Қазақстан • 12 Қараша, 2019

Елбасы: «Astana Club» жоғары деңгейдегі кездесулер үшін маңызды форум

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық континенттің өсіп келе жатқан көліктік байланыстылығы адамзат тарихында теңдесі жоқ мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Astana Club» пленарлық отырысында айтты.

Елбасы: «Astana Club» жоғары деңгейдегі кездесулер үшін маңызды форум

«Еуразиядағы геосаяси жағдайға жағымсыз әсерін тигізетін қауіптер жайлы көзқарасымды білдірсем деп едім. Бізді келе жатқан дағдарыстан хабар беретін әлемдік экономикадағы ахуал алаңдатады. Сауда текетірестері өсіп келе жатқандықтан, геосаяси тұрақсыздық ахуалына әлемдік институттар теріс бағасын беріп жатыр. Жаһандық өсімнің бәсеңдеуі әлемдік саудаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Жаһандық мемлекеттік қарыздың деңгейі 2007 жылғы дағдарыс алдындағы қарыз деңгейінен екі есе артып, әлемдік ЖІӨ-нің 80 пайызына жетті. Бұл факторлардың барлығы әлемдік тұрақтылықты теңселтіп, Еуразия елдеріне қатты ықпал етіп отыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

«Әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Өзара санкциялар, сауда соғыстары – АҚШ пен ҚХР-дың қазіргі қарым-қатынасының қалыпты жағдайына айналып кеткен. Агрессивті риторика, экономикалық санкция – Батыс пен Ресей арасындағы негізгі қатынас тілі болып тұр. Тұрақты коммуникация арналарының болмауы ахуалды одан сайын қиындатып отыр. Жетекші державалардың арасындағы текетірес автоматты түрде Еуразияның ыстық нүктелеріне ауысып отырады. Ол жағдай Сирия мен Украинадағы мәселені бейбіт түрде шешу амалдарын қиындатады. Ал Брексит – соңғы уақыттың негізгі антиинтеграциялық оқиғасына айналды» деп толықтырды Н. Назарбаев.

Айта кетейік, Назарбаев орталығында әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын біріктірген саяси форум түріндегі халықаралық беделді пікірталас алаңы - «Астана Клубының» бесінші отырысы өтуде.

Шараға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономикамен халықаралық қатынастар саласының сарапшылары ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысуда.

Құрметті меймандардың қатарында 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Форумға қатысып жатқан сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, АҚШ, Испания, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Австрия, Норвегия, Қытай, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Португалия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангладеш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлыбритания, Пәкістан елдері бар.

«Астана клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сай өтеді. Талқылау жабық сипатта өтеді. Бүгінгі жиын Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді.