Әдетте, бұл мәселелерді шешу қаржыландыру көлеміне тікелей байланысты. Қазіргі уақытта аймақтардағы білім беру ұйымдарын басқару жүйесі тиімді емес, аудандық деңгейде бюджеттік әкімшілендіру барлық туындаған мәселелерді тез әрі толық шешуге мүмкіндік бермейді. Бұл мектептерді жөндеу, жылумен қамтамасыз ету, интернет және басқа да мәселелерге қатысты. Сондықтан Президент білім беруді әр деңгейінде қаржыландыруды қарастыру міндетін қойды.
Ауылдық жерлердегі білім беру ісі – елдегі сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін ең маңызды сәттердің бірі екенін атап өткен жөн. Күрделі мәселелер тізімінде ауылдарда мұғалімдердің жетіспеушілігінен жиі туындайтын қиындықтар бар. Жолдау аясында ауылдағы білікті педагогтардың тапшылығы мәселесін шешу үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жұмыс аясын кеңейту және осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін жеткізу ұсынылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың өте сәтті мысалы – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау жөніндегі Жол картасын жасау. Осындай балаларға үйірмелерге, білім беру орталықтарына, жазғы лагерьлерге баруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар Президент аз қамтылған балалар қатарына кіретін барлық оқушылар үшін тұрақты негізде кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет екенін атап өтті. Бұл әлеуметтік көмекке тегін ыстық тамақ, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету кіреді.
Сондай-ақ сапалы білім беру жүйесі ғылымның дамуынсыз мүмкін емес. Қазақстандық ғылымның озық дамуына назар тұрақты және кешенді болуы тиіс. Президент Қ.Тоқаев Жолдауда атап өткендей, «Біздің ғылым қаншалықты сапалы және тиімді? Үкімет бұл мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін арттыру және оларды іс жүзінде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн». Осыған байланысты отандық ғылымды қолдаудың нақты тетіктерін әзірлеу контексінде Мемлекет басшысының месседжін кеңейту және жалғастыру маңызды.
Мәдина НҰРҒАЛИЕВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі