Аймақтар • 07 Қараша, 2019

Жамбылда «қызыл сызықтан» асқан құрылыс нысандары анықталды

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр десек те, облыс бойынша құрылыс заңдылықтарын бұзып салынған кәсіпкерлік нысандар бірталай болып тұр. Жамбыл облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досанов облыс аумағында қызыл сызық нормаларын бұзып жүргізілген 35 құрылыс нысаны анықталғанын айтты.

Жамбылда «қызыл сызықтан» асқан құрылыс нысандары анықталды

Оның ішінде 11 нысан бұзылған болса, 20 нысан сот органдарының қарауында екен. Ал қалған 4 нысандарға қатысты талқылау жүргізілуде.

«Жүйелі түрде аталған мәселені бақылауда ұстау үшін құрылыс нысандарының электрондық деректер базасына енгізіліп, нысандарды жеделдетіп анықтап, шара қолдануға мүмкіндік береді» дейді Дәулет Досанов.

Атап айтсақ, Тараз қаласынан 3, Жамбыл ауданынан 2, Т.Рысқұлов ауданынан 3 және Қордай ауданынан 3 нысан, барлығы 11 нысан меншік иелерінің өз еркімен бұзылған. Сол сияқты Тараз қаласынан 19 және Т.Рысқұлов ауданынан 1 нысан, барлығы 20 нысанға қатысты тиісті шаралар қолдану үшін материалдар сотқа жолданған. Ал Меркі ауданындағы 1 нысанға қатысты Жамбыл облыстық Мемлекеттік сәулет бақылау басқармасы тарапынан айыппұл салынған болса, Қордай ауданындағы 2 нысан бойынша пайдалануға қабылдау акті мен мүлікті жария ету комиссиясының хаттамасы тіркелгені анықталған. Сонымен қатар Тараз қаласындағы 1 нысанның иесінің  қайтыс болуына байланысты шара қолдану мүмкін болмай тұр екен.

 

Жамбыл облысы