Осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың төрағалығымен өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері жөніндегі жергілікті штабтың отырысында жан-жақты талқыланды. Халық үшін маңызы зор мәселені арқау еткен жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов арнайы қатысып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу елімізде қалай жүріп жатқанын, бұған медициналық нысандардың, дәрігерлердің және тұрғындардың дайындығы қандай екендігін және олардың не істеу қажеттігін, нені білу керектігін тәптіштеп айтып, түсіндіріп берді.
«Әр өңірде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» филиалдары бар. Қорға ай сайын төлем жасаған жағдайда кез келген тұрғын кеңейтілген медициналық көмек алады. Медициналық сақтандыру жоспарлы стационарлық емдеумен және дәрі-дәрмекпен ғана шектелмейді, осы жүйе арқылы жоғары сападағы медициналық қызметтерді, оңалту жәрдемдерін, консультациялық-диагностикалық көмек пен медбикелік күтімге де қол жеткізуге болады» дейді ол.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру еліміздің әр тұрғыны үшін маңызды болғандықтан халықтың барлық топтарын, яғни еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қамтуы тиіс. «Әр тұрғын өзінің статусын egov.kz. порталы арқылы тексере алады. Бұл үшін өзінің ЖСН нөмірін теру қажет, сол кезде «Жұмысы бар», «Әлеуметтік төлем алушы», «18 жасқа дейінгі балалар», «Өзін өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген» деген хабарламаның бірі келеді.
Егер сізге «Статусыңыз анықталмады» деген хабарлама келсе, бұл сіздің жүйеге тіркелмегендігіңізді көрсетеді. Сондықтан тездетіп тіркелу қажет. Егер сіз жұмыссыз болсаңыз, Халыққа қызмет көрсету, Жұмыспен қамту орталықтарына немесе әкімдіктерге хабарласу керек. Ал өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат болсаңыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүйесі арқылы төлеуге болады. Қор сонымен қатар «Saqtandyrý» деп аталатын арнайы плагин әзірледі. Осы плагинге ЖСН енгізу арқылы да тұрғындар статустарын анықтай алады. Өңірдегі барлық медициналық мекемелер өз сайттарына осы плагинді орналастырып қойса деген тілегіміз бар» деген Марат Шоранов 2020 жылы еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі тұрғындарды медициналық көмекпен қамту деңгейі 95 пайыз болады деп болжанып отырғанын жеткізді.
Ал Шығыс Қазақстанда дәл қазіргі уақытта өңір тұрғындарының 86 пайызы (1 373,5 мың адам) шартты түрде сақтандырылыпты. Ал қалған 14 пайыз немесе 191,3 мың адам әлі де өкінішке қарай бұл жүйеден тыс қалып келеді. Бұл 191 мыңның ішінде жалданып жұмыс істейтін, шет- елге барып-келіп жүретін адамдар да, жеке шаруа қожалықтары бар кісілер де, үйде бала күтімімен отырған немесе аяғы ауыр әйелдер де, студенттер де, өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар да бар. «Бұл ретте біз бірінші кезекте облыстың қолдауына сүйенеміз. Барлық қалалар мен аудандардың әкімдері орталық ауруханалардың бас дәрігерлеріне қолдау білдіргені жөн. Өңірдің барлық тұрғындары жаңа жүйеден тыс қалмауы, міндетті түрде қатысулары тиіс» деді М.Шоранов.
Жоғарыда атап өткен 191 мыңның 44 мыңы – өзін өзі жұмыспен қамтып отырған және тіркелмеген жұмыссыз адамдар. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне аз уақыт қалды. Осы бағыттағы жұмыстарды ширату қажет. Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы және облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты мамандары әлі де тіркелмеген 44 мың адаммен дұрыстап жұмыс істеуі керек. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор» деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жиынды қорытындылаған сөзінде.
ӨСКЕМЕН