Әлемдік қаржы дағдарысының салқынын сезінген кәсіпорындардың бірі – “МТС Трактор” ЖШС болатын. Кәсіпорынды, ондағы жұмыс орнын сақтау, берешектерін өтеуге қол жеткізу мақсатында серіктестікті сауықтыру процедурасы жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша серіктестік облыс аумағында шөп тайлағыштар, екі қатарлы тұқым сепкіштер, көп салалы топырақ өңдеу агрегаттарын шығаратын бірлескен өндіріс орындарын құру жөніндегі Қазақстан- Белоруссия үкіметаралық комиссиясының құрамына кіргізілген-ді. Бұл өз нәтижесін берді.
Белоруссияның “БобруйскАгроМаш” ашық акционерлік қоғамы шығаратын “ПТ-165” шөп тайлағыштары осы серіктестік базасында құрастырылатын болды. Шөп тайлағыштардың осында құрастырылуының да өзіндік себебі бар. Мұнда ауыл шаруашылығы техникаларын шығару мен жөндеуге қондырғылар, құрал-жабдықтар жеткілікті, кәсіпорында мұндай жұмыстарды атқаратын тәжірибе де, маман кадрлар да бар. Бұған дейін серіктестік “К-700” тракторларын күрделі жөндеумен, ауыл шаруашылығы техникаларының кейбір қосалқы бөлшектерін шығарумен айналысып келген болатын. Енді мұнда жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Алғашқы жеткізілген сегіз шөп тайлағыш құрастырылды. Қазірдің өзінде он бестен астам тапсырыс түсіп үлгеріпті. Болашақта серіктестікте шөп тайлағыштың кейбір бөлшектерін өздері жасап, қазақстандық үлесті арттыру көзделуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті құралдар, басқа да өнімдер шығаратын жобаларды жүзеге асыру алдағы күндердің еншісіндегі шаруа.Серіктестік бастапқыда облыстың шаруашылық құрылымдарының шөп тайлағышқа деген сұранысын қанағаттандырып, кейін еліміздің өзге өңірлеріне де өнімдерін өткізбекші. Мұндай шөп тайлағыш құрастыратын кәсіпорын әзірге Қазақстанда біреу-ақ.
–Облыста сауықтыруға жатқызылған төрт кәсіпорын бар. Соның ішінде осы серіктестіктің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде жалақыға берешек толық өтелді. Басқа төлемдер кестеге сай өтелуде. Шөп тайлағыштарды серіктестік базасында құрастыру тиімді. Дайын шөп тайлағыш әкелгенде вагонға әрі кетсе төртеуі ғана сиятын. Бір шөп тайлағышты жеткізу 560 мың теңге тұрады. Ал, бөлшектеп жеткізгенде жиырма шөп тайлағыш әкелуге болады. Бұл тасымалға кететін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, серіктестікте бұрыннан еңбек етіп келе жатқан жұмысшыларды ұстауға да ықпал етеді. Болашақта шөп тайлағыштардың кейбір бөлшектерін осы кәсіпорында жасау да ойластырылуда. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорынның дағдарыс құрығынан құтылып, аяғынан қаз тұрып кету мүмкіндігі бар, — дейді дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті “Батыс” өңіраралық департаментінің бастығы Аманғос Дербісәлин.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.