Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген ардагер журналистер Ораз Жүніс пен Түгел Мәденов терминдер мен атау сөздерге қатысты мәселені көтерді. Олардың айтуынша, қолданыстағы қаптама, зерттеме, орама сынды кейбір атау сөздер мен терминдер қазақ тілінің заңдылығына қайшы. Ораз Жүніс бірнеше жыл ЖОО-да қазақ тілінен сабақ бергенін, тіл мәселесі өте нәзік мәселе екенін айтты. Ардагер журналистердің өз ұсыныстары да жоқ емес. Дархан Қыдырәлі азаматтардың тілегі Республикалық терминологиялық комиссияға тапсырылатынын, Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросы бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Одан кейін аудан әкімдігінде хатшы, мектеп директоры болып қызмет еткен Қадылбек Жағыпаров алпысқа тарта ән шығарғанын, өлеңдер жазғанын айта келе, әндерін нотаға түсіріп беру мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. «Алпысқа жуық ән жаздым. Оның әрқайсысын нотаға түсіру үшін қомақты қаржы керек. Осы орайда әндерімді нотаға түсіріп беруге мүмкіндік жасасаңыз деген тілегім бар. Оларды жақында жарық көретін кітабыма қоссам, балаларыма мұра болып қалса деген арманым бар», деді. Зейнеткердің тілегі Нұр-Сұлтан қалалық филармониясына жолданатын болды.
Қытайдан оралған қандасымыз Қайрат Қасымбек бағдарламаларды қазақ тіліне аударумен айналысады екен. Ол бүгінгі қабылдауға IT технологиялары арқылы қазақ тілін түркітілдес халықтардың ортақ тіліне айналдыру ұсынысымен келген. Оның айтуынша, арнайы дыбыстық аудармашы-бағдарламалар арқылы қарапайым қолданушыға ыңғайлы әрі тіліміздің өрісін кеңейтетін мүмкіндік бар. Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысының қазақ тілі тек мемлекеттік тіл емес, еліміздегі өзге ұлттардың да қолданатын тілі екенін айта келіп, азаматтың мәселесі тіл комитетіне жолданатынын мәлімдеді.
Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі азаматтардың қазақ тілі, мәдениеті, руханиятына қатысты мәселелермен қабылдауға келуі халықтың Nur Otan партиясын арыз-тілектеріне шешім табатын орын ретінде көретінін дәлелдейді дейді. Бүгін тыңдалған тілек-талаптар тиісті мекемелерге жолданатынын, жауапсыз қалмайтынын айтты.