» бағдарламасы салалық агроқұрылымдарға әжептәуір көмегі мен шапағатын тигізіп келген болатын. Аталған бағдарлама аясында асыл тұқымды мал өсіруді жүйелі жолға қоюдың жаңа бір жолы ашылғандай еді. Соның ішінде осы арқылы мәрмәр ет экспорты үлесін көтеру мүмкіндігі туғызылғаны да күні кеше еді деуге болады, солай бола тұрса да кейінгі кезде аймақта орын ала бастаған субсидия мен сыртқы инвестиция секілді өзге де қаражат көздерінің тапшылығы бұл бағыт бойынша алға қарай одан әрі жылжуға тежеу салды десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз.

Бұл арадағы басты мәселе жоғарыда көрсетілген республикалық бюджеттен бөлінетін қомақты қаражаттың бөлінбеуінде екені белгілі. Өңірдегі субсидия тапшылығы орын алуының басты себебін де осы тұстан іздегеніміз жөн. Сонымен соңғы деректерге сүйенсек, белгіленген субсидия мөлшерінің Ақтөбе облысына алдағы 2020 жылдың басында ғана беріле бастайтынын бағамдай аламыз. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мамандарының есебінше шаруа баққан ағайындардың субсидияға деген сұранысы тек алдағы жылдың бірінші тоқсанының аяғына кейін толықтай өтелмек.

Әрине мал өсіріп, оның өнімдерімен ел-жұртты қамтуды мақсат еткен шаруа иелерінің заңды төлемдерін алғысы келетіндігі түсінікті жәйт. Өкінішке орай бұл мәселе де Ақтөбе облысында қазіргі күні күрделі жағдайлар қалыптасқан. Осыған орай ҚР ауылшаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдері өндірісі және өңдеу департаменті өз тарапынан ел Парламентіне өз өтініштерін түсірген екен. Бұл жөнінде облысқа келген сапарында аталған департамент директорының орынбасары Қайрат Мұтаев түсінік берді. Осы орайда бұл мәселе республикалық бюджетті нақтылау кезіндегі мәжілістерде ескеріліп, қолдау тауып жатса, бұған дейінгі шешілмей жүрген түйіндердің тарқатылары анық.

Біз осы мақаланы газет өндірісіне әзірлеу кезінде өңірдегі субсидия тапшылығын жою, оың шаруа қожалықтары жетекшілері мен фермерлерге беру мерзімін қысқарту жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылғанынан хабардар болдық. Оның құрамына ауылшаруашылығы, Қаржы және Ұлтттық экономика министрліктері өкілдері енгізіліпті. Сонымен бірге оның құрамы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Парламент депутаттары есебінен толықтырылған екен. Осылайша аталған жұмыс тобының қорытындысына сай мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға қосымша қаржы болу жөніндегі мәселелер мен ұсыныс-тілектер өз шешімін тапса игі.

 

АҚТӨБЕ