Әдебиет • 07 Қараша, 2019

Хош келдіңіз, Әзиз бей!

752 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түріктің атақты сатирик жазушысы Әзиз Несиннің шығар­малары қазақ қоғамына жазушының көзі тірі кезінде ақ етене болды. Әзиз бейді біздің қаламгерлер бастапқыда орыс тілінен аударған болса, соңғы жылдары тікелей түрік тілінен аударушылар да бар.

Хош келдіңіз, Әзиз бей!

 

Несин шығармаларының шынайылығы, шор боп қатқан түйінді мәселелерді жеңіл юмормен жеткізе білетіндігі, әңгімені қиыннан қиыстырып жатпай-ақ, бірден бастап кетіп, оқырманды магниттей тартып тұруы түрік жазушысының туындыларына қызығушылықты, сұранысты арттыра бермек.

Несинді қазақша сөйлет­кен қаламгерлердің ішінде Ха­лықаралық «Алаш» сыйлы­ғының лауреаты, жазушы Ғаб­­­­бас Қабышұлының орны ерек­­­ше. Олай дейтініміз Ға­баң Несин шығармаларын ауда­­­руға өткен ғасырдың 80-жыл­­дары кіріскен адам. Өзі ес­те­ліктерінде Әзиз Несинмен 1981 жылы Мәскеуде КСРО жазу­шыларының жетінші құ­рылтайында кездескенін жа­зады. Сол кездесуде Несин ту­ралы ма­қаласы бар кітабын сыйлап тұрып, атақты са­ти­риктің төрт әңгімесін аудар­ғанын өзіне баяндайды. Одан кейін де жазушының Несин шығармаларын қазақша сөй­леткенін көбіміз білеміз. Атап айтқанда «Футбол сұлтаны» романы мен «Әңгіме оқи оты­рыңыз» деген атпен әңгі­мелер жинағын шығарған. Ал жуырда дәл осы автордың тәржімасымен Нұр-Сұлтандағы «Фолиант» бас­пасынан Әзиз Несиннің «Сиқыр айна» кітабы шықты. «Сиқыр айна» «Үздік шетел классикасы» сериясымен жарық көрді.

Несин соңына бай мұра қал­дырған қаламгер. Ол қо­лы­на қалам ұстаған 56 жылда әзіл-сықақ әңгімелерінің 34 жи­на­ғын, 5 өлең жинағын, 8 романы мен 6 пьеса қалдырыпты. Сонша көп дүниені бүкіл адам­затқа ортақ дүние десек те, түбі бір түркі дү­ниесінің өкілі ретінде оның кейіпкерлері діні мен ділі бөлек бөтендерден  гөрі өзімізге етене, тіпті оларды біз жақсырақ танитын сияқ­тымыз. Бұл бір жағынан менталитетке қатысты болса, екін­шіден, кейіпкерлерінің қиял дүниесінде емес, кәдімгі тұр­мыстық-әлеуметтік мәсе­лелермен күніне бірнеше мәрте жолығып, «жер бетінде» өмір сүруімен де байланысты болуы мүмкін. Түрлі тағдыр, түрлі мамандық иесі, түрлі мінез-құлық, түрлі сипаттағы бейнелер Әзиз Несин қаламына ілінгенде тірі бейнелердей әсер ететінін де айту керекпіз. Мы­салы, «Газет неге жабылды?» әңгімесінің кейіпкерін өзіміз журналист болған соң ба, шынайы қабылдаймыз. Ол кейіпкер не дейді: «Менің мақалам газеттің ең елеулі, ең көлемді материалы болды. Журналистік тірліктегі ең бі­рінші ірі табысым болды. Сөйтіп біздің газет басқа газеттерге шаңын да көрсетпей кетті. Басқа газеттердің бәрі де концерт жайында бірінші беттеріне бірер жол ғана хабар беріп, оның кейінге қал­ды­рылғанын айтыпты. Ал мен қойылмаған концерт туралы мақала жазуда дүние жүзіндегі тұңғыш сыншы боп шыға келдім». Күлкілі иә. Бірақ газет одан жабылмаған ғой. Шетелді аралауға аттанғалы тұрған мем­лекет қайраткерлерінен құ­рыл­ған делегация суретінің астына «Жергілікті асыл тұ­қым­ды сиырлар» деп, ал асыл тұқымды сиырлардың суре­тінің астына «Біздің деле­га­цияның Еуропаны аралауға ұш­қалы тұрған сәті» деп түсініктеме берілген. Мұн­дай күлкілі де қызықты жайттар біздің газеттерде де талай орын алған шығар!

Әзиз Несиннің «Сиқыр айна» кітабына жиыны елу төрт әңгіме енгізілген. Оның ішінде өзімізге етене таныс «По­лицейлерге ж­аным ашиды», «Бәленің бәрі шұлықтан басталады», «Шарапханадағы сырласу», «Шерменде қашан туған?», «Сирек кездесетін сұмырай», «Мысекең сорлады», «Үш періштенің шешесі», «Кәдімгі есекпіз», «Өзін өзі танымаған король» сынды әңгімелерді де көріп қуанып қалдық. Классиканың аты классика емес пе? Қашан оқысаң да жаңа қырынан ашыла береді. Әзиз Несин әңгімелері де сондай. «Бұрын оқығам» деп томсарып қалмайсың. Оқыр­мандарын күлдіріп отырып мұ­ңайтатын, мұңайтып отырып ойлантатын Несин әңгімелеріне «хош келдіңіз» дейміз.