Ана туралы әңгіме қозғалса, таяуда бір таныс азаматтың айтқан мына бір әңгімесі еріксіз еске түседі.
– Қарапайым отбасында, ауылда өстім. Жеті баланың кенжесі болғандықтан қарашаңыраққа ие болып қалдым. Қолымда 80-нен асқан шешем тұрды. Қанша жасқа келсем де анам қамқоршым болды. Мені ерекше жақсы көріп, аналық махаббатын аямай төкті. Үйленіп, бала-шағалы болсам да әрдайым есік алдынан күтіп алатын. Тіпті қызмет бабымен түн ортасында келсем де көз ілмей тосып, мені көріп «Ә, балам келдің бе? Жұмысыңнан шаршап келдің бе, қарғам. Құдай қуат берсін, балам» деп, Аллаға сыйынып барып төсегіне жататын. «Мама-ау, мені тоспай-ақ демала бермейсіз бе» десем, «Айналайын, алтыным. Сен үйде жоқ болсаң, бойымда дегбір пайда болып, ұйқым қашады. Қанша өзімді қинасам да көз жұмып, ұйықтай алмаймын, жүрегім тулайды да тұрады. Жарқыным, аман бол, абыройлы бол» деп ақ батасын беретін. Жасы келіп, қартайып, қажып отырса да мен дегенде әр кез көңілі алаңдап отырушы еді жарықтықтың. Дүние мен үшін сонымен қызық болатын. Қазақ әнінің бірінде «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жатады емес пе. Сол сөздің жаны бар екен. Жасыма қарамай реті келсе анама қалжың айтып, несін жасырам, кейде жас балаша еркелейтінім де бар болатын. Анам дүниеден озғаннан кейін көңілім құлазып, әжептәуір «жалғызсырап, жетімсіреп» қалдым. Үйге келсем көңілім анамды іздейді, оның жылы сөздерін естігім келеді, алақан табының ыстығын сезінгім келеді. Бәзбір кезде анаңды сағынып, жүрегің езіледі, кейде, тіпті көкірегің қарс айырылып, көздеріңе мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қайран, ана! Сөйтіп жүргенде бірде түнде іссапардан үйге келдім. Есікті өз кілтіммен ашып, ішке ендім. Бала-шаға, жұбайым, інім мен келін, барлығы қалың ұйқы құшағында, кімнің үйге келіп-кетіп жатқанын еш сезер емес. Сол сәтте жарықтық анамның үйде жоқтығын қатты сезіндім. Уақытпен санаспай мені әр кез тосып отыратын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Аяқтарымды жай басып, асханаға еніп, жарықты қосып, шай қойдым. Үстел басында отырып кешегі анам бар кездегі күндерді еске алып, ойым астан-кестен, ішкі дүнием әлем-жәлем болды. Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймайтындай аттай тулап, бойымда өксік пайда болып, еріксіз жанарларыма ыстық жас келді. Анамның «Келдің бе, балам?..» деген жылы сөзін бүгін ести алмағаным жаныма батты. Ана орнын ешкім, ешқашан толтыра, алмастыра алмайтынын сол сәтте терең ұқтым. Көздерім мөлтілдеген ыстық жасқа толды, көңілім босап, жападан жалғыз отырғандай «аттың басын бос жіберіп», егіл-тегіл жылап, иә, жылап, анамды сағынып, іштегі шерімді бір тарқатып алдым. Соңғы кезде сиректеу болса да, әлгідей көңіл (басқаны білмеймін!) менде болып тұрады. Оным орынды ма, әлде орынсыз ба, білмеймін. Анаға деген көңіл, махаббат, сағыныш жас талғамайды-ау деп ойлаймын. Иә, ананың мейірімін, нұрлы жүзін, алақандарының ыстық табын, балаларына деген қамқорлығын, сірә, санасында саңылауы бар жан ұмыта ала ма? Әттең, оны кеш түсінетініміз өкінішті. Қанша жылдар өтсе әлі де анамды аңсаймын, елжіреп сағынамын, әрдайым көңілімнің төрінде тұрады, бас иіп тағзым етемін. Кейде анамның басына «Анаға тағзым» деген ескерткіш қойғым келеді. Менің қиялым бойынша, ескерткіште есік жартылай ашылып, арғы жақта сарыла баласын тосқан ана бейнесін көргім келеді. Бұл ойым орындала ма, жоқ әлде қиял күйінде қала ма білмеймін. Әйтеуір мені сондай ой көп мазалайды, көңілімде жүреді. Бәріне уақыт төреші ғой, көрерміз, өмір жеткізсе солай еткім келеді. Бұл анамның алдындағы өтелген парызым болар еді, – деп еді жасы орта жастан асқан, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бір танысым ағынан жарылып, ауыр күрсініп, көздері жасаурап.
Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай «жүрекке жүк» арта алар ма еді?! Жүрекке «сызат түсірген», санаға салмақ салған дәл осындай Анаға деген ұлы махаббатты кез келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам…
Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы туралы қасиетті Құранда анық жазылған өсиеттер жетерлік. Құран кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып, бойларынан күш-қуат кетіп, қолыңа қарап қалса, оларға «ұһ» деуші болма, көңілін жабырқатып, ренжіте көрме және оларға жанын жадыратар жақсы сөз айт. Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет де» делінген. Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл – Алланың әмірі, парыз. Алла тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата-анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Өз кезегінде бұл ислам дінінде ата-ана ақысының қаншалықты екенін білдіреді. Имам мұслим (р.а.) хадис шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», деген.
– Біздің елде ертеректе бір жалғызбасты ана болды. Жастау кезінде күйеуі жол апатынан көз жұмып, тым ерте жесір қалыпты. Жалғыз ұлын арқа етін арша, борбай етін борша ете жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. «Орыс тілін білсе, сауатты болып өседі» деп баласын орыс мектебіне беріп, барынша орысша тәрбиеледі. Рас, обалы не керек, бала алғыр, білімпаз болып өсті. Сонау Балтық теңізінің жағасындағы Рига қаласына барып, сондағы азаматтық авиация институтына түсті. Диплом алғаннан кейін Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы авиаотрядқа қызметке жіберіледі. Бірер жылдан кейін сол өңірдің бір орыс қызымен көңілдері жарасып, үйленіп, отбасын құрды. Елдегі анасын сол жаққа – қолына алмақ болып біраз әуреленді. Оған анасы: «Балам, өркенің өссін! Мені жылы жерімнен қозғап не қыласың... Өскен елімді, туған топырағымды, жүрген жерімді, мына сен өскен қарашаңырақты тастап қай жаққа барамын. Көңіліңе, пейіліңе дән ризамын, балам! Әзірге, Құдайға шүкір, бойымда күш-қуат бар, денсаулығым да жаман емес. Жаратқан Иемнің өлшеп берген өмірін жасармын. Маған еш алаңдама. Жылы орнымды суытпай, ағайын-жұрттың ортасында, әкеңнің шаңырағының отын өшірмей осы бауыр басқан берекелі елде отыра берейін, балам. Хат бар, телефон бар... хабарласып тұрармыз. Өскен ұяңды ұмытпай немерелерім мен келінімді елге әкеліп, атамекеніңді аралатып, әке-бабаңа құран түсіріп, бізбен дидарластырып тұрсаң болғаны, жарығым!», – деп ризашылығын білдіреді.
Рас, алғашқы кездері жыл аралатып болса да ұшқыш жігіт ауылға келіп-кетіп жүрді. Әйелі бір рет келіп, ауылдың ауыр тірлігін көріп, айналадағы барлық дүниеге мұрынын шүйіріп, несін айтамыз, әйтеуір, кері қайтуы тез болыпты. Бара-бара баласы анасымен тек хат арқылы хабарласып тұрды. Бірер рет шай, кәмпит, орамал және тағы басқа кәкір-шүкір салынған сәлемдеме де келіпті. Сонда әлгі әйелдің: «Балам, алтыным менің, сыйлық жіберіпті. Летчик балам ұмытпапты мені, айналайын сол!» деп көрші-қолаңдары мен таныстарының алдында мақтанып, жүрегі жарылардай қуанғанын көргендердің жанарларына ыстық жас келіп, көңілдері босайтын-ды.
Ауыл үстінен анда-санда ұшып өткен самолетке қолын күннен қалқалай сонау биік көкке көз тігіп: «Әне, анау самолетте менің летчик балам ұшып барады. Байқаған боларсыңдар, қанаттарын қағып, бізге сәлем жолдап барады ғой, қарғам. Айналайыным менің... Жұмысбастылықтан келе алмай жүр ғой менің алтын жарығым. Мен түсінемін ғой сені, жаным. Әйтеуір аман жүрсең болғаны, құлыным. Соның өзі күш-қуат маған, көгершінім, балам...», деп мейірленіп, екі жанары еріксіз суланады екен.
Бірақ уақыт өте келе ұшқыш баласы анасын мүлдем ұмытып, туған ауылына ат ізін салмай кетті. Немерелерін бір иіскеуді арман еткен, оларды және ішінен шыққан ұлын күн сайын сарғая күтіп, үкілі үмітін үзбеген ана әбден қажып, самайларын ақ шалып, қартайып, бақилық болды. Ел-жұрт болып әлгі жалғызбасты ананы қолдарынан келгенше арулап, жер құшағына берді. Баласы қай жерде жүргенін ешкім біле алмай, оған хабар жетпепті.
...Ауылға барған сайын жар жағасындағы ескі зиратта оқшаулау тұрған бір бейітке көз салам. Басындағы қураған жалғыз ағаш та қорқыныш, үрей тудырады. Уақыт өте шөп басып, жермен жексен болып бара жатқан сол жалғыз бейіт менің көңілімді астан-кестен етіп, жан дүниемді төңкергендей бір ауыр сезімге бөленемін. Неге олай екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір көңілім құлазып, жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай жиі қағып, жанарларыма ыстық жас мөлт-мөлт етіп келіп қалады. Сол дел-сал күйден әрең арыламын, – деп аяқтады өз әңгімесін менің бір әріптесім.
Иә, өмірде сирек болса да кездесіп жататын осы бір оқиғадағы асыл ананың түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген перзенті ана алдындағы перзенттік борышын өтеді деп айтуға аузың еш бармайды. Ана кешірді ме екен баласын?! Қайдам, бұл ауыр сұрақ...
Аялаңдар, құрметтеңдер ананы. Ананың орны лайым, пейіште болғай!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
ТАРАЗ