Аймақтар • 14 Қараша, 2019

Маңғыстауда қант диабетіне шалдыққандар саны артқан

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қаңтар-қазан айларында қант диабетімен облыс бойынша диспансерлік есепте 9668 науқас тұрған. Бұл туралы медициналық сақтандыру қоры Маңғыстау филиалы хабарлады.

Маңғыстауда қант диабетіне шалдыққандар саны артқан

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының облыстық филиалы көрсеткен дерек бойынша, биыл Маңғыстауда 10 айда 9668 науқас есепке тұрған. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жоғары. Былтыр алғашқы 10 айда есепте тұрған науқастардың саны – 7116 болған еді, деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалының бөлім басшысы Айгүл Дәден.

Оқырмандарға қант диабеті ауруы жас талғамайтынын еске салғымыз келеді. Дегенмен, қарт адамдарда көбірек кездеседі. Себебі, ағзаны қоректендіретін қан тамырларының, әсіресе, ұйқы безіне келетін тамыр­лардың қан жүргізу қабілетінің азаюынан туындайды. Көздің көру қабілеті жоғалуының басым пайызы қант диабеті салдарынан болады. Қандағы қант деңгейін реттемесе науқас кетоацидоз, диабетик табаны, жүрек, аяқ ауруына ұшырап,аяқ-қолынан, жанарынан айырылады.

2018 жылдан бастап қазақстандық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, енгізілген жаңа стандарттар балалардың зиянды тағамдарды пайдалануын шектемек. Министр жұртшылықты орын алған кемшіліктер жайында Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне хабарлауға шақырды.

Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.

Айта кетейік, жыл сайын 14 қараша әлемде дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні аталып өтеді.