Аймақтар • 06 Қараша, 2019

Ақтөбеде «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымы қорытындыланды

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ХV еңбек маусымының жабылуы салтанатты түрде  аталып өтті. Мерекелі жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин шараны ресми түрде ғана өткізіп қоймай, жастарды өткенге ой салуға, артық-кемімізді саралап, осы бағыттағы жұмысты  дамытуға ақыл қосуға шақырды.

Ақтөбеде «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымы қорытындыланды

«2005 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев студенттік құрылыс отрядтарын қайта жандандыру, жастарды еңбекпен қамту жөнінде бастама көтерген еді. Сол бастаманы алғашқы болып ақтөбелік белсенді жастар қолдағаны есімізде. Осы  15 жыл ішінде 60 мың жас студенттік отрядтарда жұмыс жасап, еңбек мектебінен өтіпті. Яғни осынша жастарымыз ащы термен келетін табыстың тәтті дәмін татты. Ақтөбе облысының штабы өз жұмысын ұйымдастыруды дұрыс жолға қоя алды. Жауынгерлер санымен де, оларға  жалақы төлеу бойынша да республикада алдыңғы қатарда.  Биылғы еңбек маусымында 5 мыңға жуық ақтөбелік жас жұмыспен қамтылыпты. Ол әрине, мақтанышпен атап өтуге тұрарлық»,- деді аймақ басшысы.

Оңдасын Оразалин  80 белсенді жасқа алғыс хат және Нұр-Сұлтан қаласына жолдама табыс етті. Сонымен қатар, жеті азамат «Үздік жоғарғы оқу орны», «Үздік орта оқу орны», «Үздік аудан», «Үздік жұмыс беруші», «Үздік жауынгер», «Үздік командир», «Үздік отряд» номинациялары бойынша облыс басшысының алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ облыс әкімі «Жасыл ел» еңбек жасақтарының  еңбек  маусымын ұйымдастыруда  жіберілген бірқатар кемшіліктерді сынға алды.   Алға, Ырғыз,Мұғалжар, Хромтау аудандарының әкімдеріне  алдағы уақытта студенттік құрылыс отрядтарын қажетті жұмыспен қамтуды дұрыс ұйымдастыруды тапсырды.